Бүгінгі қазақ қоғамы тамырына құрт түскендей күйде. Ол «құрттың» аты — тәкаппарлық, пайдакүнемдік және суық есеп. Ғасырлар бойы «Ағайын елің – айнаң», «Үлкенге құрмет — кішіге ізет» деп өскен ұлттың бүгінгі сиқын көріп, шошынасың. Заман нарыққа көшті деп санамызды да саудаға салып жібердік. Туыстық қарым-қатынас, бауырға деген мейірім қазір банктегі есеп-шот пен лауазымды «креслоның» көлемімен өлшенетін деңгейге жетті.
Қазір ақшасыз адым аттамайтын, тек есеппен ғана жүретін ағайын көбейді. «Осы туысымнан маған не пайда бар? Лауазымы қандай, маған көмегі тие ме?» – деп бауырдың қадірін безбенге тартатын соқыр сана пайда болды. Пайдасы тиетін, қалталы туыстың алдында құрдай жорғалап, ал қарапайым, адал тірлік кешіп жүрген жақынын жаттай көру — бүгінгінің «сәніне» айналды. Ең сорақысы, кеше ғана мұрны ағып жүрген кішінің бүгін шен-шекпен киіп, қызметі өссе, өзін әулеттің пайғамбарындай сезінеді. Кеше ғана көшеде ойнап жүрген бала ширек ғасыр өмір көрген, мaңдайында әжімі бар, өмірдің ыстық-суығын басынан өткерген үлкенге ақыл айтып, данышпансып шыға келеді. Тіпті, соңғы кездері көпшіліктің, ел-жұрттың көзінше үлкенге қарап шіреніп, мінез көрсететін, дауыс көтеріп, беттен алатын туыстар шықты. Баяғының қазағы үлкеннің алдын кесіп өтпейтін еді, бүгінгінің «көкірегі ояу, көзі ашықсымақтары» көптің алдында ағасы мен әпкесін жерге қаратып, өзінің «мықтылығын» дәлелдегісі келеді. Себебі не? Себебі — оның қалтасында ақшасы, астында «креслосы» бар.
Тағы бір өкініштісі — осындай «данышпан» жастардың көбі маңдайын сәждеге қойып тұрып туған бауырына иілмейтін, мешітке барып тұрып үйіндегі үлкенге мінез көрсететін мінез тапты. Мұндай «намазхандарға» шариғаттың үкімі қандай? Ислам діні тек құлшылықтан ғана тұрмайды, оның тең жартысы — көркем мінез бен туыстық қатынас. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үлкенімізді құрметтемеген және кішімізге мейірімділік танытпаған бізден емес» деп анық айтқан. Ал туыстық байланысты үзген, үлкеннің көңіліне қаяу түсірген адамның құлшылығы қабыл ма? Хадисте: «Туыстық қарым-қатынасты үзген адам жәннатқа кірмейді» делінген. Дін — үлкенге дауыс көтеріп шірену емес, дін — кішіпейілділік. Үлкеннің алдында өз біліміңмен мақтану — жүректегі иманның емес, іштегі шайтанның астамшылығы. Шариғат мұндай мінезді лағынеттейді.
Қуаныштың қадірін қашырғанымыз былай тұрсын, өмір бар жерде өлім бар, қайғыда да қасиетімізден айырылып барамыз. Осы бүгінгі ағайын-туыс өлім шыққан үйге барады да, мәйітті жерлеп, топырақ салып келген соң келесі жеті күндік немесе қырық күндік асына дейін жым-жырт, хабарсыз болып кетеді. Қайғыдан қабырғасы қайысқан, жақынынан айырылып, шаңырағы ортасына түскен үй иелері сол үлкен үйде состиып, жалғыз қалады. Ал бұрынғы қазақтың туыстығы қандай еді? Жақын туыстар, бауырлар қаралы үйдің қайғысын бөлісу үшін кем дегенде жеті күндік асына дейін сол шаңырақта бірге жатып, отын жағып, шайын қайнатып, қасіретті бірге көтеретін. Қазір ше? Мәйітті шығарды ма — болды, міндетінен құтылғандай бәрі жан-жаққа тарайды. Жетісіне дейін сол үйдің халі қалай, тамақ ішіп отыр ма, есін жиды ма — ешкімнің шаруасы жоқ. Бұл — бауырмалдықтың өлгені, бұл — туыстың тек тірісінде ғана емес, өлісінде де қадірсіз болғаны.
Ал енді той-томалақ пен қуанышқа шақыру мәдениетімізді айтайықшы. Бұрын қазақ туысын қуанышына шақыру үшін арнайы іздеп барып, ат мінгізіп, шапан жауып, «төрдің көркі болыңыз» деп қолқа салатын. Қазір ше? Тойға бір күн қалғанда, иә болмаса WhatsApp-тағы мың адам отырған ортақ топқа «Тойға келіңіздер, тізімге жазылыңыздар» деп сілтей салады. Бұл — шақыру емес, бұл — садақа тастағандай құрметсіздік таныту. Қала берді, «Шақырмаса өкпелейді, келсе маған не береді?» деген суық есеп. Туысты шын сағынып, қуанышын бөлісу үшін емес, «тойдың шығынын жауып, конверт әкелсін» деген пиғыл алға шықты. Ағайынды ортақ чатқа сілтей салатындар өздерін өте қарбалас, «уақыты алтын» адамдар санайды. Ей, тоғышар! Егер сенің туысыңа арнайы хабарласып, үйіне баруға уақытың болмаса, сенің ол жиған дүниең мен шеніңнің, тіпті сыртқы діндарлығыңның көк тиындық та құны жоқ!
Нарықтық заман адамды емес, адам заманды бұзады. Біз нарықты немесе уақытты сылтау етіп, өз ішіміздегі эгоизм мен менмендікті ақтап алғымыз келеді. Туысын жат көрген, көптің көзінше үлкенін сыйламаған, өлімде де, тойда да туысын тек пайда мен есептің көзі деп білген қоғамның болашағы бұлыңғыр.
Есіңді жи, ағайын-туыс! Бүгін сен қызметің мен ақшаңа сеніп, көптің алдында үлкенге мінез көрсетіп ақыл айтсаң, ертең сенің балаң сені қартайғанда керексіз бұйымдай далаға тастайды. Бүгін сен туысыңды тек есеппен ғана сыйлап, топқа тастап немқұрайлы шақырсаң, ертең сенің жаназаңа да ешкім шынайы жылап келмейді. Рухани азғындықтан оянатын кез жетті. Ақша қолдың кірі, мансап — бүгін бар, ертең жоқ. Ал үлкеннің батасы, шариғаттың шынайы әдебі мен туыстың шынайы мейірімі — мәңгілік құндылық.
Балтабай ДҮЙСЕН,
Шымкент қаласы.
