Біздің сұхбат
Елімізде Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл толуына орай «30 жылға – 30 игі іс» акциясының жүріп жатқаны мәлім. Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті де қала тұрғындарының қауіпсіздігін, ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында көптеген игі істер атқаруда. Бұл жөнінде бізге департамент бастығы, генерал-майор Қуанар Базарбаев (суретте) әңгімелеп берді.
Өрт көп болды
–Қуанар Бекенұлы, жаздың аптап ыстық күндері артта қалғалы жұмыстарыңыз біршама жеңілдеген болар? Биыл суға шомылу маусымы да тыныш өткендей…
–Биылғы жаз өрттің жылдағыдан көп болуымен есте қалды. Құрғақ шөптің, ескі автокөліктердің өртенуі жиіледі, жеке сектордағы үйлерде, олардың сарайлары мен қора-жайларында өрттер болды. Жалпы, жыл басынан бері қалада 356 төтенше оқиға тіркелген, соның 336-сын өрт оқиғалары құрады. Ал 2024-жылы 239 өрт оқиғасы болған еді. Қызметкерлеріміз 4817 мәрте жедел шақыртулар бойынша шығып қызмет көрсетті.
Биыл су тасқыны болған жоқ, адамдардың суға кету оқиғалары да азайды. Жыл басынан бері қалада суға кетудің 1 ғана оқиғасы тіркелді. Бадам өзенінде жасөспірімдер түсуге тыйым салынған жерде шомылып, біреуі мерт болған. Шақырту түскеннен кейін біздің сүңгуірлер барып іздеп, оның денесін шлюзге кептеліп қалған жерінен тапты. Одан басқа қалада бір кішкентай баланың жинақталып қалған суға құлап мерт болған оқиғасы тіркелді. Суға қатысты басқадай төтенше жағдайлар орын алған жоқ.
Қалай болғанда да бұл біздің жұмыстың азайғандығын білдірмейді. «101» және «112» желілері бойынша қоңыраулар саны былтырғы осы кезеңдегімен салыстырғанда көп, 2024-жылы 293 мың 359 болса, биыл 472 мың 648 болды. Қоңыраулар, шақыртулар күнделікті болып тұрады. Күзде де жұмыс жетерлік. Енді, мысалы, кезекті жылыту маусымы басталады. Осы кездегі қауіптердің алдын-алу үшін біздің қызметкерлер жеке секторларды аралап, тұрғындарға арнайы жадынамалар таратады. Біздің олардың үйіне кіріп, тексеруге құқымыз жоқ, ескертіп, жадынама таратумен шектелеміз. Бір жақсы жері – Шымкент әкімдігі биыл Қазақстан бойынша тұңғыш рет арнайы газ-техникалық инспекция ашты. Оның қызметкерлері бізбен бірге жүріп үйлерді тексереді, газ құрылғыларынан қандай да бір кемшілік, ақау тапса, үй иелерін ескертеді. Үй иелері соларды ретке келтіруі тиіс.
Әмбебеп бөлімдер салынуда
–Сіздерде арнайы көлікпен, қажетті құралдармен жабдықталу жағы қалай? Жалпы, тұрғындарға қандай қызметтер көрсетесіздер?
–Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігі, авариялық құтқару және суда құтқару қызметтерін көрсетеді. Жол-көлік оқиғалары кезінде зардап шегуші қысылып қалған кезде темірді кесіп, тесу, көтеру сияқты күрделі жағдайлар кезінде де төтенше жағдайдың қызметкерлері көмекке шақырылады. Тіпті біреу үйінде қамалып қалса, саусағынан сақинасы алынбай қалса, бала ойнап жүріп қолын бір жерге қысып алса да көмекке біздің қызметкерлер барады. Қызмет аясы көп. Жеке секторда баланың «септикке» құлау оқиғалары бар. Кейінгі кездері үйіне жылан кіріп кеткендердің шақыртуымен де көптеген шығулар болды. Біздің қызметкерлер жұртқа осындай алуан түрлі оқиғалар бойынша шақыртулармен барып көмек көрсетеді.
Бізде сондай-ақ министрлікке қарайтын медициналық апаттар орталығының филиалы бар. Жедел жағдайларда жәрдем көрсету керек болғанда бізге бағынады. Біздің қызметкерлер Түркістан облысының қалаға жақын аумақтарында орын алған түрлі төтенше жағдайлар кезінде де көмек көрсетеді. Қаладан 20 шақырымдай қашықтағы жерлерге барып та жәрдем көрсетеміз. Яғни оқыс оқиға орын алғанда шақырту облыстық төтенше жағдайлар департаментіне түседі де, ондағылар шұғыл арада тез жету керек болса, бізге хабарласады. Біздің қызметкерлер барып көмек көрсетеді.
Өздеріңіз білесіздер, Шымкент қаласының аумағы үлкен. Норматив бойынша мұндай жерде 21 бөлім қызмет көрсетуі керек. Қазір бізде 10 бөлім жұмыс істейді. Бүгінде қосымша 5-еуі салынып жатыр, жоспар бойынша құрылысы жыл соңына дейін бітуі керек. Олар Қазақстан бойынша өзге жерде жоқ ерекше әмбебап жобамен бой көтеруде. Құрамында өрт сөндіру және жедел жәрдем көліктері мен полицияның тірек бекеті бар мұндай әмбебап бөлімдер қала периметрі бойынша орналасатын болады. Бұл істе бізге қала әкімдігі көмектесуде, жалпы 10 бөлім саламыз ба деп отырмыз. Биылдыққа бізге 38 өрт сөндіру көліктерін әперді. Ол жаңадан ашылатын бөлімдерге де жеткілікті болады. Сонымен Шымкент гарнизоны бойынша көлікке қажеттілік толық өтелді. Сондай-ақ өрт сөндірушілердің еуропалық сападағы арнайы киімдері 100 пайызға толық қамтылды. Өрт сөндіру кезінде киілетін түтіннен, уланудан қорғайтын тыныс алу аппараттары да түгелденді. 200 данасы алынды, ескілері жаңартылды. Жабдықталу жағынан айтарлықтай проблема жоқ.
Бірқатар бөлімдердің ескі ғимараттарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Темірлан тас жолы» және Байтұрсынов көшелеріндегі өрт сөндіру бөлімдерінің ғимараттарын қала әкімдігі өз теңгеріміне алып отыр. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттарын реттеді. Енді оларға тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіледі, сөйтіп келесі жылы ол ғимараттарды өзімізге қайта табыстайтын болады.
Бұрын бізде арнайы өрт сынақ зертханасы болмаған еді, биыл сондай зертхана салынды. Ол Қазақстан бойынша бізде ғана бар. Көптен бері қызметкерлеріміз бен ардагерлерге арналған емхана қажетін айтып жүрген едік, оған жөндеу жасалған ғимарат және қажетті жабдықтар берілді. Бүгінде оған физкабинет, тіс емдеу кабинетін ашпақ ниетте жабдықтар алудамыз. Жалпы, жаңартылуы жағынан біздің гарнизонды басқа көптеген аумақтардан әлдеқайда алда тұр десек болады. Көрсетіп жатқан көмектері үшін министрлікке, қала басшылығына айтар алғысымыз көп.
Бізде спортқа көп көңіл бөлінеді. Ерлер, әйелдер және жасөспірімдер құрама командалары бар. Осыдан бір апта бұрын ғана Петропавлда өткен министрліктің өрт-қолданбалы спорты түрінен арнайы кубогында біздің әйелдер командасы жалпыкомандалық есепте жүлделі 3-орынды иеленді. Жеке есепте бір спортшымыз 1-орынға қол жеткізді. Енді бірер күнде Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында спорттың осы түрінен Әлем чемпионаты басталады. Оған қатысатын Қазақстан құрама командасының сапында біздің екі қызметкеріміз бар.
8 айда 523 адам құтқарылған
–Жұмыстарыңызда замануи технологияларды қолдану жағы қалай болып жатыр?
–Біздің өрттен құтқару қызметінде габариті мен функциялары әрқалай 7 дрон бар. Дрон әсіресе өрт сөндіру кезінде оның басты ошағын анықтауда көп көмектеседі. Оларды департаменттің байланыс бөліміндегілер басқарады. Дрондардың өрт ішінде қалған, жоғалған адамды іздеуге де көп септігі тиеді.
Биыл Астанада көпқабатты нысандардағы өртті сөндіруге арналған дрондарды пайдалану қолға алынды. 60-70 метр биікке көтерілген дрон өрт ошағының үстінен су шашады. Су оған жерден, шланг арқылы беріліп тұрады. Бұйыртса, біз де келесі жылы биіктен өрт сөндірудің осы тәсілін енгізсек деп отырмыз.
–Қалада орын алған төтенше жағдайлар кезіндегі адам шығыны, құтқарылғандар саны және материалдық құндылықтарға қатысты есеп жүргізіп отыратын боларсыздар. Солар жөнінде айта кетсек…
–Жыл басынан бергі төтенше жағдайда зардап шеккендер қатарын 53 адам құрап отыр. 11 азамат – 4 адам көміртегі тотығына уланып, 6 адам өрт кезінде, 1 адам суға кетіп мерт болды. Аман қалғандардың 17-сі – тамақтан, 4-еуі газдан уланған, 3-еуі ауа-газ қосындысының жарылуы кезінде, 9-ы өрт кезінде жарақат алған. 4 адам өндірісте өнеркәсіптік жарақат алды, тағы 5 адам ауруына қатысты зардап шекті. Ал қалада болған оқыс оқиғалар кезінде қауіптен 209 бала, жалпы алғанда 523 адам құтқарылды. Біздің қызметкерлер өмірге қауіп төнген жерден 250 адамды көшірді, оның қатарында 55 бала бар.
Қалада орын алған төтенше жағдайлар 667 миллион 330 мың теңгеге материалдық шығын әкелді. Ал құтқарылған материалдық құндылықтардың жалпы сомасы 1 миллиард 885 миллион теңгені құрады.
–Төтенше жағдайлар қызметінің басшысы ретінде қала тұрғындарына не айтқан болар едіңіз?
–Әрине, қай істе де сақтық шараларын ұмытпаңыздар дер едім. Әсіресе өрт қауіпсіздігін әрдайым есте ұстау керек. Жаздағы шомылу маусымы кезінде тыйым салынған жерлерге шомылмаған дұрыс. Алда қысқы жылыту маусымы келе жатыр, адамдар соған тиісті дайындықтарын жасап қоюы керек. Пештерін, газ құрылғыларын тексеріп, тиісті қызмет орындарына тексертіп алғандары дұрыс. Сосын тағы бір айтарым, жұртшылық телефонға алданып қауіпке жол беріп алмаса екен деймін. Мысалы, Шымкентте терезеден бала құлау оқиғалары болып тұрады. Өткен жылы 8 бала құлап, соның 7-еуі тірі қалғанымен жарақат алды. Ал биылғы 8 айдың ішінде 5 бала терезеден құлады. Олардың 3-еуі мерт болды, 2-еуі жарақат алды. Әрине, мен кінәлімін деп ешкім де айтпайды, «жұмыста едік», «сыртынан жауып кетіп едік» дейді, алайда соның көбі күмәнді. Мысалы, 1,5-2 жасар бала жабық тұрған терезені өзі аша алмайды ғой. Біздіңше, оны қадағалауға тиіс болған адам телефонға алданып отырып баланың ашық тұрған терезеден құлағанын көрмей қалған болуы мүмкін. Қала тұрғындары өмірге қауіп төндіретін осындай жайлардан абай болса екен деймін. Адам өмірінен артық ештеңе жоқ қой.
–Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет, істеріңізде сәттілік тілейміз.
Сұхбаттасқан – Д. ОРАЗ.
