Әлеумет

Сайрамда – суицид, Сарыағашта – отбасылық кикілжің өршіп тұр…

Елімізде отбасындағы ойранды, зорлық-зомбылықты тоқтату, жасөспірімдердің құқын қорғау мақсатында тыйымдар күшейтіліп, заң қатаңдатылды. Өз отбасында ойран салатындардың әрекеті қылмыстық теріс қылықтар санатына енгізілді. Алайда, бұл шаңырақтың шырқын бұзатындарға түбегейлі тұсау болмай тұр.

Рас, 2024 жылға қарағанда былтыр құқық бұзушылықтың бұл түрі 73 пайызға төмендеген. Мұндай көрсеткіштің қалыптасуына бұрынғы әкімшілік құқық бұзушылықтың қылмыстық теріс қылық санатына ауыстырылғаны да себеп болса керек. Дегенмен, әлі де кейбір аудан-қалаларда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары жоғары деңгейін сақтап тұр. Түркістан облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздікң басқармасы бастығының орынбасары Мейрамбек Балтабаевтың келтірген дерегіне сенсек, Сарыағаш ауданында осындай 317 дерек тіркелсе, Шардара ауданында 283-ке жеткен. Сансыз бабтар мекені – Сайрам ауданында 149, тұтастай түркі әлемінің рухани орталығы саналатын қасиетті Түркістан қаласында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 147 оқиғасы орын алыпты. Бір кездері «күндіз – Түркістан, түнде – Ауғанстан» деген теңеу-тіркеске ие болған қасиетті қала қазір «Түркістан – қауіпсіз қала» аталғанымен, отбасылық кикілжіңдердің жиі орын алатыны, яғни түркістандық тирандарға тыйым болмай жатқаны өкінішті. Ал, Арыс, Қазығұрт, Отырар, Созақ аудандарында бұл көрсеткіштің төмендігі көңіл қуантады. Отбасы – шағын мемлекет екенін ескерсек, шаңырақтағы ынтымақ-берекенің маңызы орасан.

Отбасының берекесін бұзатындарға полиция тарапынан арнайы «қорғау нұсқамасы» беріледі. Сол арқылы оған жәбірленушінің мазасын алуға тыйым салынады. Осы орайда полиция 4077 қорғау нұсқамасын шығарыпты. Полиция өтініші негізінде сот тәртібімен құқық бұзушылардың мінез-құлқына 730 ерекше талаптар қойылған. Осының ішінде 429 адамға алкоголь пайдалануға тыйым салынған. Бұл шектеуді бұзған 113 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Құқық бұзушылықтар кезінде орын алған қылмыстардың 17,4 пайызы мас халде немесе спирттік ішімдіктерді бірлесіп ішу кезінде жасалған екен. Мас күйдегі қылмыстардың алдын-алу мақсатында 97 маскүнем Шымкенттегі арнайы орталыққа мәжбүрлі түрде емдеуге жіберілген. Ал Түркістан, Сарыағаш қалаларында, Арыс, Жетісай, Сайрам аудандарында уақытша бейімдеу және детоксикациялау орталықтарына 3877 азамат жеткізіліпті. 719 адам орналастырылған. Олардың басым көбі Сарыағаш ауданынан және Түркістан қаласы мен Сайрам ауданынан. (Тиісінше – 266, 116 және 107 адам). Уақытша бейімдеу және детоксикациялау орталықтарына сондай-ақ Жетісай, Шардара, Арыс, Келес, Мақтаарал, Кентау, Қазығұрт және Саураннан бас-аяғы 230 адам жеткізіліпті.

Бір қуантарлығы, Түркістан облысында 78 елді мекен ауыл тұрғындарының бастамасымен дүкендерде спирттік ішімдік сатудан бас тартқан. Яғни олар да жоғарыда аталған жағымсыз қылықтарға қарсы күреске айтарлықтай өз үлесін қосып жатыр деген сөз. Ол елді мекендерде құқық бұзушылықтар азайған, кейбірінде тіпті ондай теріс әдеттің бірі де орын алмаған. Осындай жақсы бастама, жағымды үрдістер жалпыхалықтық қолдау тауып жатса, нұр үстіне нұр.

Отбасындағы кикілжің жайын сөз еткенде жасөспірімдерге қатысты қылмыс, суицид, яғни өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларын да айналып өте алмаймыз. Бұл тақырыпты қозғау оңай емес, өзекті өртер өкініштермен бетпе-бет келесіз. Айталық, атқарылып жатқан қаншама жұмыстарға қарамастан жасөспірімдерге қатысты қылмыстар саны былтыр 22,9 пайызға, оның ішінде жыныстық тиіспеушілігіне қатысты қылмыстар 16,7 пайызға артқан. Олардың арасында жан түршіктірер 18 зорлау оқиғасы, 12 сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері, жас балаларды азғындық жолға түсірудің 19 оқиғасы бар. Сондай-ақ 16 жасқа толмаған балаларға сексуалық сипатта тиісу, жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасаудың 28 оқиғасы тіркелген. Бұл қылмыстардың денін өзгелер емес, өз әкелері, өгей әкелер, бірге тұратын адамдар, көршілер, туыстар, таныстар жасаған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, Қазақстан суицид оқиғасы бойынша әлемде алдыңғы орындарда тұр екен. Оған дәлелді алыстан іздеудің қажеті жоқ. 2025 жылы Түркістан облысында кәмелетке толмаған балалардың өзіне-өзі қол жұмсауының 75 оқиғасы орын алған. Осының 37-сі адам өлімімен аяқталған. Бұл дегеніміз осынша отбасының, осынша әулеттің, қала берді бүкіл қазақ елінің қабырғасын қайыстырар қайғысы емес пе?!

Осы жылдың алғашқы екі айының өзінде өзіне өзі қол жұмсаудың 17 оқиғасы тіркелген. Өкінішке қарай, олардың 13-сі адам өлімімен аяқталған. Жасөспірімдер арасындағы суицидтің ең жоғары көрсеткіші – Сайрам ауданында тіркелген. 4 оқиғаның төртеуі де өліммен аяқталған. Сондай-ақ, Қазығұрт, Төлеби аудандары мен Түркістан қаласының әрқайсысында 2 оқиғадан тіркелген. Түркістандағы екі оқиғадан өзгесі өліммен аяқталған. Сондай-ақ Сарыағаш, Мақтаарал, Ордабасы, Шардара, Отырар аудандары мен Арыс қаласының әрқайсысында бір-бірден суицид орын алған. Қуанышқа қарай, Созақ, Бәйдібек, Сауран, Түлкібас, Жетісай аудандары мен Кентау қаласында жасөспірімдер арасындағы өзіне өзі қол жұмсаудың дерегі тіркелмеген. Бұл мәліметтер «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы депутат, «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Ғалымжан Елшібай жетекшілік ететін «Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі» кеңес отырысында айтылды.

Айрықша назар аударарлық жайт – суицид оқиғалары Сайрам ауданында өршіп тұр. Мәселен, осы жылдың алғашқы екі айында 4 оқиға орын алса, өткен жылы да 7 суицид оқиғасы тіркеліп, облыста «көш бастаған» болатын. Ал, 2020 – 2025 жылдар аралығында бұл ауданда суицидтің 55 оқиғасы орын алып, оның 37-сі өліммен аяқталған. Сансыз бабтар мекеніндегі бұл қайғылы көрсеткіштің себебін терең зерттеп, оның алдын алу, ауыздықтау амалдарын күшейту керек. Тиісті орындар, әлеуметтанушылар тарапынан терең зерделеу жүргізген жөн. Әйтпесе, алда әлі қаншама қайғылы оқиғалардың орын алмасына кім кепіл?!

Д. НҰРПЕЙІС.  

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *