Биыл қаңтардың 1-інен бастап балаға төлқұжат алу үшін мемлекеттік қызметке тқленетін баж мөлшерінде өзгеріс бар. Бұған дейін балаларға төлқұжат алатын кезде ата-анасы 8 АЕК көрсеткіш мөлшерінде ақы төлеп келген болса, енді екі есе аз төлейді. Яғни төлқұжат дайындау үшін ата-аналар енді 14 768 теңге (4 АЕК) төлесе болғаны.
—Елімізде азаматтарға жеке куәлік 16 жастан бастап беріледі. Ал, төлқұжатты кез келген жаста алуға болады. Бұл құжатты рәсімдеу үшін міндетті түрде ХҚКО-ның қызметіне жүгіну қажет. Баланың төлқұжатын рәсімдеу кезінде оның туу туралы куәлігі, ата-анасының бірінің жеке куәлігі және баж салығын төлеу туралы түбіртек қажет болады, — дейді «Азаматтарға арналған үкіметтің» Шымкент қаласы бойынша филиалының PR-менеджері Алтынай Татаева.
Қызметтің бұл түріне өтініш білдіру үшін баланың ата-анасының бірінің ХҚКО-на келуі міндетті. Қызмет көрсетудің стандартты мерзімі – 15 жұмыс күні. Алайда, қосымша төлем жасау арқылы бұл процесті жеделдетуге болады. Шымкент тұрғындары жедел алу процесі арқылы төлқұжатты 1 немесе 3 күн ішінде ала алады.
Былтыр (2023 жылы) Шымкентте 23 мыңнан астам балақай төлқұжат алған.