Қоғам

АРМАНЫМЫЗДЫ ҰШТАҒАН АҒА ЕДІ…

Белгілі қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, ақиық ақын Мұхтар Шахановты бүкіл Қазақ Елі боп жоқтады, ақтық сапарына құрметтеп шығарып салды. Осы күндері замандастары, қызметтес, сыйлас болған азаматтардың аузынан аға туралы небір салмақты естеліктер айтылып жатты. Біздің де естелік айтқымыз келді.

…Осыдан кемінде 50 жыл бұрын болса керек деп шамалаймын, 6-шы сыныпта оқып жүрген кезіміз болар, Мұхтар Шахановтың «Арман» атты өлеңіне скетч құрғанбыз. Өлеңде кішкене кезінен бірге өскен, көпшіліктің көзіне түскен арманшыл екі бала мен дана қарттың әңгімесі баяндалады. Қария армандары туралы айтып беруін сұрағанда баланың бірі өскенде өзінің атақты саудагер болуды қалайтынын айтады. Ал екінші баланың арманын Мұхтар ағамыз былай деп өреді:

«Менде де бар бір арман,

Маздап жанып қол бұлғайтын шынардан.

Ұлы баба, бірақ менің арманым

Парыз бенен махаббаттан құралған.

Шамын жақсам ғылым менен өнердің,

Елімді зор  мерекеге бөлермін.

Бұл сапарым азапты да шығар-ау,

Неде болса пешенемнен көрермін.

Мейлі мәңгі жарымайын киімге,

Мейлі түйір нан қалмасын үйімде,

Мейлі ұлының еңбек етіп арымен

Жүргендігін ұғынбасын қалың ел.

Қарлы боран қыран жолын бөгер ме?!

Өнеріммен тасып толам кемерге.

Мен өзіме риза емеспін елімнің

Сүйеніші бола алмасам егер де».

Бұл өлеңде ақын осы екі баланы да «армандарына жеткізеді». Бірақ атақты саудагер болып, басқа өнерін мансұқтаған, тек байлық қуған жанның атын тарих түгілі ұрпақтары да ұмытыпты. Ал білім қуған баланы ше?

«Ал Әбу ше?

Кеңге жайды ол қанатын.

Әбуіміз – әрі ғалым, әрі ақын,

Әбуіміз – біздің ұлы бабамыз

Әбу Насыр әл-Фараби болатын», — дейді ақын ол туралы.

Класымыздағы екі оқушы болашақ саудагер мен ғалым ролінде, үшінші адамға – дана қарияға өз армандарымызды тақпақтап айтамыз. Ол да өз танымын түйіндейді. Соңын кластағы балалар:

«Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда,

Үлкен бақыт табу үшін ғаламда,

Үлкен болып қалу үшін ғаламда,

Үлкен арман керек екен адамға», — деп хормен аяқтайды. Қиял қуған арманшыл бала кезде бізге осы өлең аса терең әсер еткен еді. Ақын болғымыз келді. Ғалым болғымыз келді. Елге еңбегін сіңіретін азамат болғымыз келді.

Бұл – Мұхтар ағаның бір ғана өлеңі. Түрлі тақырыптарды қаузайтын өшпес өлеңдерімен ол қаншама адамды тәрбиеледі десеңізші! Ұлтты тәрбиеледі ол кісі.

Ағаның сөзі мен әуенін өзі жазған әндерінің көбін бала кезден шырқап өстік. Аға-әпкелерімізден жаттап алатынбыз. Жаңылыспасам, «Пойыз кетіп барады асып қырдан а-а-а-ай…» деп басталатын әні бар еді. «Гүлдәурен», «Мен саған ғашық едім», «Туған күн кешінде» әндері балғын, балауса сезімдерімізді тербеді. Есейіп, отбасын құрған соң бас қосқан гәптерде достарымызбен «Жұбайлар жырын» қосыла шырқайтын болдық.

Ағаның «Қазақ вальсінің королі» атанған тағы бір жерлесіміз Шәмші Қалдаяқовпен өте жақын дос болғаны да мәлім. Екеуі бірлесіп «Ақ бантик», «Кешікпей келем деп ең», «Қуаныш вальсі»,«Өмір-өзен», «Сүймегендер сағынбайды» сияқты әндер жазған. Бұл әндер де үлкен-кіші жұртшылықтың көңілінен шыққан, мәңгі өлмес әндер болып, бүгінгі күндері де шырқалып жүр.

Бертінде, жасымыз қырықтың қырқасына шыққан кезеңде бізге есімі көпшіліктің аузында жүретін, аты аңызға айналған дерлік ағамызды көзбе-көз көру бақыты бұйырды. Амандасып, сұхбаттас болдық, жұртшылықпен бас қосқан кездесулеріне қатысып, мақала жаздық. Осының бәрін мүмкін еткен бүкіл елімізге таралатын, көпшілік сүйіп оқитын «Замана» газеті еді. Мұхтар Шаханов «Замананың» Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, ақын, жазушы Иса Омардың рухтас ағасы болды. Жылда жазда Қасқасудағы әпкесі Ізет апаның үйіне келген сайын біздің редакцияға бір соғып кететін. Сол кездері редакция қызметкерлерінің бірқатары ол кісіден сұхбат алды, Қасқасуға бірге барып та жанында жүрген кездері бар. Осындай кездесу, сұхбаттар арқылы да ақын талай адамның бойына ізгілік дәнін екті десек болады.

Жалпы, М.Шаханов қазақ әдебиетінде, қоғамда өзіндік өшпес ізін қалдырды. Оның өлеңдері әрқашанда отты, деңгейі биік болды. Қоғамдағы әрбір іске өзінің азаматтық ұстанымын, пікірін білдіріп отыратын. Әсіресе ел тарихына, әйгілі тұлғаларға арналған, тіл және басқа да ұлттық құндылықтарымызды қорғауға үндейтін өлеңдері жұртшылыққа алдағы уақыттарда да қызмет ете берері даусыз. Ақиық ақынын бүкіл еліміз жоқтап жатқан күндерде біз де ол кісі туралы шама-шарқымызша үн қатқанды жөн көрдік.

Өлеңдерін жаттап өскен ұл едік,

Сондай ақын болуды біз тіледік.

Кетті асыл жан бұл пәниден бақиға,

Өтті жұрттың жадына өшпес жыр егіп.

Иығына ұлт мұраты артылған

Өтті өмірден тағы да бір нар тұлға.

Бос кеткен жоқ, кетті мұра қалдырып,

Төлеген мен Шәмші досы артынан.

Өмір – өзен, өзгертпес еш ағысын,

Адам – өлмек, өзгермес заң тағы шын.

Күрескеннің аты бірақ өлмейді

Өз ұлтының болашағы, бағы үшін!

Ана тілді, ділімізді қорғаған,

Мұхтар аға болды Ақын, болды Адам.

Халқыменен бірге жасай береді,

«Гүлдәурендей», «Ақ бантиктей» жолдап ән.

Тұлғасы оның, өлеңдері, жыр әні,

Аты өшпейді, көңілдерде тұрады.

Елін сүйген, Жерін сүйген Ақынның

Өр жанының жәннат болғай тұрағы!

Д. ОРАЗ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *