Мәселе

Балаға телевизорды ұзақ көрсетуге болмайды

   Қабылдауыма 1,5 жасар баласын жетектеп келген ана дәрігерлік кеңеске мұқтаж екенін айтты. Анасының пайымдауынша баласында аутизм белгілері бар екен. «Атын айтып қанша шақырсам да назар аудармайды, көңіл бөлмейді» дейді анасы. Бала бір нүктеге ұзақ қарап, өзімен өзі отырады.

Мұндай жағдай кез келген балада болуы мүмкін. Оның үстіне еркелігі де болар дейтініміз бар. Ұл бала қыз балаға қарағанда дамуы сәл баяу жүретінін де жоққа шығармаймыз. Аналардың айтуындағы симптомдарға қарап баланың барлығына аутизм диагнозын қоя беруге болмайды. Анасы «балам 1 жасынан бастап телевизор көреді, кейде телевизордың ішіне кіріп кетеді» деп алаңдайды. Бұл, әрине, баланы жыламасын, үй тірлігінде жүргенде кедергі келтірмесін деп жасалатын әрекеттер. Алайда, бұл үлкен қателік. Сана-сезімі, миы енді дамып келе жатқан жас баланың таным-түйсігі басқа әлемге кіріп кетеді.

Соңғы кезде балалар арасында аутизмнің белең алып бара жатқанына да бұл жағдай өзіндік әсерін тигізуде. Балаға ерте жастан телевизор көрсету, телефонды қосып беру, күні бойына «соткамен» ойнатып қою дұрыс емес. «Бала тыныш отырсын, жыламасын» деген өзіңіз үшін қазір қолайлы жағдай жасап алғаныңызбен ертең бармақ тістеп, өкінішке қаларыңызды ұмытпаңыздар, ата-аналар! Баланың дүниетанымы енді қалыптасып келе жатқанда сіз ұсынған телефон арқылы бір күннің ішінде психикасы, жан дүниесі өзгеріп шыға келетінін ұмытпаңыз.

Қабылдауымда болған жоғарыда айтылған ананың алаңдаушылығы негізсіз емес екені анық. Десе де, баласында анау айтқан ауытқушылық жоқ. Анасы дер кезінде күдіктеніп, дәрігерге келгені дұрыс болған. Мәселенің алдын алуға тырысу өте жақсы қасиет. Оған әрі қарай не ісету керектігі түсіндірілді. Ауруханамыздың білікті балалар невролог маманынан керек кеңес алды. Әрі қарай дәрігердің кеңесін бұлжытпай орындаған жағдайда бала сауығып кетері даусыз.

Ал, сіз, балаңызды қалай тыныштандырып жүрсіз? Жыласа қолына телефон ұстата саласыз ба? Телевизор көріп, бала ұзақ уақыт мультфильм тамашалай ма? Абайлаңыз! Баланы қолдан ауру етіп алмаңыз.

Бақытжан Позилов,

Шымкент қалалық №2 ауруханасының бас дәрігері.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *