Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Дербісек және Жібек жолы ауылдық округтеріндегі жылыжай иелерімен кездесу өткізді. Жиынға аудандық прокуратурадан, полиция басқармасынан, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінен басшы азаматтар мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
Кездесу кезінде жұртшылықты толғандырып жүрген бірқатар мәселелер ортаға салынды. Атап айтқанда, жылыжай шаруашылығындағы өзекті мәселелер, әсіресе шетелден келетін көкөніс өнімдерінің ішкі нарыққа әсері кеңінен талқыланды. Аудан әкімі бұл бағытта Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірлесе зерделеу жұмыстары жүргізілетінін айтты. Сонымен қатар, ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын сақтау, халыққа қолжетімді баға қалыптастыру және жылыжай иелерінің мүддесін қорғау мәселелері бойынша ортақ келісімге келу қажеттігі айтылды.
Кәсіпкерлерге қызанақ бағасын негізсіз көтермеу жөнінде ұсыныс білдіріліп, екіжақты міндеттемелер аясында нақты келісім жасау қажеттігі сөз болды. Сондай-ақ, кеден бекеттері арқылы өтетін тауарларға зерделеу жұмыстарын жүргізу, фитосанитариялық бақылауды күшейту және сауда талаптарын сақтау мәселелері талқыланды. Тұрғындар тарапынан шекарадан өтетін өнімдердің сапасы мен бағасына қатысты сауалдар қойылды.
Аудан басшысы барлық жұмыстар заң аясында жүргізілетінін атап өтіп, өңірдегі агроөнеркәсіп саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді. Сонымен қатар, облыс әкімдігімен бірлесе отырып, өндірістік парк аумағынан 5 гектар жерге көтерме-тарату орталығының құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Кездесу соңында сала өкілдерінің ұсыныстары тыңдалды.
