Uncategorized Басты жаңалықтар

«Түрмеге түспейтіндер» мен Төле биді елге танытқан қаламгер

«—Бiз Отан алдындағы парызымызды өтеп жүрмiз.

—Басқаның Отанын жаулап ал деп сендердi өлiмге жұмсайтын қандай Отан ол? Нағыз отаншыл болсаң өз Отаныңды қорға, басқаның Отанын жаулама. Өз үйiңдi, апа, қарындасыңды қорға. Мұнда, өзiңе жат елде кiмдi қорғап жүрсiң?

Камилдин үндей алмай қалып, сөзге басқа бiр ауғандық араласты»

Бұл Шойбек Орынбайдың «О дүниеден соғылған телефон» атты әңгімесінен үзінді. Қайсібір шығармасын алып қарасаңыз да оқырманды бірден баурап ала жөнеледі. Шым-шытырман оқиғалардың ізімен желіп отырып шығарманың өң бойына еркін еніп кетесіз. Жазушының шеберлігі де осында болса керек.

Сенбесеңіз, «Қымбат дәріні» оқыңызшы. «Ашудан Бекданның көз алды тұманданып, қаны қарайды. Сақтағанның жалпақ, майлы безерген бетінен басқаны көрмегендей оған шүйіліп қарады. Ананың жылусыз жымсық көздері жылтырап, әлдене деп түсініксіз мыңқылдайды. Тап бүйтіп адам баласын жек көрмес. «Мынау ет пен сүйектен жаралған, жүрегі дүрс-дүрс соққан адам ба, әлде, пенде кейпіндегі хайуан ба?» Ол жағын ойлап, саралап жатуға мұршасы келмеді. Жұдырығы тастай түйіліп, жалпақ бетті нысанаға алып, құлаштай ұрып қалды. Темірдей қатты, қолтоқпақтай күшті жұдырық сарт ете қалғанда фельдшердің былқылдақ денесі ағаш еденге гүрс етті…»

Ал, 2003 жылы «Түрмеге түспейтіндер» атты детективті романынан мерзімді баспасөзде үзінділер жариялана бастағанда әдебиет сүйер қауым түгілі былайғы қарапайым жұртшылық арасында әжептеуір толқу орын алды. Бірі «мына роман кім туралы?» деп оқыған сайын жан-жағына үрке қараса, енді бірі кейіпкерді тани түсіп, романның соңына жеткенше оқиғаның қалай өрбитінін аңдыды. Бәрінен де қызығы осы шығарма жариялана бастағанда авторға «сен мен туралы қайдан білесің? Мына жазып жатқаның менің өмірім ғой…» дегендер де болды. Себебі Шойбек Орынбай романның желісіне өзек етіп өмірде болған оқиғаларды алған-ды.

 «Романға қажет деректер менде бұрыннан болды. Кейіннен де жинадым. Нәтижесінде, сасяси-криминалды детектив туды. Бұл дүниеге оқырмандар қызыққан себебі – ондағы кейіпкерлерді сырттан алған жоқпын. Көпшілігінің прототиптері бар» дейді автор романның жазылу тарихы туралы сыр шерткенде.

Ұзақ жылдар газет-журналдарда қызмет атқарған Шойбек Орынбай соның ішінде заң тақырыбына көп қалам тартқан журналист. Газет беттерінде сот залынан түрлі очерктер жазып, құқықтық сауаттылық, заң үстемдігі, әділдік турасындағы мақалаларымен оқырманға танымал болған тілші. Енді міне «Түрмеге түспейтіндерге» журналистің деректер қоржынындағы дәйектер дайын негіз болып тұр. Неге пайдаланбасқа?! Автор бұл жөнінде былай дейді:

–Әрине, жиған-терген деректерім бойынша қылмыс әр жерде жасалған. Бір-біріне қатысы жоқ болуы да мүмкін. Десе де, мен әдеби шығармада соларды тұтастыра отырып, бір-бірімен байланысты дүние жасадым. Өйткені, қоғам қылмысы – біртұтас дәрежеде жүруі тиіс деп ойладым. Шындығында да, екі жерде болған қылмыс бір-бірімен байланысты болуы мүмкін. Себебі, қылмысқа араласқан адам екінші қылмысқа да араласады.1990 жылдары Парламентте отырған көптеген депутаттар мен министрлердің қылмысқа қатысы да болды. Криминалды құбылыс мемлекеттік дәрежеде жүрді. Олар мемлекеттік бағдарламаларды өз ыңғайларына қарай икемдеді. Яғни, бағдарламада кеткен кемшіліктерді өз мүддесіне ұтымды пайдаланды.  Әрине соңғы жылдары заң талаптары күшейтіліп, Мемлекет басшысы тарапынан жасалып жатқан қатаң бақылау мұндай дәрежедегі қымысты азайытып-ақ жатыр. Десе де, бұрынырақта жасалған қылмыс іздерінің табы әлі де бар. Олар әлі толық кете қоймады. Себебі, қолдарында ақша бар, қолдарында өнеркәсіптік монополия бар, шетелде бізге қарсы ұйымдастырылған диверсиялық топтары – саясаткерлері бар,- дейді Шойбек Орынбай.

«Түрмеге түспейтіндерде» осының бәрі де айтылады.

Шойбек ағаның қайсібір шығармасын алып оқысаңыз да жоғарыда айтып өткендей әңгіменің ішіне еніп кету оп-оңай. Шытырман оқиға ентігіп келген оқырманды елітіп ала жөнеледі. Киноға бергісіз сюжеттер. Прозадағы шеберлік. Бәлкім содан да болар Шойбек Орынбай кезінде Кемел Тоқаев атындағы әдеби сыйлықтың ең алғашқы иегері болғаны. Иә-иә, қазақ әдебиетінде детектив жанрында шоқтығы биік Кемел Тоқаев атындағы сыйлық осы жанрды жандандырып жүргендерге берілетін елеулі марапат. Оны алғандар да санаулы-ақ. Себеебі, детектив жанрына екінің бірі бара бермейді. «Кенже қалған жанр» деп кертартпалар айтады. Әйтпесе, бұл жанрға қалам тербеу – шын шебердің қолынан келетін іс. Екінің бірі жаза бермейтіні де содан деп топшылаймыз өзіміз. Ал біздің кейіпкеріміз Шойбек Орынбай осы жанрда әңгіме ғана емес саяси- криминалды роман жазған жан. Романның желісімен көп сериалы кино түсіруге болады-ақ. Әрине, ізденген, нартәуекел еткен режиссер болса.

Кино демекші, талантты адам жан-жақты келетіні әу бастан дәлелденген дүние. Біздікі тек соның негізсіз еместігіне мысал келтіру. Шойбек аға Орынбайдың драматургияда да қолтаңбасы бар. Көзі тірісінде қазақтың классик жазушысы атанған Мархабат Байғұт ағамызбен бірлесіп жазған «Қарлығаш әулие –Төлеби» пьесасы Ж.Шанин атындағы академиялық театр сахнасында бірнеше рет қойылды. Сахналанған сайын қалын көрермен жинайтын қойылым. Ал осыдан  бес жыл бұрын телеэкранға Шойбек Орынбайдың Төле би бабамыз туралы «Қайғы заман немесе Төле бидің тағыдыры» роман-диологиясының желісі бойынша түсірілген «Төле би» атты 10 сериялы телехикая шықты. Оған есімі киноөнерде әлемдік аренадан айтылатын белгілі тұлға, кинорежисссер Сатыбалды Нарымбетов көркемдік жетекші ретінде атсалысты.

Тарихи туындының таныстырылымы киелі Түркістанда өткен-ді. Тұсаукесер көрсетілімде белгілі қаламгер, түркі жұртының әдебиетін түгендеп жүрген ғалым азамат Мәлік Отарбаев былай деп еді:

–Түркістанда руханиятын асқақтату саласында көптеген жұмыстар қолға алынды. Солардың бірі – Төле би бабамыз туралы түсірілген телехикая. Бұл фильм заманауи талаптарға толық жауап береді. Туындыны көрген жастар одан тағылымды ой түйеді, тарихымызға қызыға түседі.

Төле би бабамыздың жас күненен бастап бүкіл саналы өмірін бейнелейтін картинада  ұлт тарихында ізі қалған талай тұлғаның образы бар.

Төлеби дегеннен еске түседі, Шойбек аға қазақ тарихында орны ерек бидің болмасына, өміріне бала жастан бойлай білген азамат. Коммунистік партияның «дін-апиын» деген заңы үстемдік құрып тұрған заманда ділінен, дінінен ажырамаған қаймана қазақ жасырынып болса да жаратушы Алласына жалбарынып, мінәжат сұраған. Сондай қазақтың бірі Шойбек ағаның әкесі еді. Бала болса да әкесінің «базарға барып келемін» деп Ташкентке сапарлап барып, сондағы ірі мешіттердің біріне барып намазға жығылып, құран оқып қайтатын әкесіне көбіне Шойбек те ілескен.

–Базар-ошарымыз Ташкентте болатын. Сондай сапарда әкем мені ылғи Төлеби бабамыздың кесененсіне қалдырып кететін. Өзі әудем жердегі мешітке намазға баратын. Ол келгенше мен Төлеби бабамыздың кесененсін тамашалап отыратынмын. Ішінде қарлығаштар өте көп болды. Кіріп шығып жүрген айыр құйырықты, шырылдаған құстың дауысынан құлақ тұнатын. Бала болсам да «бұл кімнің кесенесі?» деген сұраққа сондағы шырақшыдан, келушілерден сұрап жауап іздеуге тырысатынмын,- дейді Шойбек Орынбай.

Қаламына шабыт берген бабалар рухы. Шойбек Орынбай Төлеби бабамызға арнап романы арқылы ескерткіш қойған қаламгер.

1953 жылы Өзбекстанның Тойтөбе ауылында туып, Қазақстанның Сарыағаш ауданы «Социализм» ауылында өскен, Шойбек Орынбай бүгінде 70 жасқа толып отыр.

Өткен аптада Шымкенттегі  әл-Фараби атындағы ғылыми-көпшіілік кітапханасында қаламгердің мерейтойына орай алқалы жиын өтті. Кітапхана директоры, белгілі ақын Анар Жаппарқұлова бастаған кітапханашылар көзі-қарақты оқырманның басын қосқан әдеби-сазды кеш ұйымдастырыпты.

Қарауылбек Қазиев атындағы, Кемел Тоқаев атындағы әдеби сыйлықтардың, Құрмет» орденінің, бірнеше медальдардың иегері, «2001 жылдың үздік жазушысы» атағын, Сарыағаш ауданының Құрметті азаматы Шойбек Орынбайдың шығармашылығына арналған кешті белгілі драматург-жазушы Сая Қасымбек жүргізді.

ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітіріп, еңбек жолын Көкшетау облыстық газетінде бастаған қарымды қаламгердің сол бір жастық жалын атқан жылдарына куә азаматтар сонау Көкше төрінен арнайы келіп Шымкенттегі кездасуге қатысуы әдемі әсер сыйлады.

Әр жылдары Сарыағаш аудандық газетінде, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде, «Жібек жолы» журналында жемісті қызмет атқарған Шойбек Орынбай өзі де бірқатар жекеменшік газеттердің құрылтайшысы бола жүріп ақпарат айдынында жаңалықтың жаршысы да болған жан. Ал, республикалық бас басылым  «Егемен Қазақстан» газетін Шерхан Мұртаза басқарып тұрған шақта Түркістан облысындағы меншікті тілшісі болған Шойбек Орынбай елдік мәселелерді көтере білген журналист ретінде оқырманға кеңінен танымал болды. Жалпы мерзімді басылымда еңбек ете жүріп әдебиеттен ажырап қалмай, әңгіме, романдар жазу кез-келген шығармашыл адамға бұйыра бермейтін бақ. Уақытты жоғалту, қажыр-қайратыңды сарқып алатын күнделікті редакциялық тапсырмалар әдебиет айдынында еркін жүзуге мүмкіндік бермейтіні жасырын емес. Бұл орайда Шойбек Орынбай қиындыққа мойымаған жан.  Шытырман хикаятты «Қателік», «Кішкентай Зияш», «Түсініксіз дау», «Мінез» әңгімелері,  «Әміршінің әлегі» атты повесі, «Өмір деген осындай», «Тозаңды терезе», «Саңырау құлақ», «Қайғы заман немесе Төле би тағдыры» роман-дилогиясы бәрі де Шойбек аға түрлі басылымдарда тілші бола жүрген жылдары жазылған дүние. Тіпті кейбірін облыстық әкімдікте жауапты қызметте жүргенде жазған. Қым-қуыт тіршілік, жауапты міндет жүктеген шаруа көп уақыттың өзінде де прозаға қалам тартып отырған. Бұл болмыстың әдебиетке деген ерек махаббатын, ардың ісіне деген жауапкершілігін аңғартады.

Осыдан біршама уақыт бұрын бір топ қаламгерлер Сайрам ауданындағы Хан қорған ауылында болып, тарихи орынмен танысты. Сонда Шойбек ағай былай деді:

– Шығармашылығымды енді бастап жүргенімде детективке қалам тартамын деп ойлаған емеспін. Түрлі тақырыптағы әңгімелер жазатынмын. Төле бидің өмірін зерттей бастадым. Көкшетау  облыстық газетінде жұмыс істеп жүргенде қаланың мұрағаты Омск қаласының мұрағатымен тығыз байланыста болғандықтан, онда көптеген құнды, сирек кездесетін деректер кездеседі екен. Сонда жұмыс істейтін адамдардың көмегімен Төле би мен Абылай ханның байланысы жайлы деректерді таптым. Оның алдында қолда бар  мәліметтерімнің барлығын қосып, сол кездің өзінде Төле би туралы романымның алғашқы тарауларын жазуды бастап  қойған едім. 1984 жылы Сарыағаштағы аудандық газетте Төле би туралы романымның алғашқы бөлімдері жеке аңыздық әңгімелер ретінде жарияланды. Кейін 1986 жылы «Қазақстан әйелдері» журналында да «Тарих дастан» деген айдармен үзінділер жарық көрді. Ол әңгімеге Желтоқсан оқиғасынан  кейін ескілікті насихаттайтын шығарма деген  кінә тағылды. Маған ескерту де берілген.  Содан соң уақытша баспасөзге ұсынған жоқпын. Бірақ зерттеуді, жазуды тоқтатпадым. Айтайын дегенім, Төле биді жазып шығу үшін біраз жанрларға қалам тартуым керек секілді, әсіресе, аңыздарға ден қою қажет деген ой келді. Өйткені Төле бидің өмірінің бәрі аңыздармен тығыз байланысты. Осы мақсатпен  «Домалақ ана», «Қарақшы Қара Хайдар», «Сарыбалақ» деген аңыздарды жарыққа шығардым. Төле би шым-шытырық, қиын, жаугершілік, соғыс заманында өмір сүрді ғой. Яғни, сол заманның өзінде қазақ елінде, ауылдарында барымташылыққа, қарақшылыққа қатысты шытырман оқиғалар көп болған екен. Осындай деректерді зерттей жүріп, шытырман оқиғалар жазып қаламымды шыңдауға кірісіп кеттім, — деді Шойбек Орынбай.

Қуатты қалам иесінің әлі де өз оқырмандарына берері аз емес. Ал автордың шығармалары арқылы тарихқа, әдебиетке қызығушы оқырмандар күн санап артып келеді.


Жәмила Мамырәлі, журналист

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *