Газетіміздің өткен санында жарияланған «Сот залындағы суицид» атты мақалада ордабасылық Хасен Ерімбетов есімді азаматтың судья өзін (суретте) 5 күнге қамауға алу туралы қаулы шығарғаннан кейін сот залында өз-өзіне пышақ жарақатын салып, ауруханаға жеткізілгені жайында жазылған болатын. Оның қасына күндіз-түні полициядан күзет қойылып, терезені темір тормен тұмшалап, аяғына «сақина құрсау» салынып, сырттан адамдардың келіп-кетуіне рұқсат етілмей жатқанын оқырманға жеткізгенбіз.
Бұл мәселе бойынша Х.Ерімбетовтің інісі және баласының өтінішімен журналистік зерттеу жүргізіп, аудандық соттың, полиция мен прокуратураның есігін қаққанбыз. Ондағы жауапты мамандармен тілдесіп, мәселенің мән-жайын біліп, ақиқатты анықтауға тырысқанбыз. Осы әрекетіміз себеп болса керек, сол күні-ақ
Х.Ерімбетовты қарауылдап тұрған күзетші кері шақыртылып, аяғындағы «сақина-құрсау» алынып тасталған-ды.
Араға екі күн салып Хасен мырза қайта хабарласып, қуанышты жаңалығымен бөлісті. «Кеше аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары келіп кетті, – деді аурухана төсегінде жатқан Х.Ерімбетов. – Мені 5 күндік қамау жазасына шығарған қаулыға апелляциялық шағым түсірдік. Апелляциялық алқа бірінші сатылы сот қаулысының күшін жойды. Одан бөлек, аудандық сот жыл басында мені жұмыстан шығару туралы директор шығарған бұйрықтың да күшін жойды. Енді мен өз жұмысыма, яғни директордың орынбасары қызметіме қайта кірісемін.
7 айға созылған сот процесі, содан кейінгі келеңсіз жағдайлар жүйкеге біршама салмақ салғандықтан аздап демалғым келеді. Бірақ шындық үшін күресті тоқтатуға болмайды. Қорғаушым Жаңабек Әбішевпен бірге директорды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы сотқа шағым түсіргенбіз, ол қаралу үстінде. Әлі талай сот процесіне қатысамыз. Бір сөзбен айтқанда, екі сотта жеңдім деп арқаны кеңге салып, заңсыздықтарға жол беруге болмайды. Менің жанайқайымды назарға алып, ақиқатқа қол жеткізуде батылдық танытып, шындық үшін ештеңеден тайсалмаған «Өзге пікір» газетінің ұжымына айтар алғысым шексіз».
Әрине, әділдіктің салтанат құру жолында кәсіби міндетімізді атқарудан тартынбақ емеспіз. Ал, сол әрекетімізден нәтиже шығып, бір адамды болса да құқының тапталуынан арашалап алып жатсақ, негізгі мақсатымыздың орындалғаны деп білеміз. Бұл біздің журналистік борышымыз.
Ұ. Тәмен.
