Басты жаңалықтар Мәселе

Мұражай құлағалы тұр…

Қабырғаға тірелген ағаш қашанғы сүйеу болады?

Біздің бүгінгі айтпағымыз басқа. Сол күнгі кездесуден шыққанда сыртта тұрған бір кісі «музей мәселесі айтыла ма деп едім, ешкім қозғамады ғой. Ғимараттың қабырғасы құлап, бір күні сол жерде отырғандар үйінді астында қала ма деп уайымдаймын», деп қалды. Бұл біздің назарымызды бірден аударды. Құлағалы тұрған қандай мұражай ол? Дереу көруге асықтық. Бірнеше бөлмеге орналастырылған экспонаттармен танысып шығу көп уақытты қажет етпеді. Халқымыздың тарихына, салт-дәстүріне қатысты көптеген тарихи дүниелерді көруге болады екен.

Бір әттеген-айы, ішінде ұлтымыз үшін өте құнды дүниелер тұрған ғимараттың сырты адам шошырлық жағдайда. Дәлірегі, қабырғалары жарылып, құлағалы тұр. Онысын ағашпен тіреп қойыпты. Амалсыздан жасалған әрекет екені анық. Мұражай қызметкерлерін әр күні «бүгін әйтеуір үйінді астында қалып қоймай, отбасымызға аман-есен оралсақ болар еді» деген уайым мазалайды екен. Қабырғалары жарылып, едені сықырлап тұрған ғимарат ішінде жұмыс істеу, әрине, қорқынышты екені түсінікті.

Қызметкерлермен тілдескенімізде мұражайдағы көне экспонаттарды көруге келушілердің қатары аз емес екенін, тіпті, шетелдік қонақтардың да бар екенін білдік. Экскурсия жетекшісі Айнұр Аманбайқызының айтуынша, мұражайда 3982 экспонат қоры бар. Оларды тамашалау үшін айына шамамен 600-700 адам келеді. Оның ішінде оқушылар да, ересектер мен студенттер бар. «Жәдігерлердің бір бөлігіне орын таба алмағандықтан қорда бөлек сақатуға мәжбүрміз», — дейді Айнұр Аманбайқызы.

Әрине, бұл да маңызды мәселе, дегенмен, апатты ғимарат музей қызметкерлерімен қатар келушілерге де қауіп төндіреді емес пе?

Түркістан облысы бүгінде өңірге туристерді көптеп тартудың түрлі амалдарын жасап жатқаны белгілі. Ол нәтижесіз де емес. Алайда, аудандардағы осы секілді маңызды нысандар неге назардан тыс қалып қоюда? Сұрастырып білгеніміздей, бұл нысан Түркістан облыстық мәдениет басқармасына қарасты екен. Ендеше, басқарма басшылығы апатты жағдайдағы ғимаратқа қатысты неге қандай да бір шара көрмейді? Әлде міндетті түрде адам шығыны орын алуы керек пе? Ондай қайғыны күтудің қажеті қанша?

Мұражайды, ондағы экспонаттарды сақтаудың халықаралық ережелері бар екенін белгілі. Онда қандай талаптар айтылған? Ғаламтор арқылы білгеніміздей, музей заттарын кешенді сақтау кезіндегі стандартты ауа температурасы +18°С-тан +22°С-қа дейін (Қазақстанның нормативтік ережелері бойынша орташа есеппен +18°С немесе +20°С-тан аспайтын шекте) болуы тиіс. Сақтау қоймалары мен экспозиция залдарында жәдігерлердің бүлінбеуі үшін тұрақты микроклимат сақталуы маңызды. Маусымдық ауытқулар кезінде температураның қыста +16°С-қа дейін төмендеуіне, ал жазда +24°С-қа дейін көтерілуіне ғана рұқсат етіледі. Ал Қазығұрттағы музей арнайы бейімделген ғимаратта орналаспағандықтан және қабырғалары жарылғандықтан тиісті температураны сақтауға мүмкіндік болмайтыны анық.

Қазығұрттағы мұражай мұңын Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Бақытжан Садықовқа айттық. «Музейдің қазіргі жағдайын білемін. Өзім бірнеше рет барып көрдім. Алайда, мемлекеттік мекемелерді салуға мораторий жариялануына байланысты 2029 жылға дейін жаңа құрылыс салуға мүмкіндік жоқ. Бірақ жөндеуге келесі жылға қаржы қойып отырмыз», — деді басқарма басшысы.

Мұражай жөнінде жалпы мәлімет бере кетсек, 1999 жылы ауданның 70 жылдығы қарсаңында мәдениет сарайы жанынан ашылып, 2000 жылы 30 қазанда аудан әкімі Әли Бектаевтың қолдауымен аудандық музей болып құрылған. Бүгінде ол жерде 11 адам қызмет атқарады. Яғни, бұл 11 адамның өмірі күнделікті қауіптің ортасында тұр деген сөз. Өйткені, ағаш тірелген қабырға кез келген уақытта құлап кетуі мүмкін. Қабырғаның жарығы күн өткен сайын ұлғайып барады. Тосын жағдай мораторийдің аяқталуын күтпейді.

Мораторий деп жүргенде Қазығұрттағы қарапайым отбасылар қара жамылып қалмаса игі еді!

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *