Өмірдің өзі

Мекемтас аға

   және ауыл атауы туралы

Жақында белгілі ғалым, ҚР Мемлекеттік және «Түркі әлеміне қызметі үшін» сыйлықтарының иегері Мекемтас Мырзахметұлын соңғы сапарға шығарып салуға Түлкібас ауданына бардым. Абайтанушы абыз ағамызды өзінің туған жері Майтөбе ауылына жерледі. Ауданға кіреберістегі үлкен жолдың бойынан Тұрар Рысқұлов ауылы деген жазуға көзім түсті. Осы сәтте менің есіме Мекемтас ағаның жер-су атауларына қатысты 90-жылдары айтқандары түсті.

Елді мекен атаулары жөнінде Мекемтас аға: «Қазақта баласы мен әкесінің атын бір-біріне қосақтап (мысалы, Абай Құнанбайұлы ауылы деп) ат қою үрдісі болмаған. Жалпы, бұл қазаққа жат нәрсе. Ертеде қазақтар ауылға Абай ауылы, Шәкәрім ауылы деп ат қойған. Ал, елді мекендер мен қалаға Свердлов, Серпухов, Мичурин, Пушкин, Киров, Королев, Иваново, Горький деп адамның тегін (фамилиясын) беру үрдісі орыстардан келген» — дейтін.

Ұлт руханиятының абызы М.Мырзахметұлы абайтану, бауыржантану, мұхтартану, ясауитануға қатысты құнды еңбектер жазып, осы ұлы тұлғалардың мұрасын жинап, талдап және оларды жүйелеп қағазға түсіріп, келер ұрпаққа рухани мирас етіп қалдырып кетті. Сонымен қатар, ол кісі Абай Құнанбайұлының шығармашылығына ден қойып, «Толық адам» іліміне терең талдау жасады. Бір сөзбен айтқанда, ғалым ағамыз өмір бойы қазақ әдебиеті мен мәдениетін терең зерттеп, көзі тірісінде тарихтан ойып тұрып өз орнын алған аңыз адам десем, артық айтқандық болмас.

Өкінішке қарай, кейбір әкімдер мен депутаттар абыз ағамыздың айтқандарына ден қоймай, елді мекендердің атауларын өзгерткенде, әйтеуір ол адамдардың аты-жөнін қосақтап беруге құмар. 1990 жылдары Түлкібас ауданындағы (Кеңес Одағы кезіндегі) бұрынғы А.Жданов ауылының атауын – ауыл тұрғындарының ұсынысымен Тұрар Рысқұлов ауылы деп өзгерткен болатын. Сөйтіп елді мекен атауы жаңарып, Тұрар Рысқұлов ауылы болып, баласы мен әкесінің есімдері қосақталып берілді. Бірақ бұл атаудың ғұмыры ұзаққа бармады, оған кейінірек тоқталам. Сол жылдары мен бір ауыл тұрғынынан «Қай ауылдансың?» деп сұрағанымда, ол Тұрар Рысқұлов ауылынанмын демей, «Тұрар ауылынан боламын» деп жауап бергені көңілімнен шыққан еді. Өйткені бұл жауап қысқа әрі нұсқа және түсінікті болды.          

Егемендіктің алғашқы жылдары құлдық санадан арылу үшін отарлық жүйені еске салатын атауларды ауыстыру жұмыстарының жанданғаны белгілі. Алайда, кейбір елді мекенге баласы мен әкесінің есімдерін қосақтап беруі дұрыс болмады. Мысалы Бурное селосына Бауыржан Момышұлының аты-жөнін қосақтап бергені сияқты мысалдар аз емес. Бұдан 15 жылдай бұрын Түлкібас ауданының орталығы Ванновка селосын – Тұрар Рысқұлов ауылы деп өзгерту туралы Оңтүстік Қазақстан облыстық Ономастика комиссиясына (бұдан әрі – Облономком) ұсыныс түскен. Сол жылдары мен Облономкомның хатшысы едім, ал комиссияның төрағасы облыс әкімі Асқар Мырзахметов болатын. Осы ұсыныс Облономкомның отырысында қаралғанда, мен Тұрар Рысқұлов ауылдық округі бар екенін айтып, сол себепті бұл атауды қайталамай, Ванновка селосын – Тұраркент деп өзгертейік деген пікір айтып, ортаға ой тастаған едім. Алайда, отырыста Облономкомның мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Ө.Мелдеханов: «Турар Рыскулов великий человек, поэтому я поддерживаю «название Турара Рыскулова, а не Тураркент» деп отырып алды. Бұған Облономкомның мүшелері қарсылық білдірмеді, тіпті Түлкібас ауданынан шыққандар да оған қарсы ешнәрсе демеді. Өкінішке қарай, қысқа әрі нұсқа Тұраркент атауы осылай өтпей қалды. Осыдан кейін көп кешікпей, облыстық мәслихаттың шешімімен Ванновка селосы – Тұрар Рысқұлов ауылы болып өзгерді.        

Әлбетте, аудан тұрғындары Ванновканың атауын өзгертіп, оған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрардың есімін бергілері келгені түсінікті. Бірақ кейбір жергілікті биліктегілердің білместігінен ауылдың атауы Тұрар Рысқұлов болып, баласы мен әкесінің есімдері тағы да қосақталып, шұбалаңқы қалпында бекітіліп кетті.

Қазіргі уақытта аудан жұртшылығы Тұрар Рысқұлов ауылы дегеннен гөрі, Ванновка дегенді дұрыс көретін сияқты? Егер Тұраркент болғанда, айтуға оңай болар еді әрі аудан орталығын ауыл дегеннен кент деген жақсырақ емес пе? Айтпақшы, мәслихаттың шешімі шыққан соң, 90 жылдың басында қайта аталған Тұрар Рысқұлов (бұрынғы Жданов) ауылын – Рысқұл ауылы деп тағы да өзгертті.

Мұның бір әттеген-айы сол, бұрын да, қазір де Тұрар Рысқұлов ауылына баратын қонақтардарды таксистер шатасып, Рысқұл ауылына апарады екен. Ал поштадағылар кейде Рысқұл ауылына апаратын хаттар мен заттарды адастырып, аудан орталығына алып барады дейді тұрғындар.

«Ештен кеш жақсы» дегендей, менің айтпағым алдағы уақытта аудан орталығының атауын – Тұраркент деп өзгертсе, деген ұсынысымды аудан, облыс әкімдерінің назарына жеткізу болып отыр. Түлкібас ауданының парасатты азамматтары менің осы ұсынысымды ескерусіз қалдырмайды деген сенімдемін.

Қабыл Дүйсенби,

Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі,

«Қазақ тілінің жанашыры» құрмет белгісінің иегері.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *