Uncategorized Мәдениет және өнер

СӨЗ МАРЖАНЫ — ТЕРМЕДЕ

Шымкентте «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінде «Сөз маржаны – термеде» атты республикалық термешілер байқауы өтті. Мектеп директоры, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Біржан Байтуов бұл маңызды жобаны қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығымен серіктестікте бірлесіп өткізгендерін айтады. Республикалық байқаудың Шымкентте ұйымдастырылуының өзіндік себебі бар: терме дәстүрі Оңтүстікте кеңінен дамыған. Ендігі кезекте бұл өнерді жаңғыртып, ұрпаққа жалғастыру –мақсат.

–Байқаудың мақсаты – елге өзіміздің өңірден шыққан ақындардың шығармаларын насихаттау. Сондықтан біз қатысушыларға тек Оңтүстіктен шыққан шайырлардың, ақындардың шығармалары орындалуы керек деген талап қойдық. Жалпы, терме деген – насихат. Майлықожа, Құлыншақ, Қасқыр ақын, Қайыпназар Әйтпенов, Молда Мұсаның термелерін қамтуға тырыстық. Байқауға Шымкент қаласының әкімдігі қолдау көрсетіп отыр, – деді Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының бөлім басшысы, мәдениет саласының үздігі, белгілі айтыскер ақын Н.Есенқұлов.

Байқауға Бекарыс Көштаев (Жамбыл облысы), Айнұр Қонысбаева (Астана қаласы), Ұлан Сәдуақас (Шымкент қаласы), Нұрмұхамед Байсүгіров (Қарағанды облысы), Дидар Басықараев (Тараз қаласы), Ералы Әлімбеков (Арыс қаласы), Әлия Пайызова (Ордабасы ауданы), Марат Сүгірбаев (Қызылорда облысы), Жасұлан Есімхан (Ақмола облысы), Есхат Нұрәли  (Жетісу облысы), Ернар Орынбасар (Алматы қаласы) және Есдәулет Келдебек (Ақтөбе облысы) сынды термешілер қатысып, өз өнерлерін көрсетті.

Ауыз әдебиетінің ғажайып мұрасы – терме адамға жақсы-жаманның ара жігін ашып көрсетеді. Содан да болар, «Жақсы бір адам қартайса…», «Адамның бір қызығы бала деген…», «Ата-ананың қадірі», «Насихат сөз», «Ал, бір мақал айтайын», «Жолдас бол тауып адамына», «Ақсұңқар жасар қияда», «Жігіттерге өсиет» сияқты термелер орындалғанда өнер мектебінің кең залына лық жиналған көрермен ұйып тыңдады.

Терме байқауын тамашалаушылар арасында жастар да, алдыңғы толқын өкілдері де көп болды. Бұл іс-шараға шымкенттік Шырынкүл Есқараева апа да достарымен бірге келген екен.

–Тамаша әсер алдым. Байқау өте жоғары деңгейде өтті. Терме –жастарға өсиет, тәлім-тәрбиеге тұнған керемет дүние! Осындай байқауларға шөлдеп қалған екенбіз. Ұйымдастырушыларға рахмет, осындай іс-шараларға әсіресе жастар көбірек қатысып тұрса екен, – дейді Шырынкүл Бақтыбайқызы.

Қазылар алқасының ұйғарымымен бұл байқаудың Бас жүлдесін (арнайы диплом мен 350 мың теңге) Ақмола облысынан келген термеші Жасұлан Есімхан иеленді. Жүлделі 1-орын (арнайы диплом мен 300 мың теңге) шымкенттік Ұлан Сәдуақасқа, 2-орын (арнайы диплом мен 250 мың теңге) Жетісу облысынан келген қатысушы Есхат Нұрәлиге, 3-орын (арнайы диплом мен 200 мың теңге) Ақтөбе облысынан келген Ердәулет Келдебекке бұйырды. Төрт термеші «Дәстүр дәріптеуші», «Өнерлі өрен», «Сарқылмас дарын», «Өнегелі ғибратшы» аталымдары бойынша марапатталды. Бұл сыйлықтар (арнайы диплом мен 150 мың теңге) тиісінше Марат Сүгірбаевқа, Нұрмұхамед Байсүгіровке, Бекарыс Көштаевқа және Ернар Орынбасарға табысталды. Ынталандыру сыйлықтарына (арнайы диплом мен 150 мың теңге) Дидар Басықараев, Ералы Әлімбеков, Әлия Пайызова және Айнұр Қонысбаева ие болды.

Д. ОРАЗ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *