Әлеумет Басты жаңалықтар

Шұбарсу – шырайлы мекен

Tүркістан облысының кіндігі іспеттес, үшінші мегаполис – Шымкент қаласымен іргелес орналасқан Ордабасы ауданында көптеген өндіріс орындары, кәсіпорындар жұмыс істейді. Ауылшаруашылық саласында да айтулы жетістіктерге қол жеткізілуде. Ауданның әлеуметтік-
экономикалық өсімінің жоғары болуы себепті тұрғын үй саласы да қарқынды даму жолында. Инвестор тартуға да қолайлы, көлік-логистика саласы жолға қойылған.

Шұбарсу — осындай мүмкіндігі мол ауданның ең ірі елді мекендерінің бірі. Шымкентпен шектесіп жатқан Шұбарсуға бара қалсаңыз, қайнаған тіршілікке тап боласыз. Халық саны жоғары. Жергілікті тұрғындар шаруаға өте икемді. Кәсіпкерлік саласы дамыған, жағдай қаладағыдан кем емес. Шаруаның осылай өрге дөңгелеуіне өз үлесін қосып отырған Шұбарсу ауылдық округінің әкімі Әнуар Тұрсынбаевты әңгімеге тартып, ауылдың бүгінгі ахуалы туралы айтып беруін өтіндік.

– Әнуар Жантуғанұлы, Шұбарсу ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы қысқаша айтып өтсеңіз.

– Шұбарсудың тұрғындары аудан халқының 18-20 пайызын құрайды десем, қателеспеймін. Ауылдық округте 6170 түтін, 31380 тұрғын бар. Олардың қорасында 3347 ірі қара мал, 4947 уақ мал, 701 жылқы, 15 түйе бар. Бір жағы тұрғындардың өздерінің кәсіпке икемділігі, екінші жағынан Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектің арқасында халықтың әлеуметтік жағдайы жақсара түсуде. Нақты есепке жүгінсек, 1318 отбасының жағдайы жақсы деп танылса, 3976 отбасының жағдайы орташа деңгейде. Ауылда 14 мектеп, 14 балабақша, 5 мешіт, 125 сауда орны, 8 спорт нысаны, 3 денсаулық мекемесі мен мәдениет үйі және өрт сөндіру бекеті ел игілігі жолында қызмет етуде.

– Ауылдың әлеуеті жоғары екен, ал алғашқы жартыжылдықта қандай нәтижелі жұмыстар атқарылды?

– «Елді мекендердегі көшелерді жарықтандыру» бюджеттік бағдарламасына 25521,0 мың теңге жоспарланып, ол толықтай игерілді. Орталық Д.Қонаев атындағы көшенің жарықтандыру құралдары түгел ауыстырылды. «Аудандық маңызы бар қалаларда, ауылдарда, кенттерде, ауылдық округтерде автомобиль жолдарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету» бюджеттік бағдарламасына 17300,0 мың теңге жоспарланған болса, ол қаржы да ішкі көшелерге тас төсеу жұмыстарын жүргізу арқылы толықтай игерілді.

«Ауыл аманаты» жобасы арқылы 1 кооперативтің жылыжай кешені 29 млн. теңгеге қаржыландырылды. Жылыжай кешенінің жалпы алаңы 6,3 гектар. Одан бөлек өз қаржысы есебінен 15 адам жылыжай ашқан. Бүгінгі таңда жалпы 41 жылыжай жұмыс істеп тұр. Тағы 2 жылыжайдың құрылысы жүргізілуде. Міне, бұл Шұбарсу ауылында ауылшарушалық саласында қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанының дәлелі болса керек.

Шұбарсу ауылында жалпы жоба құны – 5,1 млрд теңгелік электрлендіру жұмыстары жүзеге асырылып, 13474 абонент жарықпен қамтылды. Былтыр Сұлтан Бейбарыс және Әйтеке би көшелерін жарықтандыру бойынша басталған жұмыс бұйыртса биыл толығымен аяқталмақ.

– Бір кездері Шұбарсуда ауыз су мәселесі күрделі болатын, бұл мәселе шешімін тапты ма? «Көгілдір» отын, жол, өзге де инфрақұрылымдар жайлы мәлімет берсеңіз.

– Шұбарсу елді мекенін ауыз сумен қамту бағдарламасы 5 кезең бойынша жүзеге асырылуда. 2021 жылы бірінші кезең толық аяқталып, 655 абонентке құбыр суы тартылды. Ендігі жерде қалған 4 кезең бойынша құрылыс жұмыстары аяқталу сатысында. Осы жылдың соңына дейін ауыл тұрғындары толығымен ауыз сумен қамтылады деген жоспар бар.

Табиғи газ жүйесін тарту жұмыстары да 2021 жылы басталып, бүгінгі таңда жалпы жұмыстың 70 пайызы аяқталды. Осы жерде ескерте кететін бір мәселе, аталған жобалар елді мекеннің ішкі газ жүйелері саналғандықтан газ жеткізуші желісінің (№19 АГТС-нан ҚТИА-на жеткізуші желі) құрылысына 2,3 млрд теңге қаржы қаралды, құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.

Жол сапасы жайын сөз етсем, Қызылқұмда – 1,4 шқ, Қ.Тоғанбаев ауылында – 3,8 шқ, Жұмбақтаста  – 700 метр, Алтынтөбеде – 700 метр,  Ж.Қожагелдиев ауылында – 1,5 шқ, Аманатта – 2,2 шқ, Ұзын атада – 1,9 шқ, Сарыағаш және Төле би көшелерінде 740 метр жол жөнделіп, жаңадан төселді. «Ақ жол» алабына, «Қуаныш-2» және «Қуаныш-3» алабының 5 көшесіне, «Прометей-Восход» және «Весна» алабының 8 көшесіне, жалпы алаптардың 10 шақырымға жуық жолына тас төселді. Қосымша 26 шақырым тас төсеуді ТҮКШ бөлімі мердігермен келіссөз жүргізіліп, бірінші кезекте «Строитель», «Ақ жол», «Нұр-17», «Геолог-2», «Арман-3», тағы басқа да алаптардағы топырақ жолдарға тас төселді. Оған қосымша аудандық ТҮКШ бөлімі тарапынан 48 шақырымға қаржы қаралып, 36 шақырымға тас төселді. Қалған 12 шақырым наурыз айында аяқталды. Жалпы 179 шақырымға тас төсеу жұмыстары жүргізілді.

– Алдағы жоспарларға да аз-кем шолу жасап жіберсеңіз…

– Жоспарларымызбен бөлесер болсақ, Т.Қауымбаев, Аманат, Бостандық, Тұран, Ұзын ата, Қожагелдиев көшелеріне тас төсеу ісі келесі жылдың еншісінде қалып отыр. Әйтеке би, Төле би, Н.Төреқұлов, «Шымкент-Самара» тас жолы бойынан «Атамекен» алабына қосымша кіріп – шығатын жол салу жұмыстары биыл қолға алынады.

Ауылымыз қанатын кеңге жайып, халық саны артқан сайын салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселесіне басымдық берілуде. Осы мақсатта Ә.Омаров, Сұлтан Бейбарыс, Қазыбек би, «Атамекен» тұрғын алабына ойын және спорт алаңшасын салуды жоспарлап отырмыз.

Халық саны көп болғандықтан, олардың қауіпсіздігі басты назарда. Сондықтан көшелерге бағдаршам орнату кезек күттірмейтін мәселе қатарына қосылды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Д.Қонаев, Төле би, Т.Қауымбаев көшелерінің бұрылыстарына бағдаршам орнату келесі жылы жүзеге асады деп отырмыз. Сонымен қатар жаяу жүргіншілерге арналған аяқжолды Ұзын ата, Қожагелдиев, Сұлтан Бейбарыс, Тәуелсіздік көшелері мен Қазыбек би көшесіндегі көпірге аяқжол құрылысы басталды.

– Әнуар Жантуғанұлы, сұхбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет. Алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан
Балқы БАЗАР.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *