Басты жаңалықтар Оқшау ой

«Көлде» балық өсірсек болмай ма?

Шымкенттің қақ ортасындағы «Көлде» бір кездері жұрт жазда шомылатын, су велосипедін теуіп серуендейтін демалыс аймағы болушы еді. Ол кеңестік кезеңмен бірге келмеске кетті. «Көл» одан бері де түрлі өзгерістерге ұшырады. Көкөністің қайнаған базарына да айналған еді.

«Көлдің» тұрған аумағын тегістеп, ғимарат салуға тіпті болмайды. Себебі астынан үнемі су шығып жатады. Сондықтан ол алдағы уақыттарда да су көзі болып қала бермек. Бірақ жаздың аптабында оған шомылуға тыйым салынған. Тек ішінде суы көлкіп, субұрқағы атқылап, төңірекке өзінше бір сән беріп қана тұра береді.

Осы маңайдан өткен сайын маған бір қызық ой келеді. Неге, мысалы, «Көлде» балық өсірмеске? Балық деген өзен-көлдерде қысы-жазы тіршілік ете береді емес пе? Ендеше ол «Көлге» де бейімделіп, үйрене алатын шығар? Оның суында онсыз да ұсақ шабақтар жүреді ғой. Көлбақалар мекендеп, уылдырығын тастап, ұрпақ өрбіткенін талай көргенбіз. Соған қарағанда онда балық өсіруге болатын сияқты. Әлде суы жарамай, сасып кетер ме екен? Балықшы немесе су маманы емеспін, қателесуім мүмкін, әрине. Дегенмен «Көлде» балықтың бірнеше түрі мекендесе, онда белгілі бір кезеңде балық аулауға рұқсат етілсе немесе балық аулаудан жарыстар ұйымдастырылып тұрса қызық емес пе? Бәлкім, балықпен қоректенетін құстар үйірсек болып, жұрт жаппай тамашалайтын бір табиғат мүйісіне, қаланың көрнекі жеріне айналар ма еді? Сіз қалай ойлайсыз?

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *