Әлеуметтік желі бақылаудан шықты. Кімнің не салып, оның қоғамға қаншалықты пайда-зияны тиіп жатқанын елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ. Ғаламтор ғаламат қоқыс алаңына айналды. Тіпті, мемлекеттен миллиардтаған қаржы алатын орталық телеарналардың өздері көп уақытын жеңіл-желпі әзілдерге, атыс-шабысқа, зорлық-зомбылыққа толы, өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін шетелдік өнімдермен толтырып жатады. Отандық өнімдердің өзі бұрынғыдай мөлдіреп емес, боқтық сөзі аралас, арсыздау дүниеге айналып барады. Оны мемлекет неге қатаң бақылауға алмайтыны түсініксіз. Осындай ойсыз дүниелерді көрген жастар қандай тәрбие алады? Еліміздің тұтастай идеология саласы ақсап жатқанын осыдан-ақ аңғаруға болады.
Ес кіріп, етек-жеңін жаңа жиған жасөспірім көгілдір экраннан көргенін өз өмірінде қайталамайды деп кім айта алады? Олар үшін төбелесу, әлімжеттік жасау, зорлық-зомбылық көрсету, тіпті адам өлтіру әдеттегі әрекеттің біріне айналып бара жатқаны жалған емес. Соның салдарынан суицид те көбейіп барады. Қолымызда бар мәліметке жүгінер болсақ, 2023 жылы Түркістан облысында өз-өзіне қол жұмсаудың 647 фактісі тіркеліпті. Олардың дені өткір затпен өз тамырын кесу, жарақаттау, жіпке асылу, биіктен секіру, дәрілік және химиялық заттармен улану секілді әрекеттерге барған. Бұлар ресми тіркелгендері, ал тіркелмей қалғандары қаншама? Ең сорақысы суицидке барғандардың 97-сі 17 жасқа дейінгі бозбалалар.
Осы тұста алаңдатарлық тағы бір маңызды жайт бар. Аталған 647 адамның 390-ы, яғни тең жартысынан көбі дәрілік және химиялық заттармен уланғандар. Бұл дәрінің бейберекет сатылатындығының салдары болса керек. Ал аудан-қалалар бойынша талдар болсақ, Сайрам ауданы мен Түркістан қаласы оқ бойы озық тұр. Бұл екі өңірде өткен жылы 107 суицид оқиғасы тіркелген. Сондай-ақ, Сарыағаш пен Жетісай аудандары алғашқы төрттікті түйіндейді. Ал жыл бойы бірде бір өз-өзіне қол жұмсау фактісі тіркелмеген Сауран ауданында атқарылған жұмыстар қалай мақтасада лайықты. Шардара (13), Созақ (9), Отырар (4) аудандары бұл қаралы тізімнің соңғы жағынан орын алған екен.
Жалпы алғанда бір жылда облыс бойынша мұншама көп адамның өз-өзіне қол жұмсауы қасірет және бұл мамандар тарапынан терең ойлануды, нақты жоба-жоспар құруды қажет ететін мәселе. Әрине, бұған ата-ананы немесе мұғалімдерді кінәлап, біржақты көзқарас қалыптастыруға болмайды. Ашық әлеуметтік желі, жүгенсіз «көк жәшік» тұрғанда оны қолданушыларды қалқалай алмасымыз анық. Сол үшін идеологияны күшейтіп, психолог мамандардың санына ғана емес сапасына да айрықша мән беріп, жұмысын жүйелеген жөн. Ал бұған жеке адамдар ғана емес, ең бірінші мемлекет, тұтастай қоғам атсалысуы қажет.
Иә, саналы ұрпақ тәрбиелегіміз келсе әлеуметтік желімізді түзететін заман анық туып тұр.
Н.БЕКМҰРАТОВА.