Мәселе

Шардарада ауыл арасында неге автобус жүрмейді?

Ауыл мен қаланың өмір сүру сапасындағы айырмашылықты азайту Үкіметтің басым бағыттарының бірі. Әрине, осы бағыт аясында атқарылған шаруа аз емес, дегенмен әттегенайлар да жоқ емес. Әсіресе, транспорт, тасымал саласында ақсап жатқан тұстар жетерлік.

Шүкір дейік, қазір ауылдарда да жекенің меншігіндегі көліктер көп. Дегенмен, қоғамдық көлікті пайдаланушылар да аз емес. Қалада бұл мәселе шешімін тапқанымен, ауылдағы ахуал басқаша. Мәселен, менің жұмысым аудан орталығы Шардарамен байланысты болғандықтан, күн сайын екі араны жол етуге тура келеді. Жасыратыны жоқ, соңғы кезде қиындықтар көбейіп жатыр. Айталық, Байырқұм-Жетісай бағытындағы автобус жолай біздің Қызылқұмға да соғады. Одан бөлек Достық-Шардара бағытындағы шағын автобус та жүретін. Біздің ауыл үлкен жолдан алыс болмаса да көбінше жолаушы тасымал көліктері Қызылқұмға кірмей кетіп қалады. Сұрастырып білгеніміздей, автобус жүргізушілері «жолаушылардың барлығын жергілікті таксилер әкетіп қалады» деп ауылға ат басын бұрғысы келмейді екен. Ал, дүйсенбіден бастап мүлдем келмейтін болыпты.

Бұл жайт жолақы бағасына айтарлықтай әсер етті. Мәселен, бұрын Қызылқұмнан Шардараға дейін автобуспен 500 теңгемен, асығыс болсақ таксимен 1000 теңгеге жетіп алатынбыз. Автобус жүрмейтін болғасын таксилер бағаны бірден 1500 теңгеге көтеріп қойды. Жолақының көтерілуіне «қаласа да, қаламаса да мінуге мәжбүр» деген пиғыл себеп болғанын аңғару қиын емес. Сонда жолаушы тасымалымен айналысатын компания мен такси жүргізушілердің іс-әрекетіне бақылау жоқ па? Олар ойларына келгенін істей беру керек пе? Қарапайым халықтың жағдайын кім ойлайды?

Осы мәселе жайлы аудан әкіміндегі бірнеше адамға айтқанымда «таксистер де бала-шаға асырау керек қой» дегенді алға тартады. Иә, оған таласымыз жоқ, бірақ, бала-шаға нәпақасы деп жолаушылардың қалтасын қағу керек па? Егер заң талабына сүйенер болсақ, ауылдағы такси жүргізушілердің ешқайсысы жеке кәсіпкер ретінде салық органдарында тіркелмеген. Демек, заңсыз табыс тауып отыр. Онысымен қоймай халықты қанауға көшті. Бұл мәселені аудан әкімінің орыныбасары Нұрмахан Сапаровқа да айттым. «Рейд жасап, заңыз жолаушы тасымалдап жүргендерге айыппұл салу керек» деген тоқтамға келгенбіз, бірақ ол әлі орындалған жоқ. Такси жүргізушілер де табыс тауып отырған азамат ретінде салық төлеуі тиіс, заңға бағынбай ма, жұмысты да қойсын. Тұрғындарға автобус тиімді.

Қанат Бегалиев,

Қызылқұм ауылы, Шардара ауданы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *