Әлеумет Басты жаңалықтар

«Жаны жаралы жандарды емдеп жүрміз»

Түркістанда «Асыл-Жан» деген психологиялық-сауықтыру орталығы бар. Жұмыс істеп келе жатқанына екі жыл болды демесеңіз, бұл орталықтың ашылғанына келесі жылы 5 жыл толады. Бұған дейін Қызылорда, Астана қалаларында жұмыс істеген орталықты белгілі ақын Асылзат Арыстанбек құрбысы Жанар Болатбекқызы екеуі ашқан.


Иә-иә, отызға жуық танымал әндерге сөз жазып, өзі де кезінде республикалық «Мырза» газетінде қызмет атқарған әріптесіміз – Асылзат құрбысы екеуі осылайша бүгінде дертіне шипа іздегендердің жанын емдеп жүр.

Түркістандағы «Асыл-Жан» психологиялық-сауықтыру орталығы әсіресе онкологиялық дертке шалдыққан ауруларға психологиялық көмек көрсететін әзірге еліміздегі жалғыз орталықтардың бірі. Ал оның негізін қалауға не түрткі болды?

Асылзатты жасқы танитындар біледі. Осыдан оншақты жыл бұрын ол қатерлі ісік ауруна шалдықты.

–2009 жыл болатын. Мида ісік бары анықталды. Әрине бастапқыда ол анау айтты қатерлі бола қоймады. Көлемі де үлен емес еді. Оның үстіне мен бұл дертке немқұрайлы қарадым. Мән беріп, дер кезінде ем қабылдауға мұршам да болмады. Отбасылық жағдайлармен Астанаға қоныс аударған кезім. Жұмыстан қалмау керек, «ананы істеп алайын, мынаны тындырып алайынмен» өмір өтіп жатты. Сөйтіп жүргенде 2014 жылы анам қайтыс болды…  

Асылзаттың еңсесін езіп, күйретіп кеткен де осы өлім. Аяулы жаннан айрылу нәзік жанды ақын қызға ауыр соқты. Инсульт алып, сол жақ аяқ-қолы істемей, тілі күрмелді. Асылзат төсекке танылған сол күндерді бүгінде жылы жымиыспен еске алғанымен ол кездің қиындығын осы жолдан өткен адам ғана түсіне алатыны белгілі. Дәл осы кезде аурухананың неврологиялық бөлімінде ем қабылдап жүрген оған дәрігерлер басындағы ісіктің ұлғая түскенін, тез арада онкологиялық ауруханаға барып емделуі керектігін айтады. Қайғыдан қабырғасы қайысып жүрген жанның тағы да аурухана төсегіне танылып, ондағы сұр қабырғаларға телміріп жатудан жүрегі айныды. Оның үстіне осы аралықта ол жүкті екенін білді. Бұған дейін құрсаққа біткен шараналарынан айрылып қала берген ол «бұл баланы қалайда тууым керек» деп тас түйін шешімге келді. Мұндай кезде қатерлі іскті емдеуге қолданылатын дәрі-дәрмегіңіз де, химиялық ем-дом да іштегі балаға зиянын тидірмей қоймасы тағы бар.

Асылзат онкологияға қатысты ем домнан қашып жүріп, аман-есен қызын дүниеге әкелді. Алайда дерт дендеген ағза әлсіреген, оған бала босанудан кейінгі әйелдерде жиі кездесетін депрессия қосылды. Стресс. Тығырықтан шығар жалғыз жол, химия-терапияға келісім беру. Емшектегі баласын енесіне берді де ауруханаға жатты.

–Маған сол кезде көптеген адамдар көмектесті. Ақын-жазушы, әнші, композитор, бәрі де қолдарынан келгенше қолұшын созді. Әлеуметтік желі арқылы науқас адамға қаржы жинау «сбор» деген менен басталды ма деп те ойлаймын. Ол осыдан 8-9 жыл бұрын еді. Ауруханада ұзақ жатып ем алуым үшін көп қаражат керек болды. Маған материалдық та моральдық та тұрғыдан көмектескен сол адамдардың бірін де ұмытқан жоқпын. Ұмытты деп ойлайтын шығар. Жоқ, бәрін де білемін. Бәріне ризамын.

Асылзаттың осылайша 7 рет химия-терапия қабылдауына тура келді. «Сіздің ісігіңіз 6 сантиметр болып тұр. Сәл кішірейсе басқа ем жасаймыз» деген дәрігерге «салмағым 80 келі, бойым 1.52. Миллиардтаған сау жасушасы бар үп-үлкен адаммын. 6 сантиметрлік бір клеткадан жеңіліп жатамын ба?» деген ол бұлай жеңілуге  болмайтынын ұқты. «Химиясына көнгенмен, басыма ота жасауға келісім бермедім» дейді. Ал онкологиялық ісік агрессиясын тоқтатпады. Деңдеп барады. Бәріне қолды бір сілтеп Астанадан ауылға көшіп кетті.

Қызылорданың ауылды жерінде тіршілік ете жүріп, алдағы күннен үмітін әлі де болса үзбеді. Ауырған адам жанына шипа болар ем-домды іздейтіні рас қой. Асылзат сол кезде барып психологиялық көмек, мидағы команданы басқаруға арналған түрлі жаттығулар барын білді. Ізденді, оқыды, жасап көрді.

«Ойша жаттығу жасау» программасын 3-4 ай үзбей қолданды. Ағзада өзгеріс бары білінді. Ауруханаға барып арнайы сараптамаларды тапсырып көрді, дәрігерлер жан-жақты тексерді. Расында да жаттығу оң нәтиже берген. Ісіктің беті қайтқан.

–Осыдан кейін мені телеарналар түсіріп, түрлі ток-шоуларға шақырып, қатерлі ісіктен қалай айыққанымның сырын сұрай бастады. БАҚ беттерінде білгенімнің бәрін айтып бөлісіп отырдым. Десе де жеке-дара келіп, мені алыстан іздеп тауып «қалай жазылдың? Айтшы, мен де жазыламын ба? Химия-терапия жасатайын ба? Операцияға келісім берейін бе, жоқ па?» деп сұрайтындар көбейді. Сол кезде өзім сияқты жандарға қолұшын беретін, дертін естігенде дағдарып қалатын адамдарға жөн сілтейтін орталық ашу керектігі туралы ой келді. «Асыл-Жан» психологиялық-сауықтыру орталығы осылай ашылды, -дейді Асылзат Арыстанбек.

Орталық Қызылорда қаласында жұмыс істеп тұрған кезде белгілі онколог дәрігер Асылай Әнуарбекқызы «Асыл-Жанның» сенімді көмекшісі болды. Орталыққа келушілерге онколог-дәрігер ретінде көп кеңесін беріп, бағыт-бағдар сілтеп отырды. Қазір де Асылзат білікті дәрігерден кеңес сұрап, орталыққа келушілердің диагнозы бойынша нұсқаулықтар алып отырады.

Осынау жылдар ішінде бұл орталықтан онкологиялық дертпен ауырған 3 мыңнан астам адам ем-дом алды. Асылзат ұсынған терапияның жеңілдігін көрді. 200 ден астам науқас дертінен құлан-таза айықты.

–Біздің орталық мемлекет тарапынан ешқандай қаржы алмайды. Емделушілерге ұсынылатын қызметіміз ақылы. Сол ақыға 7 күн бойына үш мезгіл ыстық тамақ ұсынып, үйдегідей жағдай жасаймыз. Біздің артықшылығымыз да сол. Ауруханадағыдай емес, бізге келгендер тура өз үйінде жүргендей сезінуі керек. Сондай орта қалыптастырамыз. Дастархан басына 10-15 адам бірге жиналып ас ішеміз. Ішіміздегі мұңды ақтарып сырласамыз. Емін-еркін туыс-бауырдай жүреміз.

Асылзаттың айтуынша «Асыл-Жан» орталығынан ем алғандардың арасында еліміздің түкпір-түкпірінен келетіндерден бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейдің біздің елмен шектесетін өңірлерінен келетіндер де бар. «Қытайдан келіп ем қабылдаған азаматтардың айтып баруымен ол жақтан да хабарласып жатқандар бар. «Бізге де келіңізші» деп өтініш айтуда, өз елдеріне шақыруда» дейді ол.    

«Асыл-Жанның» емімен айыққандар уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Белгілі сазгер, ақын Бейбіткүл Нұрымқожинаға дәрігерлер аутоиммунды «красный волчанка» деген диагноз қойған болатын. Ол да жанына жалау іздеп осы орталыққа келеді. Қазір дертінен құлан-таза айығып, өзі де психосаматикамен айналысуда.

«Емделушілерімді Бейбіткүлге де жіберіп отырамын. Өз басынан өткерген адам ғана дертті жанның көңіл күйін жақсы түсінеді. Ем жасау жолын дұрыс нұсқайды» дейді Асылзат Арыстанбек.

Ақтөбеден келген Гүлмира ханымның да дерті бірден біліне қоймаған. 30 жыл бойына аспаз болып еңбек еткен ол ішектегі ракты 2-ші сатысында ғана білген. Шынтуайтында дәрігерлердің де көпшілігі ағзадағы қатерлі ісікті бірден анықтай алмайды. Сатысы өскенде ғана білінетін түрі көп. Ал дерті асқынғанда ем қонбай қиналатындар баршылық. Химия-терапиялық ем жасаса да шипасы болмайтын жағдайлар да жоқ емес. Бұған диагнозын естіген жанның өмірден күдер үзіп, салы суға кететін көңіл күйін қосыңыз. Айналаның бәрі де қызықсыз, жақындарынан баз кешіп жүретін жандарға үміт сыйлау, дерітінен айықтыру қиын-ақ.

Ақтөбелік Гүлмира ханымға да оңай болмады. Асылзат ұсынған  «ойша жаттығу» жасаудың арқысында дерітнен айқты. «Қазір ол Ақтөбедегі «Даму» клиникасында психолог болып қызмет атқаруда» дейді Гүмира жайлы айтқанда Асылзат.

«Қатерлі ісікпен алысып түрлі ем қолданып, ақырында ойша жаттығу жасау методикасымен емделген тоғыз жылға жуық уақыт аралығында, орталық ашып өзі сияқты жандарды айықтырған соңғы алты жылда Асылзаттың өзі де онколог дәрігерлен кем емес болып алған» дейді оны жақсы білетіндер. Расында да Асылзат орталыққа келген жандарға химия алу, алмау, ота жасату жасатпау турасынан кеңес бере алатын дәрежеде.

–Біздің орталыққа келу үшін емханадан арнайы жолдама қажет емес. Біз психологиялық тұрғыдан көмек көрсетеміз. Адамдардың жанын емдейміз. Жанына жара салып алғандар өте көп. Олар тек онкологиялық аурулар ғана емес, бала күнгі тиым, ұрыс-керіс, үлкендерден көрген зәбірден де психологиялық жарақат алғандар бізге келіп емделіп жатады. Тұрмыстағы түйіткілден шаршағандар, тіл табыса алмай қиналған ерлі-зайыптылар, өзіне өзі сол салмаққа ұмтылған, сынақты көтере алмай сыр бергендер де біздің орталыққа келіп шипа іздеуде.
Бастапқыда орталықта ем қабылдауды 10-12 күн деп белгілегенбіз. Қазір, біз қолданатын терапияның әсер ету мерзіміне қарай 7 күнге қысқарттық. «Ойша жаттығу жасау» методикасын жетілдіре түстім. Авторлық әдістемем ретінде мидан онкоклеткаларға берілетін сигналды басқару, иегруді үйрендік. Реті келгенде білікті дәрігерлерден, шетелдік профессорлардан онлайн сабақтар алып отырамын, -дейді А.Арыстанбек.

Асылзаттың шығармашылық ортада ақын ретінде танымал екендігін жоғарыда айтқанбыз. Оған «Шығармашылық жоспарлар қалай болып жатыр?» дегеніміз де содан еді.

–Бұған дейін өлеңдер жинағы болып екі кітабын жарық көргені белгілі. «Дертті жеңуе болады» деген кітабым 5 мың данамен елге таралып кетті. Сол кітапты да қайта басып шығарсақ па дейміз. Тағы екі кітап болатындай дүние жинақтап қойдым. Әрине оның бәрі де өлең емес. Эсселер, қысқа әңгімелер де бар. Психологиялық иірімге толы шығармалар жазып жүрмін. Лирика да азаматтық поэязия да бар. Десе де шығармашылық ортадан сырттап қалғаным рас. Оның үстіне бұрынғыдай замандас ақындар жиі бас қоса бермейтін болдық. Өлең оқып, жыр тыңдауға уақыт та тапшы. Орталықтың жұмысын кеңейтуді, бізден ем алған азаматтардың басын қосып 5 жылдықтың құрметіне үлкен семинар өткізуді де жоспарлап жүрмін. Осындай жұмыстардың жетегінде жүргендіктен мені қазір көпшілік ақындықтан гөрі психосаматик маман ретінде жақсы танитын сияқты…
Осылай деген Асылзаттың шынайы күлкісі жан жадыратады. Жігері мұқалмаған жанның ауыр дертті жеңіп қана қоймай, өзі бастан өткерген қиындықтан өзгелердің жеңілірек жол табуына болысып жүрген болмысына ризамыз.
Ал, сізге алда-жалда психологиялық кеңес, психо-терапиялық ем қажет болса, «Асыл-Жанға» барыңыз. Түркістанда ол.

Ж.Жайлаубекқызы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *