Қыркүйектің үшінші аптасында жыл сайын Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup day) аталып өтіледі. Бұл күні қоршаған ортаға бей-жай қарамайтындар ауласын, көшені тазаруға үлес қосады. Науқандық іс десек те, негізгі мақсаты – жұртшылық назарын қоршаған орта тазалығына, қоқысты бөлек жинау мен қайта өңдеуге, экологиялық өмір салтын ұстануға аудару.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміз бойынша биыл қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы Шымкентте «Таза жағалау» атты экологиялық іс-шара осы айтулы күнмен орайластырылды. Атап айтқанда, әл-Фараби ауданы аумағында Қошқар ата өзенінің бойында тазалық шарасы өтті. Үшінші мегаполистің мақтанышына айналған өзеннің жағалауын тазалауға қала жастары мен «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелері қатысты.
– Халқымыз «Бұлақ көрсең көзін аш» деген нақылды босқа айтпаған ғой. Қошқар ата – суы мөлдір, таза әрі шипалы өзен. Өзеннің бастау алатын тұсына барып көрсеңіз оның суы қаншалықты таза екеніне көз жеткізесіз. Бұл – Табиғат-Анамыздың бізге берген үлкен сыйы. Егер өзеннің жағалауы мен сағасын үнемі таза ұстай білсек, Қошқар атаның суы бүкіл қаламыздан осындай тап-таза, мөп-мөлдір қалпында ағып өтер еді. Бұл қаладағы экологиялық ахуалға оң әсер етеді, – деген қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев қала тұрғындарын қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақырды.
Әрбір шымкенттік тазалықты өз ауласынан бастаса, қоғамдық орындарда қоқысты бей-берекет тастай салмау дағдысын қалыптастырса қаламыз таза болар еді. Қоқысты арнайы орындарға, жәшіктерге салуды әдетке айналдыруымыз керек.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және ұсақ құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидатын жүзеге асыру аясында Шымкентте «Таза Қазақстан» жобасына тұрақты түрде қолдау көрсетілуде. Полиция қызметкерлері әкімдік өкілдерімен бірлесе отырып, қоғамдық орындарды ластаушы тәртіп бұзушыларды анықтап, жауапкершілікке тарту жұмыстарын белсенді жүргізуде. Жыл басынан бері тәртіп сақшылары 55 мыңнан астам әкімшілік хаттамалар толтырып, 255 миллион теңгеден астам айыппұл салған. Мәселен, «Қоғамдық орындарды ластау» 434-2 бабы бойынша 10 902 құқық бұзушылық анықталып, тіркеліп, 145 миллион теңгеден астам айыппұл белгіленген. ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша «Қаланы абаттандыру, инфрақұрылымды бұзу, жасыл желектерді жою және бүлдіру қағидаларын бұзу» бойынша 20 974 құқық бұзушы анықталып, оларға 6 миллион теңгеден астам айыппұл салыпты. Сонымен бірге, ҚР ӘҚБтК-нің 630-бабы «Автомобиль жолдарын, темір жол өткелдерін және басқа да жол құрылыстарын бүлдіру» талаптарын бұзғаны үшін 22 770 адамға 103 миллион теңгеден астам айыппұл төлеу міндеттелген.
Естеріңізге сала кетейік, биыл арнайы белгіленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастап, ұсақ бұзақылық жасағандар үшін жаза күшейтілген болатын. Енді мұндай құқықбұзушылықтар үшін едәуір қомақты айыппұлдар салынып, әкімшілік қамауға алынады. Атап айтқанда, заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, анықталмаған орындарға коммуналдық қалдықтарды тастағаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынады. Сондай-ақ, 434-2-бап «Қоғамдық орындарды ластау» бойынша айыппұлдар артты. Саябақтарды, алаңдарды ластағаны және белгісіз орындарға коммуналдық қалдықтарды тастағаны үшін айыппұл 10 АЕК (бұрын 5 АЕК) құрайды. Бір жыл ішінде қайталап бұзған жағдайда айыппұл 10-нан 20 АЕК-ке дейін өседі. Ал 434-бап «Ұсақ бұзақылық» бойынша ғимараттарды, құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды, қоғамдық орындарды, көліктегі мүлікті және басқа да қоғамдық орындарды бүлдіру енді 50 АЕК (бұрын 20 АЕК) мөлшерінде айыппұл салуға немесе немесе 5 күннен 20 күнге дейін әкімшілік қамаққа алуды көздейді (бұрын 15 күнге дейін). Бір жыл ішінде қайталап құқық бұзушылық орын алса әкімшілік қамауға алу 20-дан 30 тәулікке дейін (бұрын 15 тәулікке) ұзартылады.