Дала қызғалдақтары бізге бала кезден таныс. Сәуір айында кең жазираны думанға бөлей жайқалып шыға келетін гүлдерге сынып болып шығатынбыз. Ол кезде қазіргідей жұлуға тыйым жоқ, қалағанымызша теріп, құшағымыз гүлге толып оралушы едік. Ол күндерде ауылдағы әр үйдің терезесі алдында графинге, банкаға салынған гүлдер шоғыры жайнап тұратын. Ғұмыры үш аптаға да жетпейтін бұл әсем гүлдер небір сағынышты сәттерді еске түсіретіні рас.
3 миллиард данасын экспорттайды
Қызғалдақ гүлінің бір-бірінен аумайтын, көлемі бірдей күлтелеріне қарап табиғат шеберге таңқаласың. Оны төңіректейтін ара, сона, көбелектерге қарап отырып та тіршіліктің сан жұмбағына ой жіберуші едік. Сөйтсек, бұл еңбекқор жәндіктер болмаса, қызғалдақ өспей қалуы да мүмкін екен. Өйткені олар – тозаңдандырушы, өсімдіктің аталығы мен аналығының тозаңдарын айқастырып, ұрықтандырады. Осылай дала сәні ғасырлар бойы жасап, кең-байтақ өлкені жайқалтып тұрады.
Жылдан-жылға дала қызғалдағы да азайып келеді. Жұлуға тыйым салынғаны дұрыс болған да шығар. Қазір бұрынғыдай дала төсіне қызғалдақ теруге шығатындар да аз сияқты. Өйткені қазір саудада оның түр-түрі көп, шетелдерден әкелінетіндері бар. Жұрт қызғалдақты өз ауласында қолдан да өсіре беретін болған.
Негізі бұл әсем гүлдің түпкі Отаны – біздің жеріміз. Ілгеріде ол байтақ даламыздың бүкіл аумағын жайнатып тұратын болған. Кейін жан-жақтан келген саяхатшылар, жиһанкездер пиязшығын қазып алып, өз елдеріне апарып отырғызған. Бірте-бірте оның сан алуан түрлері мен сұрыптарын шығарған. Әсіресе Нидерланды мемлекеті оның алуан түрін өсіріп, жылына 3 миллиард данасын экспорттайды.
4200 гульден – 26 мың еуро…
Бір кездері адамдар қызғалдақ түрлерін 5 мыңнан асырыпты. Кейін олардың саны азайған. Бүгінде әлемде қызғалдақтың 80-нен аса түрі, 150-ден астам сұрыбы кездеседі екен. Көбі жалқы гүл ашады, дегенмен оның үш тал гүл ашатындары да болады.
Қызғалдақты көп ел өзінің символына айналдырған. Кезінде Осман империясының символы да қызғалдақ болыпты. Ал Башқұртстан астанасы Уфа қаласында «Ляля-Тюльпан» деп аталатын, құрылымы гүл ашқан қызғалдаққа ұқсайтын Ислам мәдени орталығы әрі мешіт бар екен. Иранда қызғалдақ ұрыс даласында шейіт болған жауынгерлер қаһармандығының символы саналады. Ал жалпылама қабылданған түсінік бойынша қызғалдақ – махаббат пен бақыттың символы.
Жоғарыда аталып өткен Нидерландыда осыдан төрт ғасырдай бұрын қызғалдақтың «Сентера аугустус», яғни «Мәңгілік август» деп ат қойылған түрінің бір данасы 4200 гульденге, қазіргі Еуроодақ валютасына шаққанда 26 мың еуроға сатылған екен. Яғни ол кезде қызғалдақ қолы жеткендер ғана сатып алатын аса қымбат гүл болған.
Селекционерлер «Түн патшасы» деп ат қойған терең қою-күлгін түсті қызғалдақтың құны Еуропада бұдан төрт ғасыр бұрын бір отар қойдың құнына тең болған екен. «Түн патшасын» ұзақ сақталған аса сапалы 300 литр шарапқа аттай қалап алмастырғандар да болыпты. Ал таза шымқай қара түсті қызғалдақты осыдан тура 40 жыл бұрын, 1986 жылы бір селекционер шығарған екен. Бұл мақсат жолында ол 400 мың доллар қаржы жұмсапты. Бүгінде қызғалдақтың бұл түрінің бағасы 20 доллар тұрады екен.
Міне, қызғалдақ туралы осындай да қызықтар бар. Біле жүріңіз.
Х. АСАН.
