Шымкент

Тариф мәселесі көтерілген сессия

         

Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өткен Шымкент қаласының сегізінші шақырылымдағы мәслихатының кезекті ХХI сессиясында бұл жолы қалалық қоғамдық көлікте жол жүру төлемақысы тарифіне келісім беру мәселесі қаралды. Тариф мәселесі талқыға салынған тұста халық қалаулылары тарапынан ұсыныстар айтылып, қазіргі таңда қоғамда жиі талқыланып жатқан ауыз су мәселесіне мән беру жағдайы да тілге тиек болды.

Қала әкімінің бастамасымен кезінде заңсыз жекешелендірілген бірқатар нысандар мемлекетке қайтарылып жатқаны белгілі. Олар туралы газетіміздің өткен нөмірлерінде айтқан болатынбыз. Мұны қолдап жатқан қала тұрғындары да көп. Ендігі мәселе ауыз сумен қамтамасыз етуші жекеменшік мекеменің де мемлекетке қайтарылуы жайы қызу талқыға түсіп жатқаны рас. Осыны көтерген депутаттар қаланы сумен жабдықтау және су бұру стратегиялық нысандарын мемлекет меншігіне қайтару мәселесін ортаға салды. Өз пікірлерін айтқан депутаттар стратегиялық нысанды мемлекет меншігіне қайтару — тарифтік шығындарды ұстау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік беретінін алға тартты.

Сессия барысында «2024-2026 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджеті туралы» мәслихат шешіміне өзгерістер енгізу, қала әкімдігінің жанындағы терроризмге қарсы комиссияның дербес құрамын бекіту және өзге де өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ Шымкент қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасын екіге бөліп, қайта құру шешімі қабылданды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *