Оларға қатаң шара көру керек
Kейінгі кездері әлеуметтік желі арқылы ұлт араздығын қоздыратын түрлі жағымсыз материалдар жиі жарияланатын болып жүр. Кейбіреулер мұны жоспарлы түрде, ал енді бірі өзгенің сөзіне еріп жасайтын сияқты.
«Жаудың басына шарап құйып ішкенбіз»…
Мысалы, өткен аптада Астанадағы жоғары оқу орнында бір бағдарлама бойынша оқып жүрген қырғыздың екі қызының «Ютюб»-тағы бір арна авторымен болған әңгімесі жарияланды. Бұл қыздар өздеріне қазақ халқы туралы қойылған сұрақтарға ұлт намысына тиетін сөздермен жауап берген. Әсіресе блогердің Кенесары хан туралы қойған сұрағына берген жауабы жұрттың ашу-ызасын тудырды. Олардың біреуі былай дейді: «Қырғыздар мен қазақтар бауырлас халық деп айтады ғой. Бірақ мен қазақтар кейінірек пайда болды деп ойлаймын. Тіліміз, дәстүріміз, салт-ғұрпымыз ұқсас. Бірақ, меніңше, көп нәрсе бізден оларға өткен. Қазақтар қырғыздарды ханның басын қайтармағаны үшін де кінәлаған. Ал оны неге қайтаруымыз керек? Біз дәстүріміз бойынша, жаудың басына шарап құйып ішкенбіз. Көшпелі халық болған соң жаудың басын қайтармауымыз керек деген түсінік болған…» Осындай сарындағы әңгімелер жалғаса берер ме еді, егер эфирге төтеннен қосылып, бұл әрекет үшін жазалануы мүмкін екенін есіне салған бір азаматтың әрекеті тоқтау салмағанда.
Қырғыздың жап-жас қыздарының жауабынан оларға өз елдерінде тарихты қалай оқытатыны аңғарылатындай. Мүмкін отбасында қазақ ұлтына байланысты жағымсыз жайлар айтылып, тәрбие солай берілген де шығар. Бұл енді мемлекеттік деңгейде сараланып, егер тарих осы сарында оқытылып жатса, тоқтатылуы тиіс. Жалған тарихпен тәрбиелеу жауыздық әрекетпен тең.
Арада көп өтпей әлгі қыздар эфирге шығып, қазақ халқынан кешірім сұрады. «Арандатты» деп өздерімен сұхбаттасқан блогерді кінәлағандай да болды. Тиісті орындар бұл қыздарға қандай шара қолданады, олар осылай кешірім сұраумен құтылып кете сала ма, әлде әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, жазалана ма – оны алдағы уақыт көрсетер. Бірақ болары болды, ортаға от түсті, қыздардың сөзіне шамданған жұрт әлеуметтік желіде әртүрлі пікір білдіріп жатыр. Халық арасында түрлі деңгейдегі адамдар бар, біреулер ұстамдылық танытса, енді біреулер «сәлеміне қарай жауабы» түрінде өзге ұлтты кемсітетін сөздерін айтып қалып жатыр.
Негізі кейінгі жылдары қырғыз ағайын арасында да кейбір жандарға «ұлылық» дерті жұға бастағандай. Оған Ресейдің бір тарихшысының қырғыздың арғы-бергі тарихын қозғап жазған еңбектері де дем беріп отырған сияқты. Кейде әлеуметтік желіге кейбір қырғыз азаматтары да шығып, «өздерінің қазақтан бұрын пайда болғанын» айтып жататыны да бар. Осындайды көріп, тыңдап өскен кей жастар арыға бармай, мәселеге тек ұлтшылдық тұрғыдан ғана қарайтын сияқты.
Егер көпшілік, әсіресе жастар жағы кім-көрінгеннің осындай азғырып-арандатуына ере берер болса, оның соңы қайда апарады? «Қырғыз-қазақ бір туған» деп жүрген,
өзімізбен бауырлас санайтын ұлтпен арада бет көріспестей жаулық туындамай ма? Біз ондайдың үлкен бір мысалын қазір Шығыс Еуропада бір-бірімен аянбай соғысып жатқан екі бауырлас елдің мысалынан көріп жүрміз ғой. Оларда да өзін «ұлы ұлт» сезініп, көкірегі аяққаптай болып жүргендер көп. Тіл мәселесіне келгенде де бітіспес келіспеушілік бар, олар да жаппай төбелесті алғашында осындай ұсақ көрінген мәселелер бойынша «айтыстан» бастаған болатын.
Әдейі жүргізіліп жатқан құйтырқылық па?
Біз бүгінде көп нәрсеге тереңдеп мән бермейміз. «Ит үреді, керуен көшеді» деп қоя саламыз. Біреулер әлеуметтік желі арқылы ұлтымызды кемсітіп, ауыр сөздер айтады да, соңынан «жаздым-жаңылдым», «мас едім», «ашу үстінде аңғармай қалыппын» деген сияқты қашыртпа сөздермен кешірім сұрап, құтылып кете салады. Кейбіріне қомақты айыппұл салынып, кейбірі абақтыға қамалғанын да жоққа шығармаймыз. Бірақ олар бірен-сараны ғана. Соларға қарап отырып санаға «арамызда айтарын ішіне бүгіп жүрген осындай қанша адам бар екен» деген жайсыз ойдың келетіні де рас.
Мысалы, таяуда әлеуметтік желіде бір блогердің орыс ұлтының екі жас өкілімен сұхбаты жарияланды. Блогер әлгілерге Қазақстан туралы, қазақтар мен қазақ тілі жайында ашық арандатушылық сұрақтар қояды. Екінші жақ та әңгіме ауанын қазақ ұлтын, оның тілін, туын қорлайтын ауыр да былапыт сөздермен былғай түседі. Ақырында блогер олардың аты-жөні, мекен-жайларын сұрап алып: «Енді мықты болыңдар, көп ұзамай қазақтар үйлеріңе барып сөйлеседі», — деп аяқтайды. Сөйтіп бұл түсірілімді әлеуметтік желіге жүктейді.
Ал осыны көрген жұрттың реакциясы қандай болады? Базбіреулердің айызы қанған шығар, ал көпшілік жұрттың ашу-ызасы туындап, әлгі адамдардың өздеріне ғана емес, олар өкілі боп табылатын ұлтқа деген жеккөру сезімі туындап, асқына түсері анық. Сонда мұны ұйымдастырған блогердің мақсаты не? Ішімізде өзінің «уақыт-сағатын күтіп жүргендердің көп екенін» көрсету ме, жанашырлық па, әлде жаулық па, шағыстыру ма? Осындайдан соң ұрыс-жанжал, төбелес немесе одан да ауыр жайлар туындап жатса не болмақ? Мүмкін ішкі, мүмкін сыртқы қандай да бір күштерге біздің жері байтақ, табиғи байлығы мол елдің тыныш, бейбіт заманда дамып келе жатқаны ұнамайтын сияқты.
Іштен шыққан жау жаман
Таяуда ұлтымыздың намысына тиіп, «ұлт араздығын қоздырды» деп айыпталған бір-екі қазақ азаматына тиісті жаза қолданылды. Сол кезде оларды қорғаушылар да әлеуметтік желіде үн қатып жатты. Таңқаларлығы – олар да қазақтар. Өздері қатты құрметтейтін өзге ұлттың тілінде жазбалар таратты. Мемлекетті, жүргізіліп жатқан саясатты сынады, тіпті «қысым көрсетіліп жатыр» деп ашықтан-ашық жала жапты. Өздерінше талдау жасап, жұртты «жауапқа тартудың астарында саяси мән бар» деп сендіруге тырысты.
Осындай өзге ұлттың тілі ғана емес, бар болмысы сүйегіне дейін сіңіп кеткендерге қарап та елдің ертеңін уайымдайсың. Осындайда аталарымыздың «Іштен шыққан жау жаман» деген сөзі еске оралады. Бетін аулақ етсін, егер елді қамтыған қандай да бір жайсыз жағдай орын алар болса, ондайлар кімнің сөзін сөйлейді, кімнің жыртысын жыртпақ?
Дініміз қырық құрақ…
Бүгінде әлеуметтік желі арқылы бір-бірімен дінге байланысты айтысып жүргендердің де қарасы көбейіп отыр. Жұрт бір-бірін арабқұл, орысқұл, …, тағы да басқа «құл» атап, бітпейтін айтыста жүр. Мұның басы қайдан шықты?
Тәуелсіздік алғаннан кейін көптеген жастар дін оқуын Мысыр, Сауд Арабиясы, Пәкстан, Түркия сияқты шет елдерден оқып келді. Әрқайсысы әрқалай білім алды, түрлі ағымдардың жолын ұстанды. Оның нәтижесін біз бүгінде анық көріп отырмыз. Мұндай әркелкілік тіпті «Алланың үйі» аталатын мешіттегі жұма намазында да аңғарылып қалып жатады. Шетелде оқып, діни білім алған, сөзге шешен кейбіреулер жастардың миын улап, түрлі ағымдардың жетегіне алып кетті. Ел арасында соқыр сенімге еніп алып, ұлт дәстүрін, ұлттық құндылық атаулыны тәрк етіп жүрген, тіпті өз туысын, ата-анасын тыңдамайтын «жамағат» пайда болды. Кейбір діндарлар өзінің тілі мен жағына сүйеніп, діннен хабарсыз адамдарды адастырды, өзіне табындырып алды. Қысқасы, дінді былықтырып, адамдарды асыл дініміз – Исламнан жеріндіретіндер көбейді. Кейбір дүмшелер жаттағанын, естігенін айтам деп те өзінің анық көзі жетпейтін жайларды сөз етіп, жұрттың дінге күле қарауына себеп болды. Қарапайым жұрт уахабшы, сәлаф, гүленші, сүлейменші, зікірші, сопы, жамағатшы, құраншы деген сияқты қаптап кеткен ағымдағылардың қайсысыныкі дұрыс екенін білмей басы қатты. «Бабалар дініне қайтайық» деп тәңіршілер шықты. Христиан дінін ана тілінде уағыздап жүрген қазақтар да бар. Діндегі осынша бейберекеттіктің соңы қайда апарады?
Рас, бізде заңмен бекітілген діни сенім бостандығы бар. Қай дінді ұстанам десең де өз еркің. Бірақ сол дінді ұстанатын адам өз жайын ғана біліп, өзгені үгіттемей, азғырмай тыныш жүрсе дейсің. Дін әсіресе саяси күшке айналып кетсе қиын болмай ма? Оны біз көптеген өзге елдер тарихынан, бүгінгі жайынан естіп те, жаңалықтар арқылы көріп те жүрміз ғой. Сыртқы күштердің дінаралық келіспеушіліктерді де бір ел ішіндегі саяси жағдайды ушықтыру үшін шебер пайдаланғанын да құлағымыз шалып қалады. Ой жіберіп қараңызшы, бүгінде, мысалы, әлеуметтік желіде бір аты әйгілі діндардың шын бет-бейнесі ашылып, соған байланысты оны әшкерелеушілер мен жақтаушылар арасында айтыс жүріп жатыр. Құдай сақтап, еліміз бейбіт, тыныш замандамыз ғой, егер басқаша жағдай болса бұл адамдар бір-бірімен қалай айтысқан болар еді… Осыны ойлаудың өзі қорқынышты.
Ендеше осындай ұлттар мен діндер арасында алауыздық тудырып, арандатушыларды дер кезінде анықтап, тиісті жазасын беру керек қой. Жұртты көрер көзге арандатып, бір-біріне айдап салатындарды тез арада анықтау керек, аямау керек. Егер ол мұны шетелде отырып істеген болса, сол елге халықаралық деңгейде хабарласып, кінәліні жауапқа тартуын талап ету керек. Еріккен әркім отырып алып ортамызға от сала берсе, оларға тыйым болмаса, күндердің күнінде алапат жалын пайда болмай ма?
Сондайдан сақтанайық! «Сақтансаң, сақтаймын» деген…
Д. НҰРПЕЙІС.
