Шекарадағы жемқорлықты жоймай, жағдай түзелмейді
Биылғы оқу жылы басталысымен Маңғыстауда 400-ге жуық оқушы уланды. Бұл жұртшылықтың жағасын ұстатқан жағымсыз жәйт еді. Ал елде одан да басқа біз білмейтін қаншама денсаулыққа зиянды сусындар мен тәттілер, тағамдар тәнімізді тынбай улап жатыр. Бұл туралы ешқандай нақты мәлімет жоқ және ондай мәлімет жинаумен ешкім айналыспайды. Айналысқан жағдайда да тиісті мамандар нақтылыққа қол жеткізе алатынына күдік-күмән көп. Себебі шекарада қатаң бақылау жоқ, жемқорлық құрықталған деп ешкім сеніммен айта алмайды.
Мәжілістің бұрынғы депутаты Серік Әбдірахманов осыдан көп жыл бұрын: «Шекарадан өткен күріштің көлемі Қазақстанда бір ауданды ғана қамтуы керек. Бірақ еліміздің қай түкпіріндегі базарға барсаң да сатылымда Қытайдың күріші, сонда олар қалай келіп жатыр?» – деп дабыл қаққан болатын. Демек, бұл шекарамыздағы бақылаудың әлсіздігін білдірсе керек. Салдарынан жасырын жолдар арқылы немесе «бармақ басты, көз қыстымен» өткен қауіпті тауарлар қарнымызды уақытша қанағаттандырғанымен, денсаулығымызға үлкен зиян тигізіп жатқаны ащы ақиқат.
Жасыратыны жоқ, бүгінде демалып жүрген ауамыз да ластанған, таза емес. Сонда демалатынымыз лас ауа, ішкен-жегеніміз қытайлық сапасыз өнімдер. Неше түрлі химикаттар қосылған сусындарды айтпағанда, күнделікті тұрмыста қолданып отырған суымыздың өзі сапасыз. Ең тәтті, тұщы, таза деп айтылатын Шымкенттің өзінде құбыр суын жағдайы келгендер қымбат сүзгі орнатып, сол арқылы ішетін болған. Әйтпесе, бүйрекке тас жиналады. Ендеше, «ішкеніміз – ірің, жегеніміз – желім» болмағанда не қалды? Ұранымыз – дені сау ұрпақ қалыптастыру болғанымен, тірлігіміз — дімкәс ұрпақ қалыптастыруға себеп болуда.
Көкөніс пен жеміс-жидектердің бәрі дәрімен піседі. Қазір оларға арналған дәрі-дәрмектер, дәлірек айтқанда химикаттардың неше түрі сатылымдарда толып тұр. Біреуі бойын өсіреді, біреуі жемісін ұлғайтады, біреуі құрт түсірмейді. Осылай тізбектеліп кете береді. Мұның барлығы дәрумен емес, дәрі. Олар жеміс-жидек, көкөністер арқылы ағзамызға өтіп, тұла бойымызды улап жатыр. Салдарынан аурухана жағалап, емхана есігін тоздырған адамдар өте көп. Байқасаңыз, қазір қалада болсын, ауылдарда болсын қаптаған дәріхана. Олар күндіз-түні жұмыс істейді. Демек, елімізде дәріге деген сұраныс өте жоғары. Олай болмаған жағдайда дәріханалар кезегімен жабылып, қатары сиреп қалған болар еді. Жоқ, керісінше күннен-күнге көбею үстінде.
Шекарамыздан өтіп жатқан өнімдердің де арасында тазалығы талапқа сай келмейтіндері аз емес. Сөзіміз жалаң болмасын, бір нақты жағдайды айтайық. Жуырда ғаламторда Өзбекстаннан жеткізіліп жатқан сапасыз өнімдер жайында Ауыл шаруашылығы министрлігі мынадай мәлімдеме таратты: «Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясының инспекторлары Өзбекстаннан әкелінген шабдалы партиясынан карантиндік зиянкес – шығыс жеміс жемірін (Grapholita molesta Busck) анықтады. Орталық кедендік ресімдеу пунктінде карантиндік фитосанитарлық бақылау жүргізу кезінде салмағы 2,58 тонна жаңа піскен шабдалы партиясы тексерілді. Партия Өзбекстан Республикасы Ташкент облысының Янгиюль ауданынан автомобиль көлігімен жеткізілген болатын. Жеміс үлгілері іріктеліп, Ақтөбе аймақтық карантиндік зертханасына жіберілді», – делінген. Бұл анықталған бір ғана оқиға, ал шын мәнінде шекарамыздан қандай өнімдер қаншалықты көлемде өтіп жатқанын ешкім білмейді. Ал, шекарамыздан өткен өнім міндетті түрде жергілікті тұрғындармен тұтынылады.
Осы оқиғаға орай заңды бір сұрақ туындайды. Әлгі адам ағзасына зиян шабдалы Өзбекстаннан келген болса, онда оңтүстіктегі шекара бекетінің бірінен өткені анық. Ендеше, сонау Ақтөбеге жеткенге дейін, дәлірегі 2 мың шақырым жүріп өткенге дейін ол зиянды шабдалыны ешкім байқамаған ба? Әлде байқамаған сыңайт танытқан ба? Бұл құзырлы органдар тарапынан жіті тексеріліп, заңсыздыққа жол бергендер қатаң жауапқа тартылмаса, жемқорлық іс-әрекеттер алдағы уақытта да жалғасын таба береді. Шекарадағы жемқорлықты жоймай, ішкі жағдайымызды ретке келтіре алмасымыз анық.
Балқы БАЗАР.