Қазақстандағы үшінші мегаполис мәртебесіне ие Шымкентте жүздеген көшелер бар. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері көптеген көшелердің аты өзгерді. Дегенмен бұл бағытта әлі де ретке келтіруді қажет ететін жайлар өте көп. Солардың бірқатары жөнінде айта кетейік.
Қалай жазылғаны дұрыс?
Қаланың қақ ортасындағы Ахмет Байтұрсынов көшесіндегі үйлерде Ұлт ұстазының аты-жөні әр тұста әрқалай жазылған. Бірінде бұрынғы «ов» жалғауымен тұрса, енді бірінде қазақша мәнерде «Байтұрсынұлы» деп өзгертіле бастапты. Кейбір үйде «ул. Байтурсынова» деп тұр. (Суреттерде). Мұндай ала-құла жазулар қашанға дейін тұрмақ? Бір ізге қашан түседі?



«Бір ізге қашан түседі» деп отырғанымыздың себебі – қалада басқасын былай қойғанда Алаш арыстары мен кеңестік кезең қайраткерлерінің атында көптеген көшелер бар, олардың аты-жөніндегі «ов», «ев», «ин» сияқты жалғаулар алынып тастала ма? Алынған күнде де қалай жазылғаны дұрыс болады? Жалғаумен бе, жалғаусыз ба? Олардың қатарында тегі атасының атымен жазылғандары да бар ғой. Енді Рысқұлов, Жандосов, Қожанов, Жұмабаев, Аймауытов, Жангелдин, тағы басқа да қайраткерлердің аты-жөндері қалай жазылғаны дұрыс болады?
Ә.Әлімбетов… Әлімбетова
Қалада Екінші Дүниежүзілік соғыста ерлігімен көзге түскен қазақ азаматтарының атында да көшелер бар. Мысалы, Абылай Әлімбетов. Кеңес Одағының Батыры. 1943 жылы, 22 жасында Днепр өзенінен өту кезіндегі ауыр шайқаста өшпес ерлік жасаған батыр. Соғыстан аман оралып, 1973 жылы дүние салған.

Осы батыр атамыздың атындағы көшенің кей үйлерінде де «Ә.Әлімбетов», «Әлімбетова» деген (cуретте) қате жазулардың тұрғанына ондаған жылдар болды.

Осы жазулар қашан түзетіледі?
Рылеев… Герцен…
Шымкентте ғасырға жуық мызғымай тұрған, бұл өңірге ешқандай да қатысы жоқ «аға ұлт» өкілдерінің атындағы көше атаулары да жетерлік. Мысалы, Рылеев атындағы көше. Кондратий Рылеев – ақын, осыдан тура екі ғасыр бұрын, 1825 жылы Ресейде болған әйгілі «Халықшылдар» көтерілісі жетекшілерінің бірі. Яғни «декабрист». Мүмкін кезінде көшеге есімі берілгені де дұрыс болған шығар, бір империяның құрамында болған соң ортақ тұлға саналған шығар. Дегенмен қазір заман басқа емес пе?
Қалада Толстой, Герцен, Циолковский және тағы басқа адамдар атында да көшелер баршылық. Дегенмен көшеге ат берер болсақ, өз тұлғаларымыз да жетіп-артылады емес пе?
Әлімхан атында неге көше жоқ?
Осыдан шығады, мысалы, бізде неге Әлімхан Ермеков атында көше жоқ? Біздіңше, Қазақстанның әрбір ірі қаласынан көшеге оның есімін беруге болады. Әйгілі «Алаш» партиясының мүшесі, Алашорда үкіметінің белді өкілдерінің бірі, Қазақстанның шекарасын бекітуге үлкен үлес қосқан азамат.
Алып Ресей империясында Ұлы Қазан төңкерісі орын алған 1917 жылдан кейін қазақ зиялыларының Алаш автономиясын құрғаны мәлім. Бірақ оны Кеңес өкіметі 1920 жылы құлатқан болатын. Ә.Ермеков – осы 1920 жылы Ресей құрамындағы Қазақ АКСР-і құрылғанда (1936 жылдан 1991 жылға дейін КСРО құрамындағы Қазақ КСР-і) оның шекарасын нақтылау үшін Ленинмен, Сталинмен болған келіссөздерде ерекше көзге түскен, елге еңбегі сіңген азамат. Ендеше үшінші мегаполистегі көшенің бірі Әлімхан Ермеков есімін иеленсе болмас па?
Бір тілде ғана жазылған
Кейбір сорақы көрінетін жайлар да бар. Мысалы, «Қайтпас-1» шағын ауданындағы Ә.Көмекбаев атындағы көше. Мұндағы үйлерге орнатылған тақтайшаларда көше атауы дұрыс жазылғанымен осы көшеге бұрылыстағы сілтеме көрсеткіште ол «улица Абдуманапа Комекбаева» деп «сайрап» тұр.
Бұл — қала тұрғындары мен қонақтары, шетелдік туристер көп баратын көрнекі аумақ. Дендросаябақ тұсынан қаланың әкімшілік-іскерлік орталығына қарай өтетін тұс. Олай болса, бұл қомақты сілтеме белгідегі жазу да қазақшаға көшірілгені жөн-ау.
Неге нөмірленбеген?
Қалада үйлері нөмірленбеген көшелер де бар. Мысалы, Т.Өтегенов көшесі. Бұл көшеден нөмірленген үй табу қиын. Тек «Т.Өтегенов көшесі» деп жазылған тақтайшалар ғана тұр.

Қажеттілік туып, бұл көшедегі қандай да бір мекен-жайды іздеген адамға оны тауып ала қою оңайға түспейді. Қаладағылар картамен тауып алар, ал ауылдан, өзге өңірден келгендердің іздегенін таппай әбіржитіні анық. Сонда бұл көшенің үйлері қашан нөмірленеді?
Елге еңбегі сіңгендер ескерілсе…
Шымкенттің аумағын кеңейту үшін қосылған ауылдарда, жаңадан бой көтерген шағын аудандарда да көше атауларын дұрыстап ойластыру керек сияқты. Кезіндегі кеңшіліктерді пайдаланып ойға келген атты қоя салған, атасының атын берген көшелер баршылық. Кей адамның кім болғанын, елге қандай еңбегі сіңгенін көпшілік жұрт біле бермейді.
Ал көшеге адам есімін берудің идеологиялық негізі болғаны жақсы. Оны біз қалада әлі күнге дейін мызғымай тұрған кеңестік кезең атауларынан-ақ аңғарамыз. Ендеше көшеге адам есімін берерде оның кеңінен танымалдығына мән беріп, қоғамға, мемлекетке, елге сіңірген еңбегін таразылап алған дұрыс-ау.
…Жалпы, Шымкентте 4 мыңға тарта көше бар, соның жартысы адам есімін иемденіп тұр десек болады. Осының бәрін лайықтап, дұрыстап, бір ізге түсіріп қойса жарасып-ақ кетер еді. Өкінішке қарай, бұл бағытта жылдар бойы жалғасқан ала-құла әркелкілік орын алып келеді.
Д. НҰРПЕЙІС.
