Архив ісі – тарихи, мәдени, саяси және әлеуметтік маңызы бар құжаттарды жинақтау, есепке алу, сақтау және пайдалануды ұйымдастыратын кәсіби қызмет саласы. Ол мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, ұлттық қорды қалыптастыратын стратегиялық маңызды жүйе болып табылады.
Архивтер – өткен мен бүгінді байланыстыратын алтын көпір. Архив ісінің бастауын көне өркениеттерден көруге болады. Ежелгі Мысыр абыздары папирусқа жазылған мемлекеттік құжаттарды арнайы қоймаларда сақтаған. Месопотамия аймағында саз тақтайшаларға түсірілген заңдар мен шаруашылық есептері жүйеленген түрде жинақталған. Орта ғасырларда архивтер сарайлар мен діни мекемелер жанында сақталды. Ал XIX ғасырдан бастап көптеген елдерде орталық мемлекеттік архивтер құрылып, архив ісі ғылыми негізде дами бастады.
Қазақстандағы архив жүйесінің институционалдық қалыптасуы XX ғасырдың 20-шы жылдарынан басталады. Қазіргі таңда елдегі архив ісін үйлестіруші басты мекемелердің бірі – Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві. Сонымен қатар облыстық және қалалық мемлекеттік архивтер жұмыс істейді. Архив құжаттары азаматтардың еңбек өтілін, білімін, марапаттарын, мүліктік құқықтарын растауда ерекше маңызға ие.
Архив – мемлекеттің тарихи жадын сақтайтын институт. Ол тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге, ұлттық бірегейлікті нығайтуға, ғылыми зерттеулерді дамытуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға үлес қосады. Архив құжаттары арқылы белгілі бір тарихи кезеңнің әлеуметтік-экономикалық жағдайын, саяси оқиғаларын, мәдени дамуын терең түсінуге болады. Заманауи технологияларды енгізу арқылы архив ісі жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, ұлттық мұраны келешек ұрпаққа аман жеткізуге қызмет ете береді. Қазіргі таңда архив ісі цифрлық даму кезеңін бастады. Электрондық құжат айналымы жүйелері енгізіліп, тарихи материалдар сканерленіп, онлайн қолжетімді болуда.
Архив ісі – болашақ үшін өткенді сақтайтын маңызды сала. Өткені мен бүгінін байланыстыратын рухани көпір. Құжаттарды жинақтау, сақтау және ғылыми айналымға енгізу арқылы біз тарихи сананы қалыптастырып, болашақ ұрпаққа шынайы дерекке негізделген мұра қалдырамыз. Архив – мемлекеттің жады, ал жадысы берік елдің болашағы да баянды. Халқымыз «Өткенін білмегеннің – болашағы бұлыңғыр» дейді. Сондықтан да елімізде архив ісін дамыту – өткенге құрмет, келешекке аманат деп білейік!
Жанна Қашқынбаева,
Шымкент қаласының
«Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы» МКҚК
мұрағатшысы.
