Басты жаңалықтар

Бозымбаев  облыстағы ахуалды оң бағалады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде осыдан үш жыл бұрын «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынғаны мәлім. Ол ауыл шаруашылығын өркендетуге, шағын қалалар мен ауылдарда кәсіпкерлікті дамытуға, жұмыс орындарын ашып, тұрғындардың табысын өсіруге бағытталған. Мақсат – өңірлерді экономикалық жағынан қуатты ету.

Бақуатты ауыл мен қала – ел экономикасы өркендеуінің бір кепілі, ол еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне де қызмет етеді. Осы мақсатта еңбек етемін деушілерге жеңілдетілген несиелер берілуде, жеке шаруашылықпен айналысатындарға, өндірістік кооперативтерге қолдау көрсетілуде, шикізатты өңдеу, өнім өткізуді жеңілдету және басқа да бағыттарда көптеген жұмыстар атқарылуда.

Мұндай ауқымды шаруалар бүгінде Түркістан облысында да жүзеге  асуда. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру, қайта өңдеу өндірістерін дамыту және тұрақты жұмыспен қамтуды күшейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Қолға алынған жұмыстарға тиісті қадағалаулар жүргізіліп, есеп алынып отырады. Осы орайда Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев арнайы іссапармен келіп, облыста атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Қанат Алдабергенұлының төрағалық етуімен Шардара ауданында арнайы кеңес өтті. Кеңеске ҚР Су және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, облыс әкімі Нұралхан Көшеров, басқарма басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Кеңеске Ұлттық экономика министрі Бауыржан Омарбеков, министрліктердің жауапты өкілдері мен облыс әкімдерінің орынбасарлары бейнеконференция байланысы арқылы қатысып, баяндама жасады. Жиында «Ауыл аманаты» бағдарламасының республика бойынша іске асырылу барысы, бюджет қаражатының игерілуі, ауыл кәсіпкерлігін дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру және өңірлердегі жобалардың тиімділігі талқыланды.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жасаған баяндамадан мынадай жайлар белгілі болды: 2023-2025 жылдары республикалық бюджеттен бөлінген 30,2 млрд теңге есебінен 4223 жоба қаржыландырылып, 4635 жаңа жұмыс орны құрылған. 593 жылыжай салынып, 76,8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы малы сатып алынған, 79 қайта өңдеу кәсіпорны іске қосылған. Жоба тұрмысы төмен көптеген азаматтарға өзіндік көмегін тигізіп отыр. Мысалы, атаулы әлеуметтік көмек алатын 441 азаматқа бұл санаттан шығып, өз жұмысын жүргізуге мүмкіндік ашылған. Отбасылық цифрлық картаның «D» және «E» санатындағы азаматтарды қолдауға басымдық беріліп, жеңілдетілген несиелер ең алдымен осы санаттағы тұрғындарға бағытталуда. Жүзеге асырылған жобалар жыл сайын шамамен 80 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімін өндіруге жол ашты.

Биыл бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 15,3 млрд теңге қарастырылған болса, оның алғашқы 7 млрд теңгелік траншы толық игеріліп, 583 жоба қаржыландырылған. Олар іске асқанда тағы да 1234 жаңа жұмыс орны ашылатын болады.

Міне, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Түркістан облысында осындай ауқымды шаруалар атқарылып жатыр. Вице-премьер оған оңды бағасын берді. Қ.Бозымбаев мемлекеттік бағдарламаның ауыл экономикасын жаңғыртудағы маңызды тетік екенін тағы да еске салды. Ол Ұлттық экономика министрлігіне қаржыны бюджет қаражатының игерілу деңгейі төмен өңірлерден бағдарламаны сапалы әрі тиімді іске асырып жатқан облыстарға қайта бөлу мәселесін қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар, облыс әкімдіктеріне 2025 және 2026 жылдары бөлінген қаражаттың толық әрі уақтылы игерілуін қамтамасыз етуді, жобаларды сапалы әрі белгіленген мерзімде іске асыруды және жаңа жұмыс орындарын құру бойынша жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуді міндеттеді.

Жалпы, мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасының ел дамуына қосар үлесі мол болмақ. Ұзақмерзімді жоспар бойынша бұл бағдарлама аясына алдағы 2029 жылға дейін  1 миллион адам тартылуы тиіс, 350 мың жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Яғни өз кәсібімді бастаймын, жүргіземін, мал өсіремін, құс өсіремін, егін өсіремін, шикізат өңдеймін, өнім шығарамын  деген, тіпті ауыл туризмін қалыптастырамын дейтін жеке адамдарға, шаруаларға, ұйымдарға қажетті жағдайлар жасалуда, несиелер, гранттар берілуде. Әрине, қаржы кез келген адамға беріле салмайды, оның өзіндік санаттары, ережелері, қойылатын талаптары бар. Өткен екі жылдың ішінде қыруар тірліктер атқарылды. Мемлекет қазынасынан миллиондаған теңге қаржы бағытталып, жүздеген жобалар іске асырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Оған Түркістан облысының да өзіндік лайықты үлесін қосары анық деп білеміз.

«Шардара» топтық су құбыры ашылды

Премьер-министр орынбасары осы сапарында «Шардара» су-электр станциясының жұмысымен танысты. Іс-шара барысында өңірдегі су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды. «Қазсушар» РМК басшылығы Ислам даму банкі мен Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаржысы есебінен іске асырылып жатқан жобалар туралы баяндады. Сонымен қатар Су ресурстары және ирригация министрлігі тарапынан жаңа бастамалар жөнінде ақпарат берілді.

Бұдан кейін басшылар «Шардара» су қоймасындағы су деңгейін бақылап, гидротехникалық нысанның жұмысын және техникалық мүмкіндіктерін қадағалады. Қ.Бозымбаев су шарушылығына қатысты жобалармен танысып, сала мамандарымен пікір алмасты, ұсыныстарды тыңдады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма бергені белгілі. Осы орайда вице-премьер халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен де танысты. Вице-премьерге өңірдегі ауыз су нысандарының құрылысы, елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіштері және алдағы кезеңге жоспарланған жобалар жөнінде баяндалды. Жалпы, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып келеді. Осы орайда Үкімет басшысы орынбасарының қатысуымен «Шардара» топтық су құбырының («Тама-Тастанбек») салтанатты ашылу рәсімі өтті.

«Шардара» топтық су құбыры жобасының негізі 2008–2009 жылдары Шардара-Байырқұм жерасты су көзінде жүргізілген қосымша барлау жұмыстарының нәтижесінде қаланған болатын. Пайдалы қазбалар қоры жөніндегі мемлекеттік комиссияның хаттамасына сәйкес жерасты су қоры 25 жыл мерзімге бекітілген. «Тама-Тастанбек» учаскесіндегі жерасты суларының бактериологиялық, радиологиялық және химиялық көрсеткіштері санитариялық талаптарға толық сәйкес келетіні анықталған. Яғни, Шардара қаласындағы 30 мыңнан астам тұрғын сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етіліп отыр. Су құбырының жобалық өнімділігі тәулігіне 24 мың текше метрді құрайды. Құрылыс барысында жалпы ұзындығы 39,28 шақырым болатын диаметрі 500 миллиметрлік екі магистральды полиэтилен су құбыры тартылған. Екі-екіден көлемі 500 және 5000 текше метр болатын төрт су резервуары салынған. 14 су алу ұңғымасы бұрғыланған, оның 12-сі – жұмысшы, 2-еуі – резервтік ұңғыма. Екі қосалқы станция мен суды тазарту қондырғылары орнатылып, барлық инженерлік жүйелер толық іске қосылған. Осылайша Шардара қаласының тұрғындары санитариялық талаптарға толық сәйкес келетін сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етілді.

Қ.Бозымбаев шардаралықтарды көптен күткен маңызды жобаның жүзеге асуымен құттықтады. Ол халықты сапалы ауыз сумен қамту – Үкіметтің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Облыс басшысы Н.Көшеров те құттықтап, Президент тапсырмасы мен Үкіметтің қолдауының нәтижесінде жүзеге асқан бұл жоба өңір үшін тарихи маңызға ие екенін айтты. Жаңа су құбырының іске қосылу рәсіміне қатысқан шардаралықтар Мемлекет басшысына, Үкіметке және жобаның жүзеге асуына үлес қосқан азаматтарға ризашылықтарын білдірді.

Канал мен сорғы станцияларының жай-күйі талқыланды

Осы сапар аясында Қ.Бозымбаев облыс әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге Жетісай ауданындағы «Тәуелсіздікке – 20 жыл» каналының №1 және №2 сорғы станцияларында да болды. Бұл нысандар 2009-2011 жылдары «Шардара» су қоймасынан су көтеріп, «Достық» магистральдық каналы арқылы келетін су көлемі жеткіліксіз болған жағдайда қосымша су жеткізу мақсатында салынған. Каналдың ұзындығы – 15,9 шақырым, су өткізу қабілеті – секундына 60 текше метр. Жүйеде 12 сорғы агрегаты орнатылған.

Қазіргі таңда каналдың жекелеген учаскелерінің техникалық жағдайы нашарлап, су өткізу мүмкіндігі төмендеген. Осыған байланысты каналды күрделі жөндеуден өткізу, қалған 10,1 шақырымын бетондау және жобалық қуатын қалпына келтіру қажеттілігі туындап отыр. Бұл 60 мың гектарға жуық суармалы алқапты тұрақты сумен қамтамасыз етіп, канал бойындағы тұрғын үйлер мен өзге де нысандардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

Вице-премьерге канал мен сорғы станцияларының жағдайы таныстырылды, каналдың қазіргі техникалық жай-күйі мен оны жаңғырту қажеттілігі жөнінде баяндалды. Қ.Бозымбаевқа өңірдегі вегетациялық кезеңнің өту барысы, су ресурстарын тиімді пайдалану және суармалы алқаптарды ағын сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Вице-премьер суару маусымын сапалы ұйымдастыру, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және диқандарды ағын сумен тұрақты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жеделдету жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Қорыта айтқанда, Премьер-министрдің орынбасары Қанат
Бозымбаев Түркістан облысының даму барысына, мұндағы «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толғанын жеткізді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *