Біле жүріңіз Мәселе

«ГОРИЛЛА» СЕРГІТПЕЙДІ…

                   

Бүгінде кез келген сауда нүктесінен «Горилла», «Ред-булл» сияқты энергетикалық сусынның түр-түрін табуға болады. Өйткені оны тұтынушылар көп. Себебі ол адамды тез сергіткендей, зейінін арттырғандай, қуаттандырғандай болады. Сондықтан жұртшылық оны қажет кезде ұйқыны ашу үшін, шаршауды басу үшін ішеді.

Дәрігерлер энергетикалық сусынды әсіресе жастардың жиі ішетінін, фаст-фудтарды көп жейтінін, мұның денсаулыққа зиянын тигізетінін айтуда. Мысалы, жүректің созылмалы жеткіліксіздігі бойынша Шымкент қаласының аймақтық координаторы Айнаш Балабекова жүрек жеткіліксіздігінің, өкпедегі ірі артерия тамырына қақ тұруының туындауына осындай сусындарды көп қолдану «өзіндік үлесін» қосып жатқанын айтады. Емдеу орындарына жүрек дертімен түскендердің өмір салтын сұрастырып көрген дәрігерлер осындай қорытынды жасапты. Алыс сапарға шығып, жүк жеткізетін көлік жүргізушілері арасында да түрлі жүрек дерттері жиі кездеседі екен. Мұның басты себебі де – энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтыну. «Құрамында қант, таурин және тағы да басқа қоспалар бар сусындар жүректі қатты соқтырып, шамадан тыс жұмыс істетеді. Ағзада инсулин бөлінуі артады да, өз кезегінде ол адамды бірден күшейтіп жібергендей болады. Ол сергіп, өзін қуаты артқандай сезінеді. Мұндай сусындарды күн сайын тұтынатын адамдар бірте-бірте оған тәуелді болып қалады», — дейді Айнаш Қамбарбекқызы.

Шамадан тыс көп ішілген қуаттандырғыш сусындардың адам денсаулығын нашарлатып, түрлі ауруларға ұшырататынына көз жеткізген елдерде оны сатуға тыйым салынған немесе түрлі шектеулер қойылған. Мысалы, АҚШ-та энергетикалық сусындар мүлде сатылмайды екен. Ал Ресейде оны сатқандарға қомақты мөлшерде айыппұл салынады. Бұл елде оған қатысты арнайы заң қабылданып, қолданысқа енген. Ресейдің мұндай қадамға баруының ең басты себебі – жастар денсаулығын сақтау. Көп қолданған жағдайда энергетикалық сусындардың жүрек-қан тамырлары ауруларына және басқа да дерттерге душар ететінін ғалымдар дәлелдеген.

Жарияланған деректерге қарағанда, энергетикалық сусындардың құрамында көп мөлшердегі қант пен тауриннен басқа тағы да оншақты әртүрлі заттар, түрлі өсімдіктердің сығындылары мен В тобының дәрумендері болады. Міне, осы заттардың әрқайсысы мөлшерден тыс қосылған жағдайда ағзаға зиянын тигізеді екен.

Энергетикалық сусынға қосылатын бұл заттардың әрқайсысының ағзаға белгілі бір шамада пайдасы бар. Олар ағзаны сергітеді, қуаттандырады, ағзадан зиянды заттарды қуады. Бірақ көп қосылған жағдайда олар тек зиян әкеледі. Ал сусын шығаратын орындардың оларды шамадан тыс қоспасына кепілдік жоқ. Олар тіпті сусын құтысының сыртындағы көрсетпеде оның құрамындағы заттардың әрқайсысының жеке мөлшерін нақтылап жазбайды. Оған көңіл бөліп жатқан тұтынушы да жоқ.

Ал осы қуаттандырғыш сусынды шамадан тыс көп қолдану соңы аритмия, коронарлық артериялардың кенеттен тарылып, жүрек бұлшық еттеріне қан баруының тежелуі, миокард инфаркті, миға қан бармай қалуынан аз уақытқа естен тану, жүректің кенеттен тоқтап қалуы сияқты қатерлерге де себеп болады екен. Көп ішілсе, ол жүйке жүйесіне, асқазан-ішек жолдарына да зиянын тигізеді. В3 дәрумені шамадан көп болса, бауырға зиян. Таурин көп болса, жіті бүйрек токсикозын тудырады.

Жалпы, В тобының витаминдері зейінді жақсартады, аңғарымпаздықты арттырады, қанттың қуатқа айналуына әсер етеді. Сондықтан оларды қуаттандырғыш сусындарға көп қосады. 1 банкіде ғана әр витаминнің бірнеше күндіктен нормасы болады екен. Ал шамадан тыс витамин де өте зиян. Ол ағзаны уландырады. Мысалы, В2 мен В6 дәрумендерінің ағзаға шамадан тыс көп түсуі бауырды семдіруі мүмкін екен. Бірақ өндірушілер бұл жағына аса мән бермейді. Олар қуат беретін сусындарға сұраныстың артуына ғана мүдделі. Сондықтан да сусынға күш беруі қуатты болып тез сезілуі үшін  түрлі қоспаларды шамадан артық қосады. Олардың ағзаны сергітетін әсері бәрі бірдей жұмыс істейді. В тобының дәрумендері қанттың сіңірілуін тездетеді, ол өз кезегінде кофеиннің қанға сіңуіне жол ашады. Осы ағзаны тез күшейтіп, сергітеді.

Бірден сергітеді, қуат береді деп энергетикалық сусындарға аса құмар болмаңыз. Оны шамадан тыс пайдаланбаған жөн. Денсаулық үшін одан түбегейлі бас тартқан да артықтық етпейді.

Х. АСАН.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *