Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының талаптарын жүзеге асыру Шымкентте жақсы жолға қойылған. Қаладағы 5 ауданда да аула, шағынаудан, тұрғын алап халқының қатысуымен шешілетін бұл бюджеттің шарапатын көріп отырғандар өте көп.
Мысалы, бір ғана Абай ауданы аумағында биылдың өзінде «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 20 балалар ойын алаңшасы мен 2 заманауи спорт алаңшасын салу жоспарланып отыр. Сол жоспардағы нысандардың бірі жуырда «Самал-3» шағынауданындағы Абдраманов көшесінде жүзеге асты. Осы көше тұрғындары үшін спорт алаңы пайдалануға берілді. Мердігер мекеме «BAK Construction Group» ЖШС заманауи талаптарға сай алаңшаны балаларға мереке қарсаңында тарту етті. Сондай-ақ, Балаларды қорғау мерекесі қарсаңында «Асар-2» шағынауданы Нұржол көшесінде ойын және спорт алаңдарының құрылысы аяқталып, ел игілігіне тапсырылды. Нысандардың құрылысын «Бадам-Кум LTD» компаниясы жүргізген.
Шілде айында тағы да 20 балалар алаңшасын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл балалардың жазғы демалыс күндерін салауатты өмір салтын құруға, достарымен спорттық ойындар ойнап, уақытты тиімді өткізуіне негіз болғалы тұр.
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Шымкентте ұлттық құндылықтарды насихаттау арқылы балалар шығармашылығын дамытуға басымдық берілді. Қала мектептерінен келген 1300 өнерпаз патриоттық әндер шырқап, би биледі. Жас суретшілер мен қолөнершілер өз бұйымдарынан көрме ұйымдастырған екен.
Қала әкімі өмірлік қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығына да барып қайтты. Орталықтағы балақайларға сый-сияпат ұсынып, мерекемен құттықтады. Орталық қызметкерлері балаларға жайлы орта қалыптастыру үшін отбасылық жағдай атмосферасын ұйымдастырған екен. Бұл баланың тұрмысқа бейім болуы үшін де аса қажет жағдай. Ал, түрлі үйірмелер мен секциялар жас достардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді. Жас ұрпақтың жеке қабілеттерін дамытып,оларға барлық жағдай жасау, өмірін, денсаулығы мен құқығын қорғау — біздің маңызды міндеттеріміздің бірі.