Uncategorized

Иран – Израиль: Кім жеңді?

Сонымен, Израильдің Иранға қарсы «12 күндік соғысы» аяқталды. Бір-бірін заманауи қару түрлерімен соққылап, біраз шығынға батырған екі жақ АҚШ Президенті Д.Трамптың араағайындық етуімен тоқтады. Ядролық соғыс, Үшінші Дүниежүзілік соғыс басталып кете ме деп үрейленген жұртшылықтың иығынан бір ауыр жүк түскендей болды. Осынша күн бойы Иран ядролық өнеркәсібін соққылаумен болған Израиль енді: «Иран тарапынан төніп отырған ядролық қауіпке тосқауыл қойдық, оның зымырандық әлеуетін жойдық, көздеген мақсатымызға жеттік» деп мәлімдеп отыр.

Әрине, Иран жағы болса да «жеңіліп қалдық» деп отырған жоқ. Ол да осы 12 күн бойы Израильдің ірі қалалары мен әскери нысандарын баллистикалық зымырандармен және дрондармен атқылауда болды.

Ал текетірестің тоқтауына АҚШ-тың Иранның атом өнеркәсібіне соққы беруі себеп болған сияқты. Яғни 22-маусым күні АҚШ-тың әскери әуе күштері Иранның Фордодағы атомдық зауытына және Натанз бен Исфахандағы нысандарына соққы берді. АҚШ Президенті Д.Трамптың айтуынша, «В-2 Spirit» бомбалаушы ұшағы тау ішінде, 100 метр тереңдікке дейін жасырылған Фордо зауытына 12 бункерлік бомба тастады. Натанз бен Исфахан нысандарына да мұндай бомбалардың екі-екіден – төртеуімен, оған қоса 30 «Томагавк» зымырандарымен соққы берілді».

Осы жерде «Барлық бомбалардың анасы» деп аталып жүрген бұл жойқын бомбалар туралы да айта кетейік. Ұзындығы 6 метрден асатын олардың әрқайсысы 13 тонна 500 кило салмақ тартады екен. Ол жерге 61 метрге дейін кіріп, қалыңдығы 19 метр болатын темір-бетонды талқандай алады. Егер бірінен кейін бірі бір нүктеге соққы берер болса, 100 метр тереңдіктегі нысанның да талқанын шығарады. Ал «Томагавк» қанатты зымыранының салмағы 450 кило тартады, 150 килотоннаға дейін ядролық қуатпен жарылып, 30-40 метр тереңдіктегі бункерлерді қирата алады.

Қысқасы, АҚШ «Барлық бомбалардың анасын» қолдана отырып, Иранның ядролық нысандарын іске алғысыз еттік, жойып жібердік» деп отыр. Осыдан кейін барып Д.Трамп Израильден соғыс қимылдарын тоқтатуды сұрады. АҚШ-ты пайдалана отырып дегенімізге жеттік деп ойлаған Израиль бұған келіскен сыңай танытты. «Израиль әуе шабуылдарын тоқтатса, біз де оны соққылауды тоқтатамыз» деген Иран да бұған келісті.

Негізі Иран өзінің ядролық нысандарына соққы берген АҚШ-қа қарсы да қауқар көрсете алды: ол АҚШ-тың Сириядағы, Ирактағы және Катардағы бірқатар әскери базаларын зымыранмен атқылады. «Аямаймыз» дегенімен АҚШ тарапынан бұған қатысты жауап соққылар бола қойған жоқ. Өйткені мұндай жағдайда Иран, Израиль мен АҚШ қана емес, олардың одақтастары да соғысқа тікелей тартылуы әбден мүмкін еді.

Дегенмен Иранның ядролық нысандары АҚШ айтқандай түбегейлі қирап қалмаған сияқты. Иран ядролық зауыттарын алдын-ала басқа аумаққа көшіріп, үстінен аса берік құрышпен қаптап тастаған деп айтылып жатыр. Бұл рас болуы әбден мүмкін. Себебі соншалықты ауыр әрі қуатты бомбалар ядролық нысандарды бүлдірген жағдайда, тіпті аздап та болса зақымдаған жағдайда ол маңда радиация таралуы мүмкін еді. Ал МАГАТЭ ешқандай да радиация таралуы болған жоқ деп отыр.

Соғыс қимылдарының тоқтатылуына Иран одақтастары Ресей мен Қытайдың оған ақыл беруі де әсер еткен болуы мүмкін. Яғни ол АҚШ-тың ядролық қару жасауға мүмкіндік беретін технологиядан бас тарту талабын қабылдайды, Батыс елдері оның қауіпсіздігіне кепіл болады. Сондай-ақ соғыс қимылдарының тоқтатылуына Иранның Ормуз бұғазын жауып тастамақ болған әрекеті де себеп болса керек. Өйткені Ормуз бұғазы арқылы бүкілдүниежүзілік мұнай тасымалының 20 пайызы, газдың 10 пайызы өтеді. Егер бұғаз жабылған жағдайда оның соңы әлемдік экономикалық дағдарысқа апарып соғуы әбден мүмкін еді.

Қысқасы, 13-маусым күні басталған Израиль-Иран соғысы арада 12 күн өткен соң, 24-маусым күні тоқтатылды. Израиль де, Иран да, АҚШ та өздерінің шамасын бір анықтап алды десек болады. Мысалы, Израиль өзінің мақтаулы «Темір күмбезі» баллистикалық зымырандарды толықтай жойып жібере алмайтынын ұқты. Яғни Иранның атқан зымырандарының жартысына жуығы дерлік өзінің көздеген нысанасына жетті десек болады. Дегенмен Иранның өзінде де енді «Израильді оңай жойып жіберетініне» күмән туындары анық. Себебі аз күндік соғыста Израиль әуе күштері Иран аспанында қожайындық етті десек болғандай. Израильдің барлау қызметі мықты екені көрінді, бұл бағытта ол мықты технологиялар қолданды. Сондай-ақ Израильдің Иран территориясында «шпиондары» жетерлік екені де көрінді. Израильдің «ағасы» — АҚШ-қа аса арқа сүйейтіні де жұртты ойландырып қойды.

Ал Иран өзінің табандылығын тағы да көрсетті. Бұл табандылықтың негізі ел билігінің мығымдығында, ұлттық идеология мен діни фанатизмде жатыр. Иран халқы «жау жағадан алғанда бөрі етектен алғандай» қылық көрсетпеді, елдің ішкі тыныштығын сақтады. Сондай-ақ Иранның географиялық орналасуының оңдылығы да оның жауға төтеп беруіне септігін тигізді десек болады. Парсы шығанағын әлемдік экономикаға ықпал жасауда жақсы пайдалана білген Иран «Ормуз картасын» да жақсы ойната алған сияқты.

Жалпы алғанда 12 күнге созылған Израиль-Иран соғысы АҚШ-қа Иранның «оңай шағылатын жаңғақ емес екенін» тағы да көрсеткендей болды. Иран бұл сыннан сүрінбей өткен сияқты.

Д. НҰРПЕЙІС.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *