Мәселе

Созақта балонға газ құйдыру қауіпті болып тұр

Созақ ауданы жұртшылығының табиғи газды күткеніне 3-4 жылдың жүзі болды. Әлі де сондай уақыт күтетініміз анық. Табиғи газсыз да осы уақытқа дейін күнін көріп келген жұрт әлі де күндерін көре береді. Бірақ осы тұста бір өзекті мәселені алға тартқым келеді. Кәдімгі газ балонына құйып беретін құймалы бекеттер қазір барлық жерде бар. Осыған орай қауіпсіздік шараларына көңіл бөлу мәселесі қандай?

Айталық менің үйімде тамақ істеп, шай қайнатып отырған (кіші көлемді) балондағы газ таусылып қалды. Мен 200-300 теңгеге такси шақырып, «заправкаға» барып, 1500 теңгеге құйдырып келемін. Газ балонымды ары-бері тасып жүрген такси көлігінің ішінде 2-3 жолаушысы бар. Бұл қаншалықты қауіпсіз?

Шыны керек, газ баллондардың іші уақтылы әрі талапқа сай тазалана бермейді, тазаланса да әркім өз мүмкіндігіне қарай істейді. Бұл жағы қаншалықты қауіпсіз екеніне кім кепілдік береді? Оның үстіне арнайы бұрап ашып-жабатын, тазалайтын орын болмағандықтан темір күліштермен бұрап жатқанда қажалу әсерінен ұшқын шығып, жарылыс болуы мүмкін. Тағы бір мәселе — газ құю бекеттерінде жұмыс істейтін азаматтардың үстінде арнайы тігілген киім болуы керек. Кейбір синтетикалық киімдер түрлі қимылды үйкелістен ұшқын тудыруы әбден мүмкін.

Осы мәселелерді екшей келе неге ауыл ішінде арнайы көлігі бар, газ балондарын құйып, тапсырыспен үйге жеткізіп беретін, үйдегі ақауы бар газ плиталарын жөндейтін маманы бар, газға қатысты түрлі техникалық қызмет көрсететін мекеме ашпасқа деген ой келеді. Қайсыбір жылдары «Бейбарыс-газ» мекемесі елге жап-жақсы қызмет көрсетіп еді. Кейін неге жабылып қалғанын түсінбедік. Осы игі істі жалғастыратын іскер азаматтар керек. 

Біреулер «менің өз көлігім бар», «маған әкелген газдың орта болуы мүмкін, сенбеймін», «такси шақыра салғаным тиімді» деген сияқты жайларды алға тартуы мүмкін. Кез келген жекеменшік көліктердің немесе таксилердің газ баллондарын тасымалдауына тыйым салынады. Газды арнайы белгісі бар, мекеменің атауы, телефон нөмірі жазылған көліктер тасымалдауы тиіс. Ал жеке көліктер немесе такси жүргізушілерінің газ тасымалдамауын тоқтату үшін жанар-жағар май, газ құятын бекеттердің иелеріне балондарға газ құймауды қатаң ескерту керек. Ескерту ескерілмеген жағдайда айыппұл салынғаны жөн. Жуырда бір таксист танысым: «Үйдегілер газ құйып ала келші деген соң таңертең балонға газ толтырып алған болатынмын. Кейін жүксалғышта газ балоны бар екенін ұмытқан күйі жолаушылар отырғызып, 90 шақырым шалғайдағы ауылға барып қайттым. Кешкісін үйдегілер сұраған кезде ғана есіме түсті. Құдай сақтапты», – дейді.

Салғырттық пен жауапсыздықтың салдарынан зардап шегіп жатқандар да жоқ емес. «Мен өткен жолы газ құятын бекетке барып балонға газ толтырдым. Негізі балонға газ құюдың белгіленген мөлшері бар. Одан асыруға тыйым салынады. Алайда, олар менің өтінішім бойынша артылған ақшаға да газ құя салды. Үйге әкеліп, бұрандасын ашып едім қысымы жоғары екен газ пешімді жарып жіберді», – дейді шолаққорғандық Жүсіп есімді азамат. Сондықтан әркім осылай ойына келгенін істей берсе, оның арты өкінішті жағдайларға ұрындыруы мүмкін.

Ауыл ішіндегі әрбір жанар-жағар май бекеттерінде арнайы газ тарататын автокөлік, газ құятын арнайы маман болса және өздері тапсырыспен қызмет жасаса дейміз. Сонда ғана қауіпсіздікті сақтап, айналымға түскен газ ыдыстарын рет-ретімен тазалайды, үйді-үйге тасымалдап береді. Сонымен қатар, әрбір үйдегі газ плиталарының қауіпсіздігін реттейді. Байқасаңыздар, қазіргі жағдайда газы таусылған ыдысты шайқасаңыздар ішінде 2-3 литрге дейін су жүреді. Демек, балондар ұзақ уақыт тазаланбаған, лас деген сөз. Бұл өрт қауіпсіздігіне қайшы жағдайлар. Осы секілді қауіптің алдын аламыз, әрі бизнеспен айналысамыз деген талапкерлер табылып жатса оларға тиісті бөлімдер мен кәсіпкерлікті қолдайтын қаржылық ұйымдар қолдау білдірсе керемет болар еді.

«Әр қазақ менің жалғызым» демекші әрбір отбасының, олардың әрбір мүшесінің аман болғаны керек бізге. Осы ұсыныс-пікірім ел игілігіне жараса, көптеген қауіп-қатердің алдын алар едік.

Мақсат Қарғабай,

Созақ ауданы.    

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *