Қауыны күйген диқан
жыларман күйде
Түркістан облысының қиыр оңтүстік аудандары бақша өнімдерін молынан егеді. Қауыннан алынған биылғы өнімнің алдын Ресейге экспортқа шығарып, бір қуанған диқанды мамыр айында жиі жауған жаңбыр әбігерге салған жайы бар. Әсіресе Жетісай және Мақтаарал аудандарында қауын еккен диқандар шырылдап қалды. Бұл туралы бізге 10 гектар алқапқа қауын еккен Данияр есімді мақтааралдық азамат айтып берді.
«Биылдыққа оңбай шығындандық. Біз жақта қауын ерте көктемде, наурыздан бастап егіледі. Жерді жалға аламыз. Жал ақысы, тұқымды өсіру, оны алқапқа отырғызу, дәрісі бар дегендей, түрлі шаруаларға жұмсалатын шығыны көп бұл жұмыстың. Әр гектарға 2 миллион теңгеге дейін шығын жұмсалады. Мен биыл 10 гектарға қауын ектім. 3 гектарға еккен ерте пісетін «Аэропорт» сұрыбы толықтай шіріп кетті. Наурызда еккен «Жұлдыз» сұрыбының жартысы шіріді. Үшінші толқынмен еккендеріміз әзірге аман. Бірақ егер тағы да жаңбыр жауар болса, одан да айырыламыз. Көп диқандар алқаптың шіріген қауынын жинап, жерін айдатып тастады. Бір келі де қауын алмағандар бар», — дейді Данияр диқан.
Биылғы жиі жауған жаңбырдың себебін сан-саққа жүгіртетіндер бар. Диқандар «жасанды жаңбырдың кесірі тиді» деп ренжісе, мамандар «жасанды емес, табиғи жаңбыр» деуінен танбайды. Осы тұста санаға бір ой келеді. Ғылым мен технология дамыған заманда жаңбырды қолдан жауғызудың тәсілі табылса, ендеше қажет емес кезде оны тоқтатудың да жолы бар шығар? Жаңбырдың жиі жауғаны жақсы, алайда диқанның да жағдайын ұмыт қалдырған жөн емес. Шын мәнінде «жасанды жаңбырды» жаудыруға болатын болса, оны жалпы халыққа да, диқанға да тиімді етіп реттеп отыруға неге болмасқа?
Бар нәпақасын жомарт Жер-анадан күтіп, жыл он екі ай маңдайы терлеген диқан үшін осындай жақсылық жасайтын күндер келер ме екен? Қайырын бергей әйтеуір.
