Басты жаңалықтар Біле жүріңіз

Жеті қазынаның бірі…

Қасиетті кітабымыз Құранда қазақ жеті қазынаның біріне балаған – ит туралы да айтылған. Оның атауы «Ағраф», «Кәһф», «Мәида» сүрелерінде, тиісінше, олардың 176-шы, 26-шы және 4-ші аяттарында кездеседі екен.

«Аулаған аңы – адал»

«Ағраф» сүресінде мал мен дүниеге берілген адамды тілін салақтатып, әрдайым дәметіп тұратын итке ұқсатады. Яғни материалдық игілік пен уақытша құмарлыққа ессіз берілген адам өзінің рухани өмірін, сөзі мен әрекетінің салдарын ескермейтінін, тек соқыр түйсікпен, жануар сияқты өмір сүретінін меңзейді. Ақыретін ойламайтын, өмірде өзіне берілген нығметтерді бағаламайтын адамның қаншалықты төмендейтінін ескертіп, көрсетеді. Ал «Кәһф» сүресіндегі аятта діни сенімдері үшін қудалаудан қашып, үңгірге паналаған бір топ жас жігіт туралы баяндалады. Олардың қасында ит те болыпты. Өзінің Аллаға деген сеніміне адал, табанды жас жігіттер үңгірде көп жылдар  болып, кейін керемет түрде оянады. «Мәида» сүресінде итпен ауланған аң мен құстың еті халал болатыны туралы айтылған. Дінде «…Азулы аңдар мен тырнақты құстардан өздерің үйреткендеріңмен аң аулау да халал. Олардың сендерге ұстап бергенін жеңдер. Тек, аңға саларда Алланың есімін атап тұрып қосыңдар. Құдайдан қорқыңдар. Тегінде, Алла есепке тез алады» делінеді.

Біздің қазақ итті жеті қазынаның біріне теңеген, «Жақсы ит – иесінің көз-құлағы» деп қастерлеген. Ал ғалымдар ит туралы нені біліп, анықтаған?

Аса қымбат ит, «миллионер» ит…

Адам итті қолға осыдан 15 мың жылдай бұрын үйретіпті. Оның қасқырмен атасы бір. Бертінде адамдар үй, нысан күзетуге, мал бағып, қорғауға, аң аулауға арнап иттің түрлі тұқымдарын шығарған. Халықаралық кинологиялық қауымдастықтың есебінше, иттің бір-бірінен ерекшеленетін 360-тан аса тұқымы бар екен. Мысалы, ньюфауленд тұқымды иттің табанында қаздікі сияқты жарғақтары болады, олар суда еркін жүзеді. Ал таксаның аяқтары қысқа, денесі ұзын, інге жасырынған аңды сүйреп шығаруға бейім.

Иттің иіс сезу қасиеті адамдікінен 10 мың есе, ал есту қабілеті 4 есе жоғары. Құлағы дыбыс шыққан жаққа бір-біріне тәуелсіз қозғала алады. Оларды бір-бірінен тұмсығындағы қайталанбайтын өзіндік таңбалары арқылы ажыратуға болады. Иттің тер бездері табанында орналасқан, сондықтан ол қажет жерге өз иісін табаны арқылы қалдырады. Ол өз аумағын «менің жерім» деп белгілеуде зәрін де қолданады. Иттің табаны дене қызуын реттеуде де роль атқарады. Дене температурасын ол, сондай-ақ, терісі мен тыныс алу жүйесі арқылы реттейді.

Төбеттер жыныстық жағынан 10-12 айда, қаншықтары 7-8 айда жетіледі. Жылына екі мәрте ұйығады. Қаншығы екі-үш айдан соң өмірге бірнеше күшік әкеледі. Ал Ұлыбританияда  неополитандық мастиф тұқымды Тиа деген қаншық бірден 24 күшік туып рекорд жасаған. Күшіктері анасын 1-1,5 ай емгесін өз беттерімен азықтана бастайды.

Ит 250-ге жуық сөз бен ымды екі жастағы бала деңгейінде түсініп, есте сақтай алады. Бірқатар санды да анық аңғарып, есте сақтайды. Кейбір түстерді ажырата алады. Көзі түнде жақсы көреді. Иттер адамның көңіл-күйін бет-әлпеті мен үнінен аңғарады. Олар түс те көре алады, мұны ұйықтап жатқан иттің аяқтарын оқыс сермеуінен, қыңсылауынан немесе оқыстан «ауп» ете қалуынан байқауға болады.

Иттер 10-16 жыл өмір сүреді. Дегенмен тарихта кейбір аса «қартайғандары» да болған. Мысалы, АҚШ-та Пебблс деп ат қойылған той-фокстерьер тұқымды бір ит 22 жыл өмір сүрген. Ең жүйрік ит сағатына 72 шақырым жылдамдықпен жүгіре алады. Жапонияда Кадабомб Оками деп ныспы қойылған бір ит былтыр 5,7 миллион долларға сатылыпты. Ал VI Гюнтер деп ат қойылған неміс овчаркасының жеке байлығы 500 миллион долларға дейін жетіпті. VI Гюнтер — немістің бір бедеу ақсүйегінің иті болған. Басқа мұрагері болмаған әлгі әйел төрт аяқты досына мирасқа деп 80 миллион доллар қалдырған екен, кейін оның ақшасы инвестиция арқылы еселеп өсіпті.

Иттің қабілеті иесінің жаттықтыру әрекеттеріне байланысты ұштала түседі. Мысалы, АҚШ-тың Канзас қаласында Джава деп ат қойылған бір лабрадор кір жаятын жіпке 1 минутта 8 кір қыстырғышты ретімен қадап, әлемдік рекорд орнатыпты.

Жануарлар арасында ғарышқа адаммен бірге алғаш ұшқан да – ит екені мәлім. Лайка атты ит 1957 жылы қараша айында ұшырылған еді. Иттің ерлігін дәріптеп, оларға көптеген елдерде ескерткіш қойылған. Олар туралы арнайы фильмдер түсірілген. Жалпы, қандай ит болса да өз иесіне адалдығымен ерекшеленеді. Ол адамда стресті төмендетіп, бақыт гормоны – окситоциннің көбірек түзілуіне әсер етеді. Дегенмен оның сілекейінен сақтану керек, онда ауру жұқпалары болуы мүмкін.

Ит мінезі оның туабітті жүйке жүйесінің ерекшелігіне байланысты болады. Кейін асыраушысының әрекеттеріне қарай тәжірибе жинап, қалыптасады. Мінез-құлқы жағынан иттің негізгі төрт түрі бар. Бірі тез бейімделгіш, ұстамдылау, көңілді болып келеді, енді бірі аса қуатты, тынымсыз, белсенді болады. Тым жайбасар, айтқанды тез орындай қоймайтын, анда-санда «ауп!» деп қойып жата беретін маңғаздары бар. Бейімделуі қиын, тым сезімтал, өкпелегіштері де кездеседі. Негізі иттің көбінде осы мінездің бәрі де кездеседі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *