Мәселе

Жүлдемді алып тұрып ала алмай қалған кезім көп

Біздің сұхбат

Нұрлан ЕСЕНҚҰЛОВ, айтыскер ақын, Мәдениет саласының үздігі: «Арманым Шымкентке «Алтын домбыраны» ап келу»

–Нұрлан, күнтізбелік жаңа жылды жақсы көңіл күймен қарсы алып отырмыз. Өткен жылға өкпе жоқ сияқты. Өзің де бірқатар табыстарға кеңеліп жатырсың. Әсіресе, Ташкенттің төрінде, халықаралық айтыстың көркін қыздырып, бас бәйгені қанжығаңа байлап қайттың. Құтты болсын!

– Иә, өткен жылға еш өкпем жоқ. 2023 жыл қазақтың саны 20 миллионға жеткенін бір-бірімізден сүйінші сұрап қуанған жыл болды. Айтыста 20 жыл жүріп бәйгедегі алғашқы темір тұлпарымды да былтыр міндім. Өзіңіз айтып отырғандай республикалық, халықаралық айтыстарда алғаш рет бас жүлдеге ие болдым.

Ташкентте өткен айтыс, қазақ тілінде шығатын бұрын «Замандас», қазір «Дидар» деп аталатын телебағдарламаның 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Оған Өзбекстаннан ғана емес Қырғыз, Қарақалпақстаннан да айтыскер ақындар қатысты. Қазақстаннан бір топ ақын бардық. Үлкен айтыс жәрмеңкесі болды.

Ал, «Мәдениет саласының үздігі» атағына келетін болсақ, бұл марапатқа мені «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық Одағы» ұсынған екен. Ұсынысты лайықты деп тапқандықтан Жаңа жыл мерекесі қарсаңында, жылды қорытындылауға арналған салтанатты жиында кеудеме осы атақтың төсбелгісін тақты. Осындай табыстармен қорытып отырғандықтан өткен жылға өкпем жоқ.  

Десе де, кей айтыстарда сенің өнеріңді дұрыс бағаламай, жүлдеден қағып қалған сәттер болған сияқты. Мысалы, Сайрам ауданында өткен айтыста өзіңе тиесілі жүлдені ала алмағаныңа ащынып әлеуметтік желіде пост жазғаның бар. Сол жазбаңда сен айтыс ақындарына баға беруде әлі де болса рушылдыққа, жершілдікке жол берілетінін айттың. Мұндай олқылық айтыста жиі кездесе ме? Жалпы, сен айтысқа қалай келдің?

–Кейде, былайғы жұрт операны «сахна өнерінің шыңы» деп жатады. Меніңше, қазақ үшін өнердің биік шыңы айтыс өнері дер едім. Осы биік өнерге келуді бала күнімнен армандадым. Теледидардың алдын бермей ақындар айтысын жібермей тамашалайтынмын. Кей айтыстарды жаттап та алатынмын. Домбыра тартып, терме орындап жүрген талабыма қарап, әкем «осы баладан бір нәрсе шығады» десе керек, мені 7 сыныпта оқып жүргенімде Арыс қаласына, Қарсыбай Ақтаев атамызға алып барды. Өздеріңізге белгілі Қарсыбай атамыз Майлықожаның термелерін насихаттап жүрген азамат. Әкем сол кісінің батасын алайық деп ниеттенді. Талабымды қолдаған атамыз батасын беріп, «бұл баланың тұсауын өзі қатарлы балалар арасында өтетін айтыста кессек қалай болады?» деп ұсыныс тастады. Сол кезде мектеп оқушылары арасында айтыстан облыстық бәйге өткелі жатыр екен. Соған Арыс қаласының атынан мені қатыстыруды жөн санады. Осылайша мен облыстық оқушылар сарайында өткен додаға қосылдым да кеттім. Әрине, ол кезде жүлдегер бола алмадым. Дегенмен, айтысқа деген қызығушылығым артпаса төмендеген жоқ.

2000 жылы елімізде Мәдениетті қолдау жылы болып жарияланды емес пе?! Сол жылы Шымкентте облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен «Өнер» мектебі ашылып, ақын Сәбит Әбдіхалықов сол мектепке айтыс ақындарын дайындайтын арнайы класс ашып жатқаны туралы теледидардан естідік. Менің арманым да осы емес пе?! Айтыс өнерінің қыр-сырын меңгерсем деген талаппен осы мектепте оқып бітірдім. Айтыс деген ауылға менің келуім осылай болды.

Ал шын таланттың лайықты бағасын бермеу, бұрмалау айтыста ғана емес өнердің барлық саласында кездеседі деп ойлаймын. Спортыңызда да солай… Сондықтан бұл таңқаларлық нәрсе емес. Лайықты жүлдесін ала алмағаны үшін, бұрмалаушылыққа кіжінген күйі өнерден кетіп қалғандар да бар. Менің де бәйгені алып тұрған жерімнен ала алмай қалған кезім көп. Солай екен деп айтысты тастап кете алмаймын. Қанша бұрмаласа да әр істің бір қайыры бар. «Алла сабыр берсін» деп сабырлықпен осы күнге жетіп келе жатырмын. Былтырғы алған жүлделерім соның дәелелі деп ойлаймын.

Сайрам ауданындағы айтыста болған бұрмалаушылықты өздеріңіз де көріп, білгендеріңіздей, бас бәйгеге лайықты болып тұрған жерімнен өнеріме қиянат жасады. Ең бастысы ол айтыста қазылар алқасы дұрыс шешім шығарды. Залдағы көрермен де кімнің кім екенін анық көріп, біліп отырды. Екі тарап та «бас бәйге Нұрланда» деп тұрса да аудан әкімінің орынбасары мен мәдениет бөлімінің басшысы «бізге әкімнің берген тапсырмасы бар. Бас бәйгені Біржан Байтуов алуы керек» деп табандап тұрып алды. Мұндай тапсырманы сол кездегі аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков берді ме, бермеді ме ол жағы беймәлім. Бірақ, оның орынбасары мен сол кездегі мәдениет бөлімінің басшысы көпе-көрнеу жүлдені Біржанға берді. Осы бұрмалаушылыққа ренжіп, әлеуметтік желіде өзімнің Сайрам ауданындағы басшыларға деген өкпемді ашық жазғаным рас.

Бірақ, бұл «біз Біржан екеуміз содан бері бір-бірімізге алакөзбіз» деген сөз емес. Керісінше, бауырмыз, доспыз. Себебі, жүлдені осылай бөліп беру «сценарийінен» Біржан мүлдем бейхабар болған. Бұл сол жергілікті жердегі айтысты ұйымдастырушылардың аудан басшысына жағыну әрекетінен туындауы да мүмкін жағдай. «Әкімнің жерлес ақын інісіне берсек жақсы көрінерміз» дегені болар, кім білсін…

Сондықтан да, сөз басында айтқанымдай, өнердің биік шыңы саналатын айтыста рушылдыққа, жершілдікке салынуға болмайды. Қазылар алқасын тағайындаған соң барлық билікті сол кісілерге беру керек. Олар айтысты ұйымдастырушылардан, әкімдердің ықпалынан азат, өз көзқарасы, пікірі бар, өнерді шын түсінетін, айтысқа жанашыр азаматтар болуы керек. Сонда өнер былғанбайды. Өнерпазға опасыздық жасалмайды.

–Бүгінгі айтыста өзің кімнің өнерін жоғары бағалайсың?

–Бекарыс Шойбеков ағамыздың өнеріне тәнтімін. Тәушен апамыздың, Көпбай атамыздың көзін көрген, жастай сол толқынның қатарында айтыста бақ сынаған Бекарыс ағамыз мықты. Аманжол Әлтаев, Оразалы Досбосынов, Мұхамеджан Тазабеков, Мэлс Қосымбаевтармен де тізе қосып, үзеңгілес, талай додада шашасына шаң жұқтырмай шауып шыққан Бекарыс ағамызды шын жүйрік демеске лажыңыз жоқ. Қазіргі толқын Мұхтар Ниязов, Еркебұлан Қайназаров, Ринат Зайтов сынды жігіт ағасы атанған толқынмен де жыр қағыстырып, айтыстың алдын бермей келе жатуы шын жүйрік емей немене?!

Жалпы, айтыста өзінің деңгейін сақтап келе жатқан Бекарыс ағамыздай мықтылардың қатарына Айбек Қалиев ағамызды да жатқызар едім.

–Айтыс әр дәуірде өз дүлділін тудырды. Өз заманының мықтысына деген халықтың сүйіспеншілігі де, қошеметі де ерек. Айтыс тарихына бойласақ сондай дүлділдердің өзіндік мақамы қалыптасқанын аңғарамыз. Оларды ел өзіне ғана тән сол мақамымен де танып жатады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы айтыстарда шындықты айтып шырылдаған Шынболат Ділдебаев, әзілімен әдемі әсер сыйлайтын Әзімбек Жанқұлиев, тауып айтатын, от ауызды, орақ тілді Оразалы Досбосыновтардың мақамын, сөз саптауын айтысқұмар қауым әлі де ұмыта қойған жоқ.

Өзің бел ортасында жүрген бүгінгі айтыстарда өзіндік мақамы ерек кімді атар едің?

–Қазақ айтысының қаранары Жүрсін Ерман ағамыз о баста тележоба ретінде бастап, қолға алған айтыс өнері расында да 80-90-шы жылдары дүрілдегені, жаңғырғаны, одан бұрынғы айтыстардан жаңара түскені рас. Облысаралық ақындар айтысы дүркіреп өтетін-ді. Бала болсақ та соның бәрін теледидардан көріп өстік. Түре айтыс, қайым айтыс, жұмбақ айтыс, қыз бен жігіт айтысы, әзіл айтыс деп жіліктеп, түр-түрге бөліне отырып ақындар өз өнерін шыңдай түсетін. Сан түрлі сүрлеуден шашасына шаң жұқтырмай сарапталып шыққан шын жүйріктер де аз болмады. Көпбай Омаров, Тәушен Әбуова, Әселхан Қалыбекова, Мұқтар Құралов, Әбдікерім Манапов, Әсия Беркенова, Қонысбай Әбілов, Есенқұл Жақыпбеков, Надежда Лушникова секілді аға, апаларымыздың жарқырай көрінген кезі еді бұл. Бұдан кейінгі толқын да – Аманжол Әлтаев, Бекарыс Шойбеков, Бекжан Әшірбаев, Айнұр Тұрсынбаева, Оразалы Бекбосынов, Мұхамеджан Тазабеков, Балғынбек Имашев айтыста өз мақамын, қолтаңбасын қалыптастырғаны анық.

Расында да «кейінгі толқында жаңа мақам жоқ. Бұрынғыларды қайталау» дейтін сынды біз де жиі естиміз. Бірақ, бұл бүгінгі айтыстың дүлдүлдерінің деңгейі төмен дегенді білдірмейді. Керісінше, өлеңнің өрнегі, қарсыласты орынды уәжбен қыспаққа алу, әзілді орынды айту тұрғысынан айтыста қазір жүргендердің деңгейі өте жоғары. Сахнада елдің мұңын ашық айту, қарсыласқа қатысты өңір, аймақтың кемшілігін сын етіп көтеру үшін іздену керек. Міне сол ізденіс тұрғысынан қазіргі ақындардың ой-өресі, деңгейі, сөз саптауы жоғары. Содан да болар қазір айтыс дамып кетті, деңгейі биіктеп, ілгерілеп кетті дер едім. 80-90 жылдардағы айтыстан әлдеқайда түрленіп, дамып жатыр.
Есіңізде болса бұрындары көрермен сахнаға шыққан ақынның ә дегеннен «Армысыздар, ағайын! Әруақтарға сыйынып алдарыңызға кеп тұрмын…» деген сөзсаптауының өзіне-ақ дүркіреп қол соғатын. Қазіргі көрерменге мәнді ой айтпасаң, көкейдегісін тап баспасаң сені қолдап, қошеметтей салуы қиын. Айтысқа қатысатын ақындарға да қойылатын талап өте жоғары. Мысалы, былтыр өткен «Алтын домбыра» айтысында  әр ақынға жеке-жеке тақырып берілді. Сол тақырыпты арқау ете отырып елдің көкейіндегісін қозғау керек болды.  

–«Ақын-жазушылар, әсіресе, айтыс ақындары қоғамның кемшілігіне қарсы күресте алдыңғы шептен табылуы керек» деп жатамыз. Бұл әрекет көбіне билікке ұнамайтыны рас. Олай болса, айтыста көтерілген мәселеден, сыннан қорытынды шығарыла ма? Айтылған кемшілік жойылып, реттелген мысалдар бар ма?

–«Қолға кісен салынса да тілге кісен салынбас» немесе «Бас кеспек болғанмен, тіл кеспек жоқ» дейді қазақ. Ақындар – дала демократтары. Бұрын да би, сұлтандар ақындардың уәжіне құлақ түріп, сынына мойынсұнған. Қазір де солай. Халық пен биліктің арасындағы алтын көпірге айналған айтыс ақындарының айтқан сынын елеп жатқандар көп. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Естуші Үкімет» бағдарламасы бұл орайда сеп болып тұр. Оның үстіне айтыс ақындарының ішінен Аманжол Әлтаев, Ринат Зайтов сынды азаматтардың Парламент төрінен табылуы да жақсы болды. Елдің мұңын мұңдап жүр. Ақынның аузынан шыққан сөз билікке жетіп жатыр.

Мысалы, естеріңізде болса Таразда өткен алқалы айтыста Біржан Байтуов көне қаланың кіреберіс қақпасында жазылған жазуды сынға алды.

«Құлақ түрсе Тараздың саналы елі.

Қалаңның қақпасында тұрған жазу,

Сан ойға жетеледі жаңа мені.

«Мөлдір көздің қарасын, Тек Тараздан табасың»

дегенді көз шалар еді.

Қыз іздесең Таразға кел дегендей,

 Көңілге күдікті ойды салар еді» деп жырлады. «Қазақ қызын жарнамаламаған» дей келе, Тараздың қыздарын жарнамалап тұрғандай ерсі әсер қалдыратын сол жазбаның орынсыз екенін ашық айтты. Біржанның бұл сынын облыс әкімі дұрыс қабылдап, ақынның қолын алып, сыннан қорытынды шығаратынын айтыстың үстінде көпшілікке уәде етті. Уәде орындалды да.

–Иә, есімде. Сен де бір айтыста «Батыс Еуропа –Батыс Қытай» автобанының бойындағы олқылықты айттып едің…

–«Асыл домбыра» айтысында ғой. Автобанды ақылы еткені үшін көлік жүргізушілер тарапынан наразылық туындап, жолды жапқаны бар. Жолдың сапасыздығы, ойқыш-ұйқыш жері көп екені, төңіректегі елдің малы жол бойына шығып кетіп көлік апатына түрткі болатынын ел айтып жүрсе де билік мән бермей отырған-ды. Содан айтыста «Көкейдегі мәселені елеңіздер, тесік-тесік жолды жамап, екі жағын сыммен болса да бөгеңіздер. Жол ақысын төлесін десеңіздер, Жолға бөлген ақшаны жемеңіздер» дегенім бар

–Содан?

–Содан, билікке жеткені шығар, көп уақыт өтпей күре жолдың бойы, екі жиегінің біраз бөлігіне малдан қорған болар қоршау жасалып, тесіктері жамалып жөнделді ғой. Айтайын дегенім, ақындардың сынын билік естиді. Сондықтан да біз де тайсалмай сахнада елдің мұңын айтуға тырысамыз.

–Есімде, бір айтыста сен:

«Өзгеге «сүзбе беріп, құртын алған»,

Қазағым, кеңи ме екен керегеміз.

Тонна-тонна шетелге темір беріп,

Қолы ашық ел болып та көрінеміз.

Мына біздің темірден құрастырған,

Көлікті ап, қуанышқа кенелеміз.

Вагон-вагон мақтамыз Қытай асып,

Тоқыма өнерінен бөгелеміз.

Сол мақтадан тоқылған киімді алып,

Ерекше көңіл-күйге бөленеміз.

Төрт түліктің терісін сыртқа беріп,

Жалқаулықтың түйесін шөгереміз.

Шетелге сау баланы «сатамыз» да,

Орнына ауру сиыр әкелеміз» деп қоғамдағы қыжылды айтқаның бар.

–Біраз айтысымыздан хабардар екенсіз ғой…

Ендігі арманың не? Алдағы күнге нендей мақсат қойып отырсың?
–Жанкүйердің делебесін қоздыратын футбол ойыны мықты аяқдопшыларды іріктеп, елге танытады. Танымал футболшының бар арманы екінің біріне беріле бермейтін «Алтын допқа» ие болу. Сол жүлдені аңсайды. Сол сияқты менің де бар арманым Шымкентке «Алтын домбыраны» алып келсем деймін.

Сонымен бірге биыл, шығармашылық кеш өткізуді жоспарлап жүрмін. Қазіргі тыңдарман сөзі сұйық эстрадаға елітіп кетті. Көрерменді тәрбиелеу, олардың талғамын қалыптастыруға сахна өнерпазы ретінде біз де жауаптымыз. Сөзінің мәні бар, әні құлақтың құрышын қандыратын ән тыңдатуға атсалысуымыз керек. Шығармашылық кешімде оркестрмен халық әндерін шырқасам деймін. Термені насихаттау ойда бар. Кештің өң бойында айтыстың да болатыны кәдік. Елге танылған бірқатар әндерім бар. Өзім болмаса белгілі әншілердің орындауында сол әндерімді де тыңдарманға ұсыну ойымда.

Тамаша жоспар екен. Мақсатыңа жетуіңе тілектеспіз. Сұхбатыңа көп рақмет.
Сұхбаттасқан Жәмила ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *