Балық жүзген жерде енді мал жайылып жүр
«Шардара» су қоймасының Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосар үлесі орасан. Шардара өңірі мен көршілес Сарыағаш, Келес аудандарымен қатар Арыс қаласына қарасты ауылдардың егістік алқаптарын (жүздеген мың гектар жерді, оның ішінде күріш пен мақта егістігін) ағын сумен қамтамасыз етеді.
Одан бөлек, Шардара су-электр станциясы облыстың оңтүстігін жарықпен қамтамасыз етіп отырғаны тағы бар. Егер су көлемі азайса қойма жанындағы қуаты 100 МВт болатын «Шардара» су электр станциясы жұмысын жалғастыруы неғайбіл. Ондай жағдайда Оңтүстіктегі 6-7 аудан мен Өзбекстанның бірнеше ауданы жарықсыз қалады. Мұндай қауіптің алдын алу үшін су қоймасында тіршілік көзі жеткілікті деңгейде сақталуы өте маңызды.
Бүгінде жылдам жаһандану, әлемдік жылыну үдерісінің салдарынан дүние жүзінде су тапшылығы күн тәртібінен түспейтін тақырыпқа айналуда. Бұл мәселе бастауын Ауғанстан мен Өзбекстаннан алатын «Шардара» су қоймасынан да айналып өтпейді. Тіпті, қойманың болашағына күмәнмен қарайтындар да табылады. Себебі, жалпы сыйымдылығы 5,2 миллиард текше метрді құрайтын су қоймасында өткен жылы су көлемі он еседен де төмендеп, 300 мың текше метрге дейін азайғаны көпшілікті ойландырып қойды. Мұндай құлдырау бұрын-соңды болған емес.

Бұл былтырғы, қуаңшылық салдарынан орын алған жағдай деп жайбарақат отыра алмаймыз. Өйткені, қоймадағы су көлемі қазір де күздің бел ортасына таяғанына қарамастан қалыптағыдан төмен болып тұр. Бір кездері дәл осы мерзімде асау толқыны бірін-бірі қуалап келіп, соғылып жататын жағалауда қазір мал жайылып жүр. Жетісайдан шыққаннан Шардара қаласына жақындағанша шағаласы шулап, балығы тулап, қызыға қарайтын жағалаудың біраз бөлігі қурап, тақыр шөлге айналғанын көріп еріксіз қынжыласың. «Жағдай бұлай жалғаса берсе, енді бір 10-20 жылдан кейін «Шардара» су қоймасының орнына мал жайып кетпейміз бе?» деген шаруалардың күдігі орынды.
Былтырғы қуаңшылықта ағын сумен қатар ауыз судың да тұрғындарды титықтатып, биліктегілерді әбіржіткені бар. Сол күрделі жағдай Шардара қаласын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында ондаған жылдардан бері сөз болып келе жатқан «Тама-Тастанбек» жобасын тез арада жүзеге асыруға мәжбүрледі. Жоба іске қосылғаннан кейін 40 мың қала тұрғыны ауыз су мен техникалық суды тұтынуды тоқтатып, бұл жағдай қойма суын үнемдеуге мүмкіндік туғызды. Алайда, биыл Өзбекстан тарапынан шаруаға дәл су қажет кезде оның көлемін азайтып жіберуі, Ауғанстан мен Өзбекстанда жаңадан су қоймаларының салынып жатқандығы айтарлықтай алаңдауға негіз болатын фактор. Алатақиялы ағайындардың жыл сайын егістік көлемін кеңейтіп, көбейтуі де ойлантпай қоймайды. Жағдай осылай жалғаса берсе, ондаған жылдардан кейін «Шардара» су қоймасын сақтап қала аламыз ба деген сауал күн тәртібіне көтерілетіні талассыз. Қажет десеңіз, бұл сауал қазір де, екі мемлекет үшінде өте маңызды болып тұр. Бір кездергі Арал қасіреті де осылай басталғаны тарихтан мәлім. Каспий теңізі мен Балқаштың да жыл сайын жағалауы кері шегініп бара жатқаны алаңдауға негіз. Ал оның оңды шешімі мемлекеттік деңгейде қаралмаса, бұл жергілікті биліктің құрығы жетіп, құзыры жүретін шаруа емес.
«Шардара» су қоймасының бүгінгі ахуалы мен болашағы жайында сала мамандары не дейді? Осы мақсатта «Қазсушар» мекемесіне қарасты Шардара су қоймасы бөлімшесінің басшысы Ермек Исаға хабарласып, көкейдегі сауалдарды қойдық. «Шардара» су қоймасының іске қосылғанына 2 жылдан кейін 60 жыл толады. Осы кезге дейін тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Алдағы уақытта да алаңдауға негіз жоқ. Бәрі бақылауда. Нақты деректерді айтар болсам, қоймада қазір 1 миллиалрд текше метр су бар. Су көлемі біртіндеп көтерілуде. Жоспарға сай секундына 500 текше метр су құйылып жатыр. Күзгі жауын мен қыстың қары, Өзбекстаннан келетін судың есебінен тез көтеріледі. Жоспардағы 5,2 миллиалрд текше метр деңгейіне жетеміз. Рас, өткен жылы біршама қиындық болды. Бірақ ол енді қайталанбауы тиіс. «Тама-Тастанбек» топтық су құбыры арқылы Шардара қаласы тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтылды. Бұл қойма суын үнемдеуге мол мүмкіндік. Ал енді Жетісай бағытындағы жағалау суының кері қашқаны – ол жақтың биік болғандығына байланысты, яғни су азайған жағдайда бірінші кезекте осы жағалаудағы су кері тартылады», – деді бөлімше басшысы.
Жалпы, «Шардара» су қоймасы бір кездері ғасыр жобасы ретінде бағаланып, егін мен балық шаруашылығы дамыды. «Шардара» су-электр станциясы миллионнан аса тұрғынды жарықпен тұрақты қамтамасыз етіп тұр. Ал соның бәрінің жұмысын тоқтатуы… Елестетудің өзі қорқынышты. Сондықтан «Шардара» су қоймасының болашағы мемлекеттік деңгейде бағаланып, қорғалу қажеттігі айтпаса да түсінікті.
Балқы БАЗАР.
