Жергілікті тұрғындардың арманы осы
Түркістан облысының Қазығұрт ауданына қарасты Алтынтөбе елді мекенінің тұрғындары ауылдарында жұртшылыққа сапалы да қолжетімді көмек көрсете алатын аурухананың болғанын қалайды. Бұл жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасына, облыс әкіміне, кейін Денсаулық сақтау министрлігіне бірнеше мәрте хат жолданған. Дегенмен әзірге бұл әрекеттерден айтарлықтай нәтиже шықпай тұр.
Алтынтөбеліктердің атынан жазылған хат иесі Балтагүл Мырзахметованың айтуынша, ауылда бүгінде 10 мыңға жуық адам тұрады екен. Онда қазір тек дәрігерлік амбулатория ғана жұмыс істейді. Осы амбулатория мен мектеп және балабақшадан басқа тұрақты жалақысы бар жұмыс та жоқ. Сондықтан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға тіркелмегендер көп. Ауыра қалған жағдайда порталға тіркелу қажеттілігі туындаса, ол үшін кемінде 20 күн, 1 ай уақыт күтуге тура келеді. Тиісті сынамалар тапсырып, рентгеннен, ультрадыбыстық зерттеуден өтіп, олардың нәтижесін апарып өткізу үшін аудан орталығына бірнеше мәрте қатынау керек болады. Аудандық ауруханаға жатуға портал бойынша жолдамамен барғанның өзінде көп адамға онда емделу мүмкіндігі тие бермейді. Өйткені, ауданға қарасты 13 ауыл округінен барған науқастардың бәріне бірдей орын жетпейді. «Порталдың келуін» күтіп жүріп қайтыс болған адамдар да бар. Өзімнің туған інім сол портал бойынша кезегі келуден бір күн бұрын қайтыс болған. Осылай екі ортада сенделіп жүргенде сәби шетінеген оқиғалар да орын алған», — дейді Балтагүл Мырзахметова бұл жөнінде.
Қысқасы, ауылда жаңа аурухананың салынуы немесе ескісінің күрделі жөндеуден өткізілуі алтынтөбеліктердің көп жылдардан бергі аңсаған арманына айналып тұр екен.
«Осы мәселеге орай облыс әкіміне хат жазғанмын. Ауылдастарымның жанайқайын жеткізбек болып облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевке де хат жолдадым. Онда аурухананы жаңадан салу мүмкін болмаса, ескісін күрделі жөндеуден өткізіп беруін сұраған едік. Ол кісіден жауап келді, бірақ бізді қанағаттандырмады. Сосын мән-жайды түсіндіріп Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға хат жаздым. Министрліктегілер хатымды облысқа жолдапты, ал облыс бұрынғы жауапты қайталай салған. Жанайқайымыз жаңғырық күйі қалатын болғандықтан, бұқаралық ақпарат құралдарының көмегіне жүгінгенді жөн көрдік», — дейді Балтагүл Мырзахметова.
Б.Мырзахметоваға облыстық денсаулық сақтау басқармасынан келген жауаптың бірінде елді мекендерде салынатын медициналық мекемелерге қатысты норматив жөнінде түсіндіріліпті. Яғни 50-ден 500 адамға дейінгі тұрғыны бар елді мекенде медициналық пункт, 1500-ге дейін адамы бар елді мекенде фельдшерлік-амбулаториялық пункт, 5 мыңға дейін тұрғыны бар ауылда амбулатория, 5 мыңнан 30 мыңға дейін адам тұратын ауылдарда бастапқы медициналық-санитарлық көмек орталығы болуы тиіс екен. «Нөмірлі аурухана салынуы үшін ауыл тұрғындарының саны 30 мыңнан асқан болуы керек» деп айтылған», — дейді Б.Мырзахметова.
Алтынтөбе – аудан орталығы Қазығұрт кентінен 30 шақырымдай жерде орналасқан ауыл. Тұрғындарының ел қатарлы өмір сүргісі, заманауи игіліктерді пайдаланғысы келеді. Негізі Қазығұрт ауданының көптеген ауылдары табиғи газбен қамтылған. Ал Алтынтөбедегі ескі аурухана ғимараты әлі күнге дейін пешке от жағып жылытылады екен. Кемінде жарты ғасыр тұрған нысанның іргетасы биік етіп құйылған, күйдірілген қыштан қаланған. «Осының өзін күрделі жөндеуден өткізіп берсе тағы да 60 жыл қызмет көрсете алар еді», — дейді Б.Мырзахметова.
Алтынтөбеліктерді алаңдатқан бұл мәселе әлеуметтік желілерде де жарияланды. «Нысана» сайтында жарияланған хатты оқып, пікір қалдырып жатқан азаматтар аз емес. Солардың бірқатары төмендегідей ой айтады.
Баян Рымбекова: — Алтынтөбе халқының жанайқайын естіңіздерші! Ауыл адамдары да өзге өңір тұрғындары сияқты дер кезінде дәрігерге қаралып, сапалы ем алуға құқылы. Бірақ аурухана жоқтығы халықты қинап отыр. «Ауылды ел қатарлы көркейту керек» деген сөздер іс жүзінде қашан орындалады? Олар да Қазақстанда тең мүмкіндікпен өмір сүргісі келеді. Журналистер, қоғам белсенділері! Халықтың үнін билікке жеткізіп, осы мәселенің шешілуіне атсалысуларыңызды сұраймыз. Бұл – жай ғана өтініш емес, Алтынтөбе жұртының жанайқайы!
Анар Кемелова: — Ауылымызға аурухана қажет. Еліміздің байлығы халық болса, сол халықтың денсаулығына көңіл бөлу керек. Жағдайы жасалған, барлық адамның денсаулығын, өмірін сақтайтын медтехникамен, қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін аурухана түссе, нұр үстіне нұр.
Әлима Дуанақұлова: — Ауылымыз аудан орталығынан шалғай орналасқан. Сондықтан заманауи аурухана қажет. Ел билігіндегі азаматтар осыған мән берсе екен.
Жамбыл Жетпісбай: — Алтынтөбе ауылы 6 елді мекеннен тұрады. Яғни бұл ауылға бір аурухана қажет… Пікірлер легі осылай жалғаса береді.
Ал жергілікті басшы азаматтар бұл мәселеге байланысты не дейді? Біз Алтынтөбе ауылдық округінің әкімі Данабек Әлібаевпен хабарластық.
«Балтагүл Мырзахметованың хатындағы әңгіме ауылдық округ орталығы Қаржан елді мекеніндегі «Сембі» ауылдық ауруханасы туралы болып отыр. Ғимараты ескі, ауыл тұрғындары жаңасын салып беруді сұрауда. Қаржанда 5 мың тұрғын бар. Мұндағы фельдшерлік-амбулаториялық пункт пен аурухананың ғимараты тозған. Тіпті болмаса соны күрделі жөндеуден өткізіп беріңдер дейді. Ғимараттар бізге емес, облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарайды, сондықтан арыз соларға жазылған. Ондағылардың не шешкенінен хабарым жоқ. Негізі жаңасын салу бойынша жер телімі берілген. Ескісінің жері де кең, сол маңнан салса да болады. Осыдан біраз бұрын оны аудандық аурухананың бас дәрігері келіп көріп, жөндеуге немесе жаңасын салуға мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке ұсынамыз деп кеткен. Әзірге нақты шешім қабылданған жоқ. Одан бері ол кісі Сарыағаш ауданына қызметке ауысып кетті. Қазіргі басшы мен іс-сапарда жүргенде ауылға келіп кеткен екен, әзірге жолыға алған жоқпыз.
Негізі Қаржанда жаңа аурухана салуға қажеттілік бар. Ескісі жабылып қалса, жұртқа оңай тимейді. Өйткені Қаржан аудан орталығынан 45-48 шақырым қашықта орналасқан. Жақын жерде деген Жаңабазар ауыл округіндегі аурухананың өзі 20-25 шақырым қашықта. Жауын-шашын, қыс ауасы дегендей, ол жаққа барып емделуге ұзақтық қылады. Бұл мәселе ауыл, аудан басшылығымен болған кездесулер сайын қозғалуда», — дейді ауылдық округ әкімі.
Жергілікті азаматтар осылай деп жатыр. Ендеше бұл мәселеге тереңдеп мән беріп, тиімді бір шешімін табуға тырысу керек-ақ. Алтынтөбе халқы заманауи аурухана болуын аңсап, жылдар бойы армандап жүре бермеуі керек қой. Оңды шешімі келісілмесе, бұған қатысты әңгіме алдағы уақытта әлі талай мәрте қозғалатын сияқты.
Д. НҰРПЕЙІС.
