Шымкентте алғашқы болып Қазақстанда баламасы жоқ өрт өндіру бекеттері іске қосылды. Құрамына өрт сөндіру, медицина және полиция қызметтері кіретін әмбебап кешендер қаланың «Елтай» және «Таскен» шағын аудандарында бой көтерді.

Әмбебап өрт сөндіру кешендерінің ашылу салтанатына Астанадан Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов арнайы келіп қатысты. Салтанатты іс-шараға сондай-ақ қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, азаматтық қорғау саласының ардагерлері, полиция департаменті мен денсаулық сақтау басқармасының және басқа да бірқатар басқармалардың өкілдері қатысты.
«Елтайда» өткізілген ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Төтенше жағдайлар министрі жедел қызметтердің тиімділігін арттыра түсетін мұндай әмбебап деполар салудың тікелей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске асырылып жатқанын атап өтті. Төтенше жағдайлар кезінде бұл деполардағы өрт сөндірушілер мен полиция және жедел жәрдем қызметкерлері бірлесе әрекет ететін болады. Оқиға орнына жету уақыты бұрынғыдан гөрі жылдамдайды. «Түрлі қызметтер бірлесе отырып әрекет ететін депо алғаш рет ашылып отыр. Бұл бастама бүкіл елімізге үлгі болады. Полиция, төтенше жағдайлар және медицина қызметкерлері бір қатарда әрекет ете отырып қауіп-қатерлерге қарсы біріге жұмыс істейді. Қызметтеріңізге сәттілік тілеймін», — деді Төтенше жағдайлар министрі.

Мерекелік іс-шара кезінде бірқатар құтқарушы қызметкерлер Алғыс хаттармен, грамоталармен, «Төтенше жағдайлар министрлігіне – 30 жыл» мерейтойлық төсбелгісімен марапатталды. Марапаттарға сондай-ақ қала әкімдігі мен басқармалардың бірқатар басшылары да ие болды.
«Елтай» (Қапал батыр көшесі) мен «Таскенде» («Жібек жолы» көшесі) орналасқан әмбебап модульдік кешендер «Аумақтарды дамыту жоспары» аясында салынған, заманауи талаптарға толықтай сәйкес келеді. Құрылыс жұмыстары 6 ай мерзімде аяқталған, жұмсалған қаржы толығымен қала бюджетінен бөлінген. Жалпы аумағы кең, қызметкерлер үшін бөлмелер, оқу орталығы, арнайы техника тұрағы бар.
Барлық қызмет түрлері бір жерде топтасқан мұндай әмбебап деполардың тұрғын саны жыл сайын көбейіп келе жатқан Шымкент үшін маңызы зор. Желтоқсан айының соңына дейін қалада тағы да осындай бір депо пайдалауға берілмек. Ал келесі жылы олардың қатарын тағы да алты осы типтес кешен толықтыратын болады.
Д. НҰРПЕЙІС.
