Келесі жылдың жазында футболдан Әлемнің ХХІІІ чемпионаты өткізілетіні мәлім. Кезекті Әлем біріншілігінің бір ерекшелігі – ол Америка құрлығының үш елінде бірдей өтеді. Дүниежүзілік футбол тойы АҚШ-тың Нью-Йорк, Филадельфия, Бостон, Атланта, Майами, Хьюстон, Даллас, Лос-Анджелес, Сан-Франциско, Канзас-Сити, Сиэтл, Мексиканың Мехико, Гвадалахара, Монтеррей және Канаданың Торонто, Ванкувер қалаларында өтеді.
Аталған әлемдік футбол додасына Кариб теңізі аумағындағы кішкентай ғана Кюрасао мемлекетінің аяқдоп шеберлері де қатысатын болды. Кюрасао – Нидерланды корольдігінің құрамындағы өзін-өзі басқаратын мемлекеттік құрылым. Нидерландыға қарасты Антиль аралдарында орналасқан. Антиль аралдарынан тәуелсіздік алғанына өткен қазан айында 15 жыл толды. Жер көлемі – 444 шақырым ғана. Онда бүгінде 155 мыңдай адам тұрады. Міне, осындай кішкентай ел үлкен арман қуып футболдан Әлем чемпионатына қатысқалы отыр.
Кюрасао құрамасы – Солтүстік, Орталық Америка және Кариб теңізі бассейніндегі мемлекеттердің футбол конфедерациясының (CONCACAF) мүшесі.
Жалпы, алдағы футбол додасының ерекшеліктері баршылық. Соның бірі – оған алғаш рет Кюрасао, Кабо-Верде, Иордания және Өзбекстан құрамаларының қосылуы. Таяуда АҚШ-тың Вашингтон қаласында Әлем чемпионатына қатысатын командалар арасында жеребе өткізілді. Өзбекстан құрамасы К тобына түсті. Бұл топта азулы Португалия және Колумбия командалары бар. Сондай-ақ өзбек футболшылары Африканың мықты бір құрамасы – Конго командасымен де кездесуі мүмкін.
Қысқасы, алдағы, 2026-жылдың жазында өтетін Әлем чемпионаты өте қызықты болғалы тұр.
