Өмірдің өзі

   «Хит жүзім» деп жүргеніміз

  «у жүзім» болып шықпасын…

  

Тым көрсеқызар болып бара жатқан секілдіміз. Жай кезде ақша жоқ дегенімізбен, жаңадан бір нәрсе шықты десе бірінші болып дәмін татуға, киім болса киіп көруге барымызды саламыз. Оның зияны бар-жоғына ешкім назар аударып жатпайды. Әйтеуір «жұрттан қалмай», әсерін басқаларға айтып мақтануымыз керек.

Дубай шоколады деген шығып еді, таласа-тармаса сатып алдық. Жуырда Дубайға барған бір қазақстандық ол жақта мұндай шоколадтың жоқ екенін, өзінің іздеп таппай жүргенін жария етті. Сонда бұл қайдан шықты, кім кімді алдады? Меніңше, бұл күреп пайда тапқысы келген бір қудың ойлап тапқаны секілді. Дубайда жасалды деген сол шоколадтың өз елімізде немесе Қытайда бір үйдің жертөлесінде жасырын түрде өндіріліп жатпасына кім кепіл? Дәніккеннен құныққан жаман демекші, оңай олжаға құныққандардың әрекеті болса керек, енді біршама уақыттан бері базарлар мен сауда орындарында «Shine muscat», яғни «шайн мускат» деген жүзімнің ерекше түрі сатылымға шықты. Қазір елдің аузында осы жүзім жыр болуда. Сатушылар да бұл мүмкіндікті мүлт жібергісі келмейтіні түсінікті. Шымкенттік сатушының бір күнде әлгі жүзімнің 7-8 қорабын сатқанын айтып мақтанғанының куәсі болдық. Өз көзімізбен көру үшін жексенбі күні Шымкенттегі орталық «Қырғы базарға» барып, «хит жүзімнің» сатылымын бақыладық. Жұрт жапа тармағай таласпаса да сауда әжептәуір қызып жатыр. Бағила есімді тұтынушыдан бұл жүзімді не үшін сатып алып жатқанын сұрадық. «Әйтеуір алғандар дәмі тіл үйіреді деп мақтағасын дәмін көрейік, балалар да жесін деп сатып алдық», – деді ол. «Бұл жүзімнің құрамында адам ағзасына зиянды элементтер көп деп айтылып жатыр, ол жағына назар аудармадыңыз ба, балалардың денсаулығына қауіпті деп қорықпайсыз ба?» деген сұрағымызға «Құдай сақтасын, зияны болса сатқызбайтын шығар. Базарда беймарал сатылып жатқан соң сенеміз ғой. Базар басшылығы мұны тексеретін шығар», – деп бейқамдық танытты. Әрине, Құдай да сақтанғанды сақтайды. Құдай сақтасын деп жауапкершілікті сезінбеу – өзіңнің, перзенттеріңнің денсаулығына немқұрайлы қарау, тіпті өміріне балта шабумен тең емес пе?! Міне адамдар осындай, базарда сатылған заттың бәрі қауіпсіз деп ойлайды. Шындығында нутрициологтар бұл жүзімнің құрамындағы қант өзіміздің оңтүстікте өсірілген жүзімнен әлдеқайда көп екенін айтыпты.

Хит болған заттың бағасы да жоғары болатыны айтпаса да түсінікті. (Негізі адамдардың бір затты хит қылудағы мақсаты да осы – көп әрі қымбатқа сату). «Шайн мускаттың» бір келісіне жұмсаған ақшаға жергілікті жүзімнің 4-5 келісін сатып алуға болады. Бірақ неге екені түсініксіз, адамдар қымбат әрі зияндысына құмартып тұрады.

Саудасы қызып тұрған жүзімнің қандай құдіреті барына үңіліп көргенімізде төмендегідей мәліметтерді кезіктірдік. Бұл жүзім алғаш рет Жапонияда өндірілген екен. Ол аз уақытта Оңтүстік Кореяны «жаулап», артынша бүкіл әлемге тараған. Дәл қазір «шайн мускат» жүзімі еліміздегі барлық базарларда самсап тұр. Көлемі біздегі жүзімнен екі-үш есе үлкен. Жуырда Тайланд зертханаларында «шайн мускаттың» 24 сынамасы тексеріліп, оның 23-інде улы химиялық қалдықтар табылғаны айтылуда. Осыдан кейін Тай билігі өре түрегеліп, зиянды өнімнің сатылымына қатаң тыйым салған. Ал Қазақстанға қазір Кореядан да, Қытайдан да жүзімдер лек-легімен еркін тасымалдануда. Алдымен құрамын әбден тексеріп барып сатылымға шығаруы тиіс санэпидемиологтар жұрт әбден жеп болған соң ғана тексеруді бастағанын мәлімдеп отыр. «Министрлік комитетінің аймақтық департаменттері бақылау мақсатында осы жүзімді сатып алып, сараптауға, зертханаға жолдады. Микотоксиндер, токсинді элементтер, пестицидтер және тағы басқа қауіпсіздік талап бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр. «Шайн мускат» жүзіміне қатысты улану фактіcі әзірге тіркелген жоқ және де тұтынушы тарапынан арыз-шағым түспеді», – дейді ДСМ Санитария-эпидемиологияны бақылау комитетінің бас сарапшысы Данагүл Қасқатаева.

Әрине, бірден уланудың болмайтыны анық. Ондағы қоспалар ағзаны асықпай улап, құртады. Сол себепті министрлік өкілдерінің жей салып уланбады дегені жаныашымастың әңгімесі секілді. Дегенмен нутрициолог мамандар жүзімнің осы түрін тұтынбас бұрын оны мұқият ас содасымен жуып алуға кеңес береді. Сондай-ақ, сатушылардан тауардың қауіпсіздік сертификатын сұрау керек екенін айтады. «Басқа жүзімдермен салыстырған кезде қант деңгейі жоғарырақ. Оны тасымалдау, сақтау үшін, өсіру кезінде қолданылатын химиялық қоспалар, яғни пестицидтер мөлшері жоғары болуы мүмкін. Бұл орталық жүйке, ас қорыту жүйесіне кері әсерін тигізеді. Пестицидтер кез келген адамның ағзасына зиян, ал қант диабеті бар адамдарға өте қауіпті. Сондай-ақ, осал топқа жататын балалар мен қарт адамдарға да қаупі зор», – депті Астана медициналық университеті профилактикалық медицина ғылыми зерттеу институтының оқытушысы Қарлығаш Сүйіндік.

Өкінішке қарай, елімізде тексерілмеген азық-түлік пен жеміс-жидектердің, өзге де тағам өнімдерінің сатылымға шығып, сөрелерден орын алуы, яғни таралуы оңай. Ал зиянды екені анықталса, оны жылдам жинап алу қиын. Осылайша зиянды заттардан келетін қауіптің алдын алудың емес, болары болып, бояуы сіңгеннен кейін барып салдарымен күресу әдетімізге айналғаны қашан… Бірақ, қашанға дейін?!

Балқы БАЗАР.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *