Біле жүріңіз

Құстар да Құдайдың бір таңғажайып жаратылысы

Көктемде маңайда жұдырықтай ғана нәуірзек пайда бола кетеді, көк жүзінде «тыраулай» сап түзеп тырналар ұшады, әуе кеңістігін тілгілей қуаласып қарлығаштар жүреді, әнші құстар елді мекендерді думанға бөлейді. Оларға қарап тұрып санамызға «Бұлар ауа райын қалай болжайды?», «Мекенін қалай адаспай табады?», «Құдай бұларды не үшін жаратқан?», «Әлжуаз ұрпағын қалай жетілдіреді?» деген сияқты сан сауалдардың келетіні рас…

 Аты қасиетті Құранда айтылған

Бала кезде қойдың кезегіне шыққанда жусан арасынан бозторғай ұясын көріп, сол бір кішкене құсқа жанымыз ашушы еді. Біз жақта оны «молдаторғай» деп атайтын. Жусан арасындағы ұяға салған жұмыртқасын, оны жарып шыққан балапанын жылан, кесіртке жеп кетеді-ау деп уайымдайтынбыз. Аяқ астында жатқандықтан жүздеген қойдың тұяғынан да аман қалмас деп қауіптенесің. Бір ғажабы – сондай ұялардың мал тұяғынан бүлінгенін көрмеппіз. Осының себебін сұрағанда әкем: «Құсты да Құдай жаратқан, Өзі сақтайды», – деп сендіретін.

Әке-шешеміз құстар туралы небір қызықты ертегілер айтып беруші еді. Аты есімде қалмапты, жұдырықтай ғана бір құс болатынын, түнде аяғын аспанға қаратып жатып ұйықтайтынын айтып қызықтырушы еді. «Бәрі ұйықтап жатқанда аспан құлардай болса, аяғыммен тіреп қаламын деп ойлайды екен. Тіршіліктің тірекшісі ғой құстар, олардың пайдасы көп», –  дейтін. Есейе келе тіршілік атаулының бәрінің де бір заңдылығы, біз біле бермейтін тылсым сырлары барын түйсінгендей болдық. Дана бабаларымыздың «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген тәмсілі де табиғаттың осы тепе-теңдік тәртібіне негізделіп айтылғанын ұғынғандаймыз.

Ал құстар жайында ойласаңыз, ой түбіне жете алмайсыз. Оның бірі жұдырықтан да кішкентай, енді бірі адамнан да үлкен. Мысалы, колибри деген құстың салмағы бар-жоғы 1,6-дан 20 грамм аралығында ғана болады екен. Яғни ең ірі дегенінің өзі 20-ақ грамм салмақ тартады. Бір ғажабы – бұл құс артқа қарай да ұша алады екен. Ал ірі түйеқұс – страустың салмағы 155  келіге, бойы 2-2,7 метрге дейін жетеді. Ол ұша алмайды, ал қатты жүгірер болса, сағатына 60-70 шақырымды артқа тастап, зымырайды екен.

Құстың бірі жәндікпен қоректенсе, енді бірі етқоректі, жемтігін аулайды, тіпті ірі аңдарға түсетін алғыр құстар да бар. Бірі 8 шақырымға дейінгі зеңгір көкте қалықтаса, бірі сағатына 350 шақырым жылдамдықты бағындыратын ұшқыр, енді бірінің қанаты болса да ұша алмайды, тағы біреулері суда балықша жүзеді, жүздеген метр тереңдікке сүңгиді. Ал киви деген құста тіпті қанат та жоқ екен. Бәрімізге етене таныс көкек өзінің жұмыртқасын өзгенің ұясына салып, балапанын өзгеге бағып-қақтыратын тоғышар құс. Табиғатта әнімен жаныңды баурап, құлағыңның құрышын қандыратын сүйкімді бұлбұлдың да, сандуғаштың да түр-түрі бар. Кей құста сүт те болады деседі. Осының бәріне ой жіберіп көріңізші, Құдайдың құдіретіне таңқаласыз.

Қасиетті Құранның «ән-Нахл» («Аралар») сүресінде Алла-тағаладан түскен: «Олар аспан кеңістігінде Алланың әміріне, орнатқан заңдылықтарына толық бағынған күйде самғап ұшқан құстарға зер салып қарамай ма? Оларды сол кеңістікте Алладан басқа ешкім құлатпай ұстап тұрған жоқ. Әлбетте, осының өзінде иман ететін қауым үшін көптеген белгілер, дәлелдер бар» деген аяттар айтылады. Дін бұл тіршілік иелерінің де өз түйсігімен, өз «тілімен» Аллаға ғибадат етіп, Оны дәріптейтіні туралы айтады. Таңнан кешке дейін тыным таппайтын құстар еш аш қалмайды, әрқайсысы өз ризығын теріп жеп күнелтеді. Олардың өзара жұптасып, ұя салуы, оған жұмыртқалауы, одан балапан басып шығарып, өргізуі де бір ғажайып құбылыс. Түк те әл-қуаты жоқ қызылшақа балапандарына тынымсыз азық тасумен болады. Олар бірте-бірте жетіліп, қанаттанады, ұясынан ұшып шығып, ересек құсқа айналады. Осылай табиғат айналымы жылдар, ғасырлар бойы өз жалғасын тауып келеді.

                      Әбәбіл – қандай құс?

Қасиетті Құранда бірқатар құстардың аттары аталған екен. Әсіресе қасиетті Меккені жаудан қорғаған құстар туралысы тіпті де қызық, терең ойға қалдырады. Онда ерте замандарда йемендік бір қолбасшының Қағбаны мұсылмандардан қызғанып, тас-талқан етпек болған әрекеті жайында баяндалады. Әлгі патша Меккеге пілді әскер жіберген екен. Алла-тағала ол әскердің үстінен лек-легімен ұшқан құстар жіберіпті. «Әбәбіл» деп аталатын бұл құстар тұмсығымен, тырнақтарымен әкелген шоқ тастарды әскер үстінен жаудырып, оларды жермен-жексен етеді. Бұл оқиға Құранның «Әл-Піл» сүресіндегі: «Раббыңның піл иелеріне не істегенін көрдің бе? Олардың айла-қулықтарын адасуға айналдырмады ма? Және оларға құстарды топ-тобымен жібермеді ме? Құстар оларды балшықтан күйдірілген тастармен атқылады. Сөйтіп оларды дәні мүжілген сабандай етті» деген аяттарда айтылады.

Дін ғалымдарының тәпсірлеуінше, бұл құстар Құранда «әбәбіл құстары» деп айтылғанымен мағынасы «топ-топ», «ығы-жығы», «бөлек-бөлек», «лек-лек» деген сияқты көптік мағынаны білдіреді екен. Яғни бұл – Алла-тағаланың бұйыруымен құйындай ұйытқып келген алапат күш сипаты. «Құдайсыз қурай да сынбайды», «Алла қаһарланса 18 мың ғаламды бір тарының қауызына сидырады» деген сөздер де тектен-тек айтылмаған ғой. Анығы бір Аллаға аян.

Жалпы, сан-алуан құстардың жаратылысына қарап отырып Алла-тағаланың құдіретіне таңқаласың. Мысалы, қазақ «сұрқарлығаш» деп атайтын жұдырықтай ғана құс бар. Орыстар оны «черный стриж» дейді. Ал ғалымдар бұл құсты қарлығаш сияқты торғайлар отрядына емес, колибритәрізділер отрядына жатқызады. Міне, осы құстың негізгі бір ерекшелігі – ол жерде жүре алмайды, құлама жартаста тігінен жүреді. Уақытының көбін аспанда өткізеді екен. Ғалымдардың айтуынша, айлап, кейде бірер жылға дейін қонбай, ұшып жүріп тіршілік етеді. Әуеде ұшып жүріп қоректенеді, суды да қонбай ішеді, әуеде ұйықтайды, әуеде жұптасады. Тек бар-жоғы үш аптаға созылатын қысқа уақытта ғана ұрпақ өрбітуді іске асырады. Құлама жартастарға ұялайды, жұмыртқалайды, балапан өргізеді. Балапандары алғашқы сапарында-ақ 500 мың шақырым қашықтыққа дейін қонбай ұша алады екен. Осыдан тура он жыл бұрын орнитологтар (құстарды, олардың анатомиясын, физиологиясын, экологиясын, қоныс аударуын және мінез-құлқын зерттейтін ғалым-зоолог) аяғына арнайы есептегіш орнату арқылы бұл кішкентай құстың бір жыл бойы қонбай еркін ұшып жүре алатынына көз жеткізіпті. Жалпы, бұл ғажайып құс төрт жылға дейін қонбай ұшып жүре алады деген де әңгімелер айтылады. Міне, осыны Құдайдың құдіреті демегенде не дейсіз?!

Қазақстанда – 500, әлемде 10 694 түрі бар

Орнитолог ғалымдардың есебінше қазір Қазақстанда құстардың 500 түрі кездеседі екен. Олар 21 отрядқа, соның ішінде 61 тұқымдасқа бөлінеді. Осының 90-ы елімізді тұрақты мекендейді, 313-і қоныс аударып тұрады, 68-і ұшып келеді, 29-ы барар жеріне біздің аумақ арқылы ұшып өтеді. Біз бұлардың ішінде нәуірзек, тырна, қаз, үйрек, аққу, қарлығаш секілді көктемде келіп, күзде жылы жаққа кететін құстарды көбірек білеміз.

Мысалы, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» екенін бала кезден естіп, бұл құстың адамға дос екенін біліп, үйге салған ұяларын көріп өстік. Адамның өзін мысық және басқа да жыртқыштардан қорғайтынын, ұясының жел мен жауыннан қауіпсіз, жылы болатынын «білетін» ақылдылығына, баспанасын балшық пен жылқы қылынан қиюластырып салатын шеберлігіне тәнті болатынбыз. Анасы азық әкелгенде шырылдап ұмтылатын балапандарының қалай құлап кетпейтініне таңданушы едік. Сөйтсек, қарлығаш өзі даладан теріп әкелген жылқы қылын ұяның беріктігі үшін де, балапандарының қауіпсіздігі үшін де тиімді пайдалана біледі екен! Яғни қылдың бір ұшын ұя қабырғасына бекітсе, екінші ұшымен балапанының аяғын «байлап» қояды екен. «Африкада қыстап келеді» деп айтылатын. Былтыр кеткен қарлығаштың биыл өз ұясын адаспай тауып келгеніне де таңқалатынбыз. Сайып келгенде осының бәрін құс түйсігіне салып тұрған бір Құдай ғой.

Бұл – бір қарлығаштың ғана әрекеті. Оның біз білмейтін де құпиялары бары анық. Ал әлемде құстардың 10 694 түрі тіршілік етеді екен. Бас-басына есептесек, бірнеше миллиардтап саналады. Осынша құстың әрқайсының өз ерекшеліктері, тіршілік әрекеттері бар.

 Жылына 500 миллион тонна жәндікті жояды

Швейцариядағы Базель университетінің ғалымдары АҚШ және Түркия ғалымдарымен бірлесе отырып әлемдегі құс атаулының жылына 500 миллион тонна маса, шыбын, жұлдызқұрт, қоңыз, көбелек сияқты жәндіктерді жоятынын есептеп шығарыпты. Олар дүние жүзіндегі құс түрлерін «шамамен 6 мыңдай» деп алған. Ал кей ғалымдардың есебінше, құс түрлерінің нақты саны – 10,5 мыңнан асады. Демек, олар жылына 800 миллион тоннадай жәндікті жем етеді десек, қате болмайтын шығар. Бұл дегеніңіз – миллиондаған өсімдік түрлерін шіруден, солып, қурап қалудан, жойылып кетуден қорғау. Осыдан-ақ құстардың тіршілік үшін маңызын ұғына беріңіз. Олар – табиғаттағы жәндіктер санының реттегіші, құстар болмаса жер бетін зиянды жәндіктер басып қалар еді.

Мінеки, құс атаулының тіршілікке келтіретін осындай пайдасы бар. Сондықтан оларға қолдан келгенше қамқорлық жасай жүрген үлкен сауапты іс боларын есте ұстайық, ағайын!

Д. ОРАЗ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *