Ит аулап, етін дәмханаға өткізіп келген адам қолға түсті. Бұл туралы Almaty-akshamy.kz. сайты жариялап отыр. Оқиға Ақмола облысында болған. Иттің етін сатып дәніккен ер адамды еріктілер қолға түсірген екен. Қылмыскерді полицияға тапсырған олар «иттің етін кафе, дәмханаларға өткізіпті. Ал оны қаншама адам білмей жеп жүрді. Ол ит ауру ма, сау ма кім біледі?!», — деп ашынады.
Ит аулаушы қаскөйді қолға түсіру оңай болмаған. Еріктілер алдымен иттің етін сатып алушы болып хабарласып, саудаласқан. Полиция анықтағанындай иттің етін сатушы тендер бойынша 18 аудан аумағынан бұралқы, қаңғыбас иттерді аулауға міндеттеме алған. Өзінің айтуынша, ауланған бір жарым тонна иттен 700 килограмм ет жонып алған екен. Оны көтере бағасына кафе, ресторан қожайындарына өткізуге машықтанып алыпты. Еріктілермен саудаласу барысында «етті мұқият пісіруді, себебі, еттің арасынан чип немесе оқ шығуы мүмкін» екенін де түсіндірген.
Ендігі жерде бұл адамнан ет қабылдап келген кафе, ресторандар да тексеріліп, қожайындарына жаза қолдану керек дейді, еріктілер. Сонда ғана арзан тауарды малданып, адамдарды харам азықпен тамақтандырып, табыс тауып келгендерге тыйым болмақ.