«…Ешкі жиып, есің жи» демекші, өсімталдығын, сүтінің сұранысқа ие екенін білетін кей азаматтар бүгінде ешкі өсіруді кәсіпке айналдырған.
Бірден 7 лақ туған
Ешкілер көбінше кемінде егіз туады. Үш, бес лақты қатар туатындары да болады. Таяуда Ресейде бір ешкі бірден 7 лақ туыпты. Бәрі де аман. Әлемдік статистика деректеріне сенсек, бүгінде дүние жүзінде 1 миллиард 200 мыңдай ешкі бар екен. Әсіресе, Азия мен Африкада көп. Үндістанда 155 миллион, Қытайда 130 миллион ешкі бар. Біздің елде олардың саны 1 миллион 700 мың шамасында. Өзбекстанда 3 миллион 600 мыңдай, Ресейде 1 миллион 800 мыңдай ешкі бар.
Жалпы алғанда, әлемде ешкі түлігінің 600-дей тұқымы өседі екен. Осылардың ішінде ең сүттілері – швейцар ешкілері. Яғни «заанен» тұқымдас ешкілер, оны өсіретіндер бізде де бар. Бұл үй жануары жылына 700-1200-ден 1500-2000 литрге дейін сүт береді. Бұдан басқа жылына 700-800 литрден 1500 литрге дейін сүт беретін «альпілік», «тоггенбургтік», «нубиялық», «чехиялық», «мегрелиялық» деп аталатын тұқымдар да бар. Осы жануарлардың ішінде ең қымбаттары — сүтті әрі түбіттілері. Мысалы, бүгінде Шымкенттің мал базарында ешкі бағасы 40-70 мың теңгенің аралығында болса, сүтті және түбітті тұқымдарының бағасы 80 мыңнан 220 мың теңгеге дейін барады.
Сүтінің литрі – 1000 теңге
Бүгінде ешкі сүтінің 1 литрі 1000 теңге болып тұр, яғни сиыр сүтінен екі еседен аса қымбат. Неге? Өйткені оның шипалық қасиеті жоғары, сондықтан оны негізінен емге, ауыр науқастан соң адамды нығайту үшін пайдаланады.
Ешкі сүті әсіресе жаздың күндерінде күшейе түседі. Себебі жылдың бұл мезгілінде жануарлардың табиғи жайылымдарда қоң жинауына мүмкіндік мол. Ешкі еркіндікті ұнатады, жайылымда ол қақаңдап, малдың ең алдына түсіп алады. Шөптің дәмдісі де, құнарлысы да бірінші кезекте соныкі. Осындай құнарлы азықтар ешкі сүтіне пайдалы қасиеттерді молынан дарытады. Онда түрлі дәрумендер, минералдар, амин қышқылдары, пайдалы май қышқылдары көбейеді.
Ешкі сүтін адам ағзасы сиырдікіне қарағанда жеңіл сіңіреді. Оның құрамындағы лактоза сиыр сүтіндегіден 12 пайыз аз. Ол ас қорытуды жақсартады, фосфор мен кальций көп болғандықтан тісті, сүйекті нығайтуға да жақсы. Ешкі сүтіндегі ақуыздың ерекше қасиеті – ол адамды тез тойындырады. Ешкі сүтін таңертең ашқарынға, тамақтан бір сағат бұрын ішкен дұрыс. Кешкі тамақтан екі сағат өткесін ішкен де жақсы, ол жайлы ұйқыға сеп болады. Сүтті тым мұздай немесе ыстық емес, бөлме температурасындай жылылықта ішкен жөн.
Кей адам абайлап
ішуі керек
Ешкі сүті жақпайтын адамдар да болады. Оны ішсе, іші кеуіп немесе өтіп, мазасызданатындар бар. Сүттегі лактозаның аллергиялық әсер ететіні де болады. Сондықтан мұндай ерекшелігі бар адамдар, сондай-ақ ұйқы безі нашар, инсулинге тәуелді сусамырмен ауыратын, варикозы, тромбофлебиті барлардың ешкі сүтін аздап ішкені немесе мүлде ішпей-ақ қойғаны дұрыс болмақ.
Еті де – ем
Ешкі еті диеталық азық саналады. Құрамындағы ақуызды адам ағзасы жеңіл қорытады. «А», «В» тобының дәрумендері, темір, фосфор, магний, кобальт, калий, цинк сияқты пайдалы минералдар бар. Олар жүйке жүйесін тыныштандырады, иммунитетке, көзге, сүйектің, тері мен шаштың күйіне жайлы. Қан құрамын, зат алмасуын, ұйқы безі гормондарының түзілуін, су-тұз теңгерімін жақсартады. Қаназдыққа, қан қысымының көтерілуіне қарсы пайдасы бар. Асқазан-ішек жолдарының жұмысына жайлы әсер етеді. Онда қаныққан майлар мен холестерин аз. Ол қанға қақ тұруы, ишемия, инсульт сияқты жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін азайтады.
Дегенмен оны да тым тоя жемеу керек, аса жиі тұтынған да дұрыс болмайды. Ондай жағдайда бүйрекке жайсыз тиеді, несеп қышқылы көп түзілуі мүмкін. Кез келген нәрсенің қалыптан көптігі ағзаға салмақ салатыны анық. Ешкі етін жеген соң, әсіресе қуырдағынан кейін мүмкіндігінше мұздай су ішпеген дұрыс. Өйткені, ешкі еті тез тоңады. Ол асқазан-ішек, жүрек-қан тамырлары жолдарына зиянын тигізуі мүмкін.
