Басты жаңалықтар Біле жүріңіз

Түйе – түлік төресі

Ежелден тіршілігі мал шаруашылығымен біте қайнасқан бабаларымыз үй жануарларын қастерлей білген. Төрт түлікті түгендегенде түйені басында, бірінші атайды. «Түйе – түліктің төресі, малдың ұлығы» дейді.

«Біз оларды сынау үшін түйелерді жібереміз»…

Түйе туралы қасиетті кітабымыз Құран Кәрімде бар. Сенушілер мен сенбейтіндердің тағдыры талқыланатын Қиямет күні жөнінде, Дәуіт пен Сүлейменнің әңгімелері туралы баяндалатын «Сәбә» сүресінің 14-ші аятында түйе туралы айтылады. Дін ғұламаларының тәпсірлеуінше, «Құдай түйелерді адамдарға нығмет тарату және оларға Өзінің құдіретін еске салу үшін пайдаланады». Ал «Ғашия» сүресінің 7-аятында: «Олар түйелердің қалай жаратылғанын көрмей ме?» деп, «Қамар» («Ай») сүресінің 27-аятында: «Біз оларды сынау үшін түйені жібереміз. Сондықтан күте тұрыңыз және сабыр етіңіз» деп айтылады.

Табанынан төбесіне дейін төзімді

Мән беріп қарасаңыз, түйенің түрінде де, тіршілігінде де ойландыратын ерекшеліктер жетерлік. Солардың ашық дерек көздерінде жарияланған біразын жинақтап, назарларыңызға ұсынуды ұйғардық.

Түйе қазіргідей көліктің түр-түрі жоқ замандарда ел мен елді жалғап, сауданы қыздырып, логистиканы жолға қоюға қызмет еткен. Ол күй талғамайды, құрғақ, шөлді аймақтарда тіршілік етуге бейімделген. Тек жүні қырқылған алғашқы аптада ғана өкпек жел, жауын-шашын мен суыққа ұрынбауын қамтамасыз ету керек. Сусыз ұзаққа шыдайды. Ал су бар жерді 50-60 шақырым қашықтан сезеді. Тұзды-кермек суды да іше береді. Қыста да қораны керек етпейді, азығын ен даладан өзі тауып жейді. Тіпті сояу тікенді өсімдіктермен де еркін қоректенеді. Сусыз шөлде азыққа пайдалану үшін өркешіне май жинайды. Аптап ыстық, шөлейтте өркеш майынан бөлінген суды пайдаланады. Ол бір күнде 200 литрге дейін су ішеді, оның ылғалын ұзақ сақтай алады. Денесінен 40 пайыз ылғал жоғалса да жүк тасуға қауқарлы. 300 килоға дейінгі жүкті көтеріп, 22 шақырымға дейін тоқтаусыз жүре алады. Тұмсығы құмды боранда тыныс алу жолдарын құм түсуінен сақтау үшін тез жиырылып, жабыла алады. Табаны жалпақ және астыңғы жағы сүйелді, жұмсақ көнді болып келеді, сусыған құмда, шағыл үстімен  жүргенде батпайды. Кеудесінде, тізесі мен тілерсегінде сүйелді, сірілі, түксіз тықыр жерлері болады. Шөккен кезде ыстық құмның әсерін сезбейді, ыстық құмда қалағанынша жата алады. Көзінің астында орналасқан сүйектері сыртқы соққылар мен күн сәулесінің тіке түсуінен қорғайды. Ұзын әрі мығым кірпіктері көзін құм, топырақ түсуден сақтайды. Көзінде үш қабағы болады, құм түсіп кетсе, мөлдір үшінші қабағы бөтен затты ығыстырып шығарады. Мойны басын көтеріңкі ұстап, шаң мен топырақтан қорғап тұрады. Қатты еріндері тікенді, жантақты жеуге қолайлы.

Сүті мен жүні радиациядан қорғайды

Ересек түйелердің салмағы 700-800 килоға дейін тартады. Бұл жануардың бүгінде әлем бойынша саны 19 миллион шамасында ғана. Қос өркешті және бір өркешті түрлері болады. Ғылымда оларды тиісінше «бактриялық» және «дромадер» деп атайды. Бактриялық, яғни айыр өркешті түйенің қазақ, қалмақ және монғол тұқымдары бар. Қазақтың айыр өркешті түйесі құрғақ далалы, шөл-шөлейтті жерлердің жағдайына жақсы бейімделген, аңызақ ыстыққа, үскірік аязға төзімді келеді. Дромадер (бір өркешті түйе) де ыстыққа төзімді, бірақ қатты аязға шыдамайды.

Түйенің сүтінен емдік қасиеті бар шұбат (қымыран), май, ірімшік алынады. Сүтінің майлылығы жоғары. Оның құрамында адам ағзасына қажетті ақуыз, витаминдер, әсіресе «С» дәрумені мол. Шұбат өкпе, асқазан, ішек ауруларына бірден-бір шипа, қанды толықтырады. Шұбатының, жүнінің радиацияға қарсы әсері бары анықталған. Жүнінің 85 пайызы таза түбіт болып келеді. Шудасы да қымбат бағаланады. Оны буын, құяң, бүйрек ауруларына және радиацияға қарсы ем ретінде пайдаланады. Шудадан бағалы тоқыма бұйымдар жасалады. Еті тағамға қолданылады. Терісі де тұрмыста пайдаланылады.

Буаздық мерзімі – 13-14 ай

Түйе 30-35 жыл өмір сүреді. Ұрғашылары 3-4 жаста, еркектері 5-6 жаста жыныстық жағынан толық жетіледі. Сыңар өркешті түйенің буаздық мерзімі – 13, айыр өркешті түйенікі 14 айға созылады. Екі жылда бір рет боталайды. Ботасы нәзік, ерекше күтімді қажет етеді, анасын 18 айдай еміп жетіледі. Ботаны «ботақан», «көшек» деп те атайды.

Түйелердің шағылысу кезеңі қаңтардан сәуірге дейін созылады. Үлек (жалқы өркешті нар түйенің бұйра жүнді, бойы биік, алқымында ұзын жүні бар, шалқұйрықты таза тұқымы) 30 түйені, ал бура (қос өркешті түйенің таза тұқымды, келеге түсетін аталығы) 20 түйені қашыру мүмкіндігіне ие. Қос өркешті түйенің аналығы «інген», жалғыз өркешті таза тұқымды бұйра жүнді түйенің аналығы «аруана», «мая» деп аталады. Бір қызығы, жалғыз өркешті кәрі түйені «кейуана» деп атаған. Нарбота – аруананың жасқа толмаған төлі. Інген мен Бактрия түйесінен туған төлді «қоспақ» деп атайды. Қоспақ түрлеріне, пайдалануына, қанына қарай нарқоспақ, балқоспақ, мырзақоспақ, аруана, желмая, нар деп бөлінеді. Жампоз – жалғыз өркешті аруана мен айыр түйенің бурасынан алынған асыл тұқымды ұрпақ. Бүлдіршін – үш жасқа шығар қайымаған түйе. Буыршын – аруана мен үлектен туған төрт жасар жас бура. Атан – төрттен асқан, піштірілген, ірі айыр түйе. Желмая – шөлге төзімді, күшті, жалғыз өркешті жүйрік түйе.

Жалпы, қазақта түйенің түріне, жасына, жынысына қарай бірнеше ондаған атауы бар.

Д. НҰРПЕЙІС.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *