Мәселе

НЕГЕ БАҚЫЛАУ БОЛМАЙДЫ?

Мен Шымкент қаласының Қарабастау тұрғын алабында тұрамын. Біз күнде жұмысқа қатынайтын Қаратөбе жолы жақсы еді. Осыдан үш жылдай бұрын кәріз желісін жаңарту мақсатында жолдың шетін қазды. Уақытында басталған жұмыс ұзақ уақыт аяқталмай, тұрғындарды бір әбігерге салып еді.

Не керек, құбыр жаңартылып, бұзылған жол жөнделді. Оған да шүкіршілік еттік. Бірақ сапа көңіл көншітпейді. Бір жөнделген жол қайта-қайта бұзылады. Нақты айтсам, кілем зауыты тұсында ұзындығы 40 метрдей жердің асфальты қаншама рет ойылып кетті. Бұл ойыққа қаншама көліктер түсіп кетіп жатыр. Жүргізушілер кімге шағымдануды білмейді. Амалдап көлікті ойықтан шығарып алып, өз жөндерімен кете береді. Жауап беріп жатқан жан жоқ.

Осы орайда мердігердің жұмысты қаншалықты сапалы атқарғаны туралы сұрақ туындайды. Мейлі, мердігер жұмысты сапасыз атқарсын делік, бірақ соны бақылайтын мемлекеттік мекемелер бар емес пе, солар қайда қарайды? Тапсырыс беруші басқармаларды басқарып отырған азаматтар өздері де тікелей қадағалап, қармағындағы адамдарға да жұмыстың қалай жүріп жатқанын бақылауды қатаң тапсырса болмай ма? Халықтың обалын кім ойлайды? Сол басшылардың үйінің алдын бір мердігер қазып, ми батпағын шығарған күйі немесе жұмысты шала-шарпы аяқтап кетсе қайтер еді? Әрине, үнсіз жатпайды деп ойлаймыз. Бұрынғы қалпынан жақсы етпесе, төмен деңгейде істетпесі анық. Жол — мемлекеттің меншігі. Олай болса, мемлекеттік қызметкер неге мемлекет мүлкіне өз мүлкіндей жанашырлықпен қарамайды?

Қазір кемшілік жайлы сөз болса бірден «мердігердің кепілдік мерзімі бар» деген сылтауды алға тарту әдетке айналды. Иә, оған талас жоқ, бірақ, онсыз да жұмысын сапалы атқарса болмай ма? Кепілдік мерзімі аяқталғаннан кейінгі жағдай не болмақ? Іс бітті, қу кетті болып, кейін қайтадан халықтың маңдай терінен құралған қазынадан ақша бөліп, шығын шығара береді ме?

Айтайын дегенім, кез келген жол немесе басқа да нысанды бұзған мердігер оның қайта сапалы етіп қалпына келтіру жағы қатты қадағалануы тиіс. Әйтпесе, әр жөнделген нысан халықтың жүріп-тұруына кедергісін келтіріп жатса, бақылаушы органдардан не үміт, не қайыр?

Ә. НАУАЙЫ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *