Жұртты сарсаңға салған бұл мәселе көп дауға себеп болуда
Қазақстан зайырлы мемлекет. Біздің елде заң бәрінен жоғары тұрады және заң алдында бәрі бірдей. Бұл әрбір қазақстандық айтып жүрген ұран сөзге айналған. Расында заңның ең жоғарғы иерархиясы — Конституция, одан кейін Парламентте талқыланып, Мемлекет басшысы қол қойған заңдар. Одан кейін Кодекстер мен Президенттің Жарлықтары, тағы басқа болып жалғаса береді. Бірақ шын мәнінде осы заңдылық сақталып отыр ма? Кейде түрлі министрліктерде қабылданған бұйрықтар мен ережелер заңға қайшы келіп жататын тұстар кездеседі.
Мысал ретінде айтар болсақ, өткен жылы Сарыағаш ауданындағы Ш.Қалдаяқов атындағы мектепте директордың қос бірдей орынбасары басшының бұйрығымен тағайындалған. Бұған наразы топ Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы» №57 бұйрығын негізге алады. Оның 133 тармағында былай делінеді: «Республикалық мемлекеттік орта білім беру ұйымдары педагогінің бос және (немесе) уақытша бос лауазымына тағайындау конкурсын тиісінше республикалық мемлекеттік орта білім беру ұйымдары ұйымдастырады». Осы бұйрыққа сүйенгендер жоғарыда аталған екі басшыны заңсыз тағайындалды деп отыр. Ал білім ұясының басшылығы өздірінің заңды бұзбағандарын айтып, ақталады. Осы жайтқа байланысты өткен аптада Сарыағаш ауданынан Ержан Ырысдәулетов есімді азамат хабарласып, былай деді: «Мен сіздердің газеттеріңізде шыққан мақалаларды үзбей оқып отырамын. Ш.Қалдаяқов атындағы мектептегі мәселеге қатысты жаздыңыздар. Соның соңы не болғаны белгісіз. Мен екі орынбасардың бұйрықпен тағайындалуы заңға қайшы емес деген сенімдемін. Бұл жерде Еңбек кодексінің талаптары бұзылып отырған жоқ. Ал министрдің бұйрығы заңдылық сатымен есептесек, кодекстен әлдеқайда төменде тұрады. Сол себепті директордың бос орынға конкурс жарияламай, еңбек кодексін басшылықққа алып тағайындағаны дұрыс. Таяқтың екі ұшы бар. Осы жерде «олай болса министрдің бұйрығы қайда қалады?» деген заңды сұрақ туындайды. Мен мұны шикі бұйрық шығарған министрдің кемшілігі дер едім. Неге десеңіз, заңға қайшы келетін бұйрық ешқандай заңдық күшке ие бола алмайды. Соны дайындаған мамандар мен оған қол қойған министрдің біліктілігіне күмәнмен қарауға мәжбүрмін. Міне осы жағдай көпшілікті шатастырып, дауластырып отыр. Біреулер қолына еңбек кодексін, екіншілері министрдің бұйрығын алып, соттасуға дейін барады. Бұған қазіргі білім министрі тоқтам қою керек».
Иә, мұндай жағдайдың орын алғаны рас. Оған біздегі заңдардың солқылдақтығы себеп болуда. «Торғай сойса да қасап сойсын» деген принциппен бұл жайттың ақ-қарасын анықтау мақсатында Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы еңбек дауларына жиі араласып жүрген «Тоқтамыс» адвокаттар кеңесі» жеке мекемесінің басшысы, тәжірибелі адвокат Мұрат Жолшиевпен хабарластық: «Еңбек кодексінің бұйрықтан жоғары тұратыны баршасына мәлім, – деді Мұрат Тоқтамысұлы. – Жұмысқа аларда Еңбек кодексінің талаптары бұзылмаса кез келген сотта жеңіп шығуға болады. Ал енді жоғарыдан келген бұйрық кодекс талаптарына қайшы болса, ол өзгертілуі немесе күші жойылуы керек».
Келесі кезекте маман ретіндегі пікірін білу үшін Түркістан облысының Бақылау жөніндегі басқармасының басшысы Берік Ибадуллаевқа хабарластық. Министрдің 57 бұйрығы мен мектеп директорының бос лауазымдық орынға орынбасар қабылдаған бұйрықтарын салыстырып, зерделеп көрген Берік Серікбайұлы былай деді: «Бұл жерде білім ордасы басшысының іс-әрекетінде заң бұзушылық көріп отырғанымыз жоқ. Директор еңбек кодексі аясында әрекет еткен. Ал министрдің бұйрығы кодекс талаптары негізінде қабылданған бұйрықты бұзуға негіз бола алмайды».
Міне, білікті заңгер мен еңбек заңдылығын бақылайтын басқарма басшысы осылай дейді. Олай болса, 2012 жылы Білім және ғылым министрлігі (Ол кезде министр Бақытжан Жұмағұлов болған) шығарған бұйрық қаншалықты заңды? Егер заңбілместіктен шығарылған бұйрық болса бұл қаншама адамды әуре-сарсаңға салып қойғаны айтпаса да түсінікті. Тиісті органдар бұл бұйрықтың заңды немесе заңсыз екенін ертерек анықтап, бір шара көрмесе, әлі де қаншама даудың туындауына себеп болары сөзсіз.
Ұ. ТӘМЕНОВ.