Қаратау — Шымкент қаласындағы жас, кезінде көрші аудандардан қалаға қосылған ауыл-аймағы басымдау аудандардың бірі. Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Мүлкемановтың айтуынша, 2024 жылдың І тоқсанында ауданда әсіресе инфрақұрылым жүйелерін дамыту, абаттандыру, жарықтандыру мен жолдарды жөндеу жұмыстарына басымдық берілген.
Инфрақұрылыммен қамтамасыз ету кезең-кезеңімен атқарылып, ауданды ауыз сумен қамту көрсеткіші 98 пайызға жеткен. 2023 жылы Сайрам, Қызылсу және Бозарық елді мекенінің жаңақұрылыс аумағында ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары басталған. Жұмыстар осы жылы аяқталады деп күтілуде. Бұл жұмыстар аяқталғанда ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрайтын болады.
Электр жарығымен қамту көрсеткіші 98 пайыз. 2023 жылы Бозарық саяжайының жаңақұрылыс аумағына электр жарығының құрылыс жұмыстары басталған. Қазіргі таңда аталған аумақта абоненттеу жұмыстары атқарылуда. Жұмыстар аяқталса, қамту көрсеткіші 100 пайызды құрайды. Тассай тұрғын алабы, Бозарық саяжайы жаңақұрылыс аумағын табиғи газбен қамту жұмыстарын 2024 жылдың III тоқсанына дейін аяқтау жоспарланған. Жоспарланған іс толықтай жүзеге асқанда табиғи газбен қамту көрсеткіші 98 пайызға жетеді.
2024 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында көп қабатты үй аумағында 5 аула мен 9 ашық спорт алаңшасын салу жоспарланған. 2025 жылдың соңына дейін көп қабатты үй аулаларын 100 пайыз абаттандыру жоспарланған. Сондай-ақ, 2024 жылға дейін аудан аумағындағы 266 көшені жарықтандыру жоспарланған. Аудан аумағында жалпы 45 көшеге асфальт төсеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
– Қаратау ауданы аумағында тұрғындардың сұранысы мен өтініштеріне сәйкес барлық жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Алдағы уақытта да ауданның бес жылдық даму жоспарына сәйкес ауқымды жұмыстар атқару жалғасатын болады, – дейді аудан әкімі Рахымберді Мүлкеманов.