Басты жаңалықтар Тұлға

Ар мен ақпарат алдында адалдығымен, жанкештілігімен ел есінде қалған Байдулла би

Жаны жайсаң, қарапайымдылық пен кішіпейілділікті жанына серік еткен Байдулла Қонысбекпен сонау сексенінші жылдардың басында танысқан едім. Менің қаладағы бір кәсіпорында инженер болып істейтін кезім. Бір күні түнделетіп, сағат 1-ден өте Ақан атты досымның үйіне келсем, ол ауласында көлігін оталдырып жатыр екен. Амандасқан соң маған отыр деп, алдыңғы есікті ашты. Әйелі мен қарындасын жұмыстан алып қайтуға «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясына шыққалы жатыр екен.

Жол-жөнекей Ақан досым Байдулла Қонысбеков деген кісінің «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жауапты хатшы екенін, ал жары Дина мен қарындасы Балжан соның қолында істейтінін айтты. Мен жастайымнан ақын-жазушы, журналистерге жақын болғандықтан, редакцияны және газет арқылы сырттай білетін Б.Қонысбековты көргенше асықтым. Біз редакцияға кіргенде еңселі денелі, жүзінен нұр тамған жігіт ағасы қолында шұбатылған ұзын қағазына шұқшия қарап, орыс тілінде жазылған мәтінді бірден қазақшаға аударып, «диктовка» жасап тұр екен. Байдулла Қонысбеков ағамыз осы деп ойладым. Терімші қыздар оның айтқандарын тоқтамай сартылдатып басып жатыр. Жауапты хатшы ағамыз бізге қарап күлімсіреп, басын изеп амандасып: «Сәл күте тұрыңдар», – деді. Мен ол кісіні сырттай журналист ретінде білгеніммен, мынадай мықты аудармашы екендігіне таңқалып, аңтарыла қарап қалыппын.

Жарты сағаттан соң Байдулла ағамыз жұмысын аяқтап, қонақжайлық танытып, бізді шеттегі үстелге шақырды. «Жігіттер, дәм татыңдар. Редакцияның жұмысы осындай қауырт, ертең газет шығуы керек», — деді.

Б.Қонысбековпен алғаш рет жүздескеннен-ақ оның бейтаныс адамды жатырқамай, жылы сөйлеп, баурап алатын жайдары жан екендігін аңғардым. Редакциядан қайтып келе жатқанда қыздар да бастығы Б.Қонысбековты мақтап, оның мінезі ашық, сөзі мен ісі нық, өте ақкөңіл, жақсы жан екендігін, түнге дейін қалып жұмыс істеп жүрсе де жайдары күлкісінен айырылмайтын әрі өздеріне де қамқор басшы екендігін үйге жеткенше жарыса айтып отырды.

Тоқсаныншы жылдардың басында мен Шымкенттегі «Электроаппарат» зауытында цех бастығы болып істеп жүріп, жұмыстан кейін «Қазақ тілі» қоғамының кейде «Азат» қозғалысы мен «Бетбұрыс», «Сұхбат» деген қоғамдық ұйымдардың кешкі отырыстарына қатысатын едім. Ол жиындарға кейде Байекең де келетін. Сол жылдары мен ол кісімен жақынырақ танысып, рухтас болдым. Егемендіктің елең-алаңында мұндай жиындарға облыстағы өзге басшылар бас сұқпайтын. Тек Байекеңдей ұлтжанды санаулы азаматтар ғана келіп, өз ұсыныстарын ортаға салып, қоғамдық ұйымдарға қолдау көрсететін.

Міне, осындай аумалы-төкпелі кезеңде мен Байдулла ағамды ұлттың нағыз жанашыр, атпал азаматы ретінде тани түстім. Сол бір қиын-қыстау жылдары Байекең оншақты жыл бұрын жабылып қалған облыстық телеарнаны қайта ашуға білек сыбана кірісіп, жанкештілігі мен табандылығының арқасында асыл мұратына, көздеген мақсатына қол жеткізді. Дәл сол тұста Байекеңнің қайсарлығы мен қайраткерлігі анық байқалды және оның бұл тарихи ерлігі ел жадында сақталып қалды. Өйткені, телерадио – тек ақпарат тарататын құрал ғана емес, ол – халықтың рухани айнасы әрі уақыт шежіресі. Мұны терең түсінген Байдулла ағамыз телерадиодан күнделікті жаңалықтармен қатар, туған өлкенің тарихы мен мәдениетін, қазақтың тілі мен әдебиетін және салт-дәстүрін, өнерін насихаттауға айрықша мән бергені бәрімізді қуантқан.  

Тоқсаныншы жылдардың басында оның «Бетпе-бет» атты авторлық бағдарламасын тұрақты жүргізгенін жұрт біледі. Байекеңнің журналист ретіндегі ерекше қасиеттерінің бірі – басшылардың алдында жалпақтамай, пікірін кесіп айтып, халықтың мұң-мұқтажын, шешілмей жатқан мәселелерді ашық жеткізетін. Оған дәлел ретінде Шымкенттің екі мәрте әкімі болған Анарбек Орман өзінің «Тосын сұрақтарымен састыратын» деген мақаласында жазып көрсеткенін айтуға болады.   

Сол қиуы қашқан заманда жоқтан бар жасап, «Оңтүстік» телеарнасын ашқаны және оған дейін де өңірде идеология саласында атқарған ауқымды жұмыстары оны қайраткер қаламгер деңгейіне көтерді. Ол талай азаматтың есімін елге танытып, талай жастың журналистика жолына түсуіне ықпал етті. Өзі де қаламынан туған публицистикалық еңбектері арқылы қоғамның рухани өміріне үн қосты.

1995 жылы мені Құдай қолдап, Байекеңмен және облыстың бірнеше ақындарымен бірге Семейге, Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойына барған едім. Осы ұмытылмас сапарда ол кісінің жанында бес күн жүріп, оның ашық-жарқын, рухы мықты, өз ісінің майталманы және парасатты жан екеніне көз жеткіздім. Байекеңнің тұлғасы қандай үлкен, маңдайы ашық әрі кең болса, пейілінің де сондай кеңдігін байқадым. Оның жанында жүріп, әдептілік пен сыпайылықты және жақсы сөйлеуді үйрендім. Сол сапарда оның барлық адамдарға деген бауырмалдығын, үнемі жарқырап күліп жүретін әрі әзіл-қалжыңға жақын және өз міндетіне мұқият қарайтын журналист екендігіне тағы бір куә болдым. Мерейтойға келген ақын-жазушылар, ғалымдар Байекеңмен құшақтасып амандасып, жағдай сұрасқандар арасында Ә.Кекілбаев, Н.Оразалинов, З.Қабдолов, М.Шаханов, С.Матаев, Ғ.Жақиянов, т.б. болды. Ол өзімен жүздескен адамды емен-жарқын амандасудан бастап, жылы жүзімен, жақсы сөзімен баурап алады екен. Байекеңнің езуінен күлкі, сөзінен бал төгіліп тұратыны және айналасындағы адамдарға деген бауырмалдығы мен мейірімділігі, жылы көзқарасы мен ыстық ықыласы сезіліп тұрады. Маған «Қабыл мырза» деп алғаш айтқан адам осы Байдулла ағам болатын! Семейден Шымкентке келген соң оның бір жарым сағаттық телехабарын көргендер Абайдың 150 жылдық мерейтойына қатысқандай әсер алғандарын айтып жүрді.

Мен 1993-1997 жылдары Шымкент қалалық Тіл басқармасының бастығы болып тұрғанымда телефон арқылы Байекеңмен апта сайын сөйлесіп, іс-шараға шақыратынмын. Әр сөйлескен сайын әдемі бір әлемге енгендей әсерде болып, рухани қуаттанып қалатын едім. Кейбір ауқымды іс-шараға өзі келе алмаса, тілшісін жіберетін. Әрдайым осылай қазақ тілін қолдап отырды. Отыз жылдан астам уақыт ішінде Байдулла ағамызбен түрлі мәдени, рухани шараларда, тағы басқа үлкенді-кішілі жиындарда жиі жүздесіп, пікірлестік.

Оңтүстік Қазақстан облысы мен Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы Байдулла Қонысбек көзі тірісінде-ақ Оңтүстік журналистерінің арасында төбе би, Журналиссимус, Аңыз адам атанған тау тұлға. Зейнеткерлікке шыққананнан кейін де қоғамдық жұмыстардың қайнаған ортасында жүрді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Оңтүстік аймақтық филиалының төрағасы, Қазақстан Журналистер одағы ОҚО филиалының төрағасы, бірнеше қоғамдық кеңестер мен комиссиялардың мүшесі болып жұмыс істеді. Осы жылдары Байекең қазақ тіліне қатысты кейбір кемшіліктерді кесіп, олқылықтарды осып айтақанына куә болғам. 2019 жылы мемлекеттік тіл мәселесі жөнінде Шымкент қалалық сотында өткен өңірлік конференцияға Байекеңді шақырғам. Жиында Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстық соттары төрағаларының оқыған баяндамаларын сынап, Байекең олардың не оқығандарын өздері де түсінбегендерін беттеріне айтып салған болатын.

Адамның өмірдегі орнын оның артында қалдырған байлығымен емес, елге сіңірген еңбегімен, халқына жасаған жақсылығымен, кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесімен өлшесек, Байдулла ағамыздың орны биік төрде. Ол – журналистиканы өмірінің мәніне айналдырған, сөз өнеріне адалдық танытқан, елдің жоғын жоқтап, халықтың мұңын мұңдаған Журналиссимус.

Б.Қонысбектің еңбек жолы қарапайым қызметтен басталып, кәсіби журналистиканың биік белестеріне ұласқан. Ол өңірдің БАҚ саласы мен журналистикасының дамуына орасан зор үлес қосты. Оның өмір жолы адалдық пен азаматтық жауапкершіліктің, табандылық пен ізденістің нағыз үлгісіне айналды. Елдің бірлігі мен ынтымағы және болашағы үшін бар күш-жігерін жұмсаған қайраткер қаламгер Байдулла Қонысбектің есімі ешқашан да ұмытылмақ емес.  

Биылғы 23 қыркүйек күні қайраткер ағамыздың туғанына 85 жыл толуына орай М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде өткен «Журналиссимус Байдулла Қонысбек» атты конференцияға және «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Елшібай құрастырған «Журналист жүрегі» жинағының таныстырылымына қатыстым. «Аңыз адам – Б.Қонысбек» деректі фильмін көріп, арнайы фотокөрмені тамашаладым. Байекең туралы фильмдегі ағамыздың жылы жүзі мен жайдары күлкісі жанымды баурап, жүрегімді жаулап, жағымды қоңыр даусымен өткен өмір өткелдері жайлы айтқан әдемі естелік сұхбатын көріп отырып, ерекше әсерде болдым. Біз үшін ең үлкен қуаныш облыс пен қала журналистерінің ұсынысын университеттің Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Төлеген мырза қолдап, университеттің телестудиясына Б.Қонысбектің есімі берілгені болды. Бұл – Б.Қонысбекке ғана емес, барша қаламгер қауымға көрсетілген құрмет деп түсіндім.

Байдулла ағамыздың жақсы қасиеті – оның азаматтық болмысы мен адамгершілік ұстанымы. Пәни өмірде басшылық қызмет атқару бір басқа, ал сол қызметтің биігінде жүріп, адамдық қасиетті жоғалтпау — адалдық пен әділдіктің белгісі. Б.Қонысбек осы екі жауапкершілікті қатар алып жүре білген тұлға ретінде есте қалды. Ол артында өшпес із, өнегелі іс, рухани мұра қалдырды. Байекеңмен қатар жүріп, әріптесі әрі шәкірттері болған, кейін қара шаңырақта абыройлы басшы болған Қалыбек Атжан 2011 жылы «Көке», Иса Омар «Ол кісінің орны ойсырап тұр», Бейсенбай Тәжібаев «Темірқазық тұлға» атты мақала жазса, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бүгінгі басшысы Абай Балажан «Ол тұрған жерде жамандық тұрмайтын» деп жазған. Әр жылдары жолым түсіп, Алматы, Астана, Қарағанды, Қызылорда, Өскемен, Семей, Тараз, Ақтауға барғанымда Байдулла ағамды «Ақкөңіл ағамыз аман ба?» деп, енді біреуі, «Күлкісі керемет Байекең қалай?» деп сұрағандар болды. Қазіргі күні де еліміздің әр өңірінің БАҚ саласында Байекеңнің бұрынғы әріптестері мен шәкірттері бар.

Бүгінгі біздің қоғамға адалдық пен әділдік және жауапкершілік жетіспей тұрған сияқты. Осы орайда менің ойыма ар мен мамандық алдында адалдығымен ел есінде қалған Байдулла Қонысбектің бейнесі орала береді.

Қабыл ДҮЙСЕНБИ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

«Қазақ тілінің жанашыры» құрмет белгісінің иегері.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *