Бүгінде қазақтар әлемнің түкпір-түкпірінде тіршілік етеді десек, қателеспейміз. Шет мемлекеттерде оқитын, жұмыс істейтін, саяхаттап жүрген, онда көп жылдан бері тұратын қандастарымыз баршылық. Наурыз мейрамы қарсаңында олардың бірқатарымен байланысып, Ұлыстың Ұлы күнін қалай тойлайтындары жөнінде сұраған едік.
Германиядағы Наурыз тойы
Германияның ежелден келе жатқан ерекше қалаларының бірі – Гамбургте Мария Диттерих есімді қандасымыз (суретте) тұрады. Түбі алматылық. Ол кісі елімізге белгілі, шетелдерге де танымал ардагер журналист, жазушы Тауман Төрехановтың қызы. Неміс тілі мен әдебиетінің маманы, мектепте сабақ береді. Германияда тұрып жатқанына биыл 26 жыл толғалы отыр екен.
Мария бауырымыз өзінің 2019 жылы Гамбургтен электрлі пойызбен жарты сағатта жетуге болатын Пиннеберг қаласында ұйымдастырылған Наурыз тойының қалай өткенін айтып берді. «Қаладағы «Жасмин» деген мейрамханада болдық. Мейрамхана иесі, жаңылмасам, Бахрам деген өзбек кісі, Қазақстан азаматы. Мейрамда түрлі ұлттық тағамдардан дәм таттық, концерт тамашаладық, өлең, ән, би, викторина – бәрі болды, қызықты өтті. Пиннебергтегі тойға германиялық қана емес, Еуропаның басқа елдерінен де көптеген қандастарымыз барып қатысқан болатын», — дейді ол.
Наурыз мейрамы Германияның Кёльн, Ганновер сияқты қалаларында да тойланады екен. Ұйымдастырушы – Қазақ мәдени орталықтары. Мейрамханаларда өткізіліп жатыр. Кіру ақысы 25 – 60 еуро аралығында. Ганноверде ол тура Ұлыстың ұлы күні – 21 наурызда өтеді екен.
Мария бауырымыз нидерландылық қандастардан да Наурыз мейрамына шақырту алыпты. Бұл мерекенің 29 наурызда Роттердам қаласындағы бір үлкен мейрамханада өтетінін білдік. Кіру құны — 4 жасқа дейінгі балаларға тегін, 5-12 жас аралығындағы балаларға 30, жасы 13-тен асқан ересектерге 60 еуродан екен. Мереке дастарханына қымыз-қымыран, наурыз көже, қазы, бауырсақ, палау, ыстық самса, сорпа, салаттар, шай, сусындар, сондай-ақ түрік асханасының ас мәзірлері де қойылады екен.
Мереке Нидерландыдағы қазақ диаспорасының және осы мемлекеттегі Қазақстан елшілігінің қолдауымен өткізіледі. Іс-шараны Қазақстаннан шақыртумен барған танымал әртістер жүргізеді. Елден арнайы барған бірнеше әнші, күйші, басқа да өнер майталмандары өнер көрсетеді.
Әр жылы Еуропаның әр қаласында…
Швейцарияда Серік Тұрсын есімді қандасымыз (суретте) тұрады. Жоғары білімді, білікті дәрігер. Ел астанасы Бернге таяу маңдағы Лисс деген елді мекеннің тұрғыны. С.Тұрсын Франция, Финляндия, Германия, Дания елдерінде тұратын Баян, Айкен, Назым, Әкбар Аюби есімді бауырларымызбен жыл сайын Наурыз мейрамын бірге ұйымдастырады. Биылғы мерекені — Германияда, келесі жылы — Англияда ұйымдастыратын болып келісіпті.
«Наурыз тойын ұйымдастыруды 2002 жылы Дюссельдорф қаласында бастағанбыз, екі жыл қатарынан Германияда өткіздік. Сосын әр жылы Еуропаның әр қаласында өткізіп тұрайық деп ойластық, еуропалық қазақтардың басын қосуға тырыстық. Ол кезде мен Германияда тұратын едім. Қатарымызға бірте-бірте Даниядан, Финляндиядан, Швейцариядан, Франциядан қандастар қосылды. Кейін Польшадан Испанияға дейінгі бүкіл Еуропадан дерлік қазақтар жиналды. Қазақстаннан, Монғолиядан, Қытайдан да келді. Сөйтіп Наурыз мейрамын әр жылы әр елде ұйымдастырып келеміз. Ұлттық салт-дәстүрлерді көрсетеміз, дастарханда наурыз көжеден, құрттан бастап ұлттық тағамдарымыздың түр-түрі болады. Ет асылады, қымыз сапырылады. Қымызды Германияда жылқы фермасы бар неміс азаматы әкеп береді, кейде өзіміз де барып сатып аламыз.
Өткен жылы мейрамды Нидерландыда ұйымдастырғанбыз. Оған Қазақстаннан да журналистер келді. «Қазақ радиосынан», елшіліктен бауырларымыз, жергілікті қазақтар, сонда оқып жатқан студенттер болды. Биыл Наурыз тойын 21 наурыздан бастап 4-5 сәуірге дейін тойлаймыз. Оған бүкіл Еуропадан, Түркиядан, Сириядан келген қазақтар да қатысады. Елшілік арқылы Қазақстаннан журналистер және басқа да қонақтар шақырғанбыз, олар да келеді», — дейді Секең.
Көпшілік қатысатын бұл Наурыз тойы Германияның Рейндегі Людвигсхафен қаласындағы үлкен мейрамханада өткізіледі екен.
Кёльн көгінде қазақ әні қалықтайды
Біз германиялық Маржан Пишкинель есімді қандасымызбен де (суретте) әңгімелестік. Ол Кёльн қаласында тұрады. Бұл қаладағы Қазақ мәдени орталығы сонау 1982 жылдан бері жұмыс істейді екен. Қалада 150-200-дей қандасымыз тұрады, соның 80 шақтысы – аталған қоғам мүшелері.
«Соңғы 7 жылда осы қоғамның басына 6-7 әйелден бірлескен төралқа мүшелері сайланды. 4 айдан бері мен қоғамның төрайымымын. Негізі Аягөзденмін. Мұндағы отбасылардың көпшілігі Түркиядан осы жаққа гастарбайтер болып жұмыс іздеп келгендер және солардың ұрпақтары.
Жыл сайын болмаса да Наурызды тойлап тұрамыз. Оған аталған төралқа мүшелері бірігіп шешім қабылдаймыз. Сосын зал жалдау, шақыру қағазын дайындау, әр қалалардағы қазақ консулдықтарына, елшілікке шақыру жіберу сияқты ұйымдастыру шаралары басталады. Биыл мейрамды тойлауды алғаш рет ақылы жасауды жоспарлап отырмыз. Қоғамның белсенді мүшелері — апаларымыз наурыз көже пісіреді. Келген адамдарға тамақ беріледі. Сусындарды қалағанынша іше алады. Балалар арасында түрлі жарыстар ұйымдастырып, сыйлықтар береміз.
Одан бөлек, Қазақстаннан әнші әкелеміз. Кешімізді қазақша, түрікше әндермен әрлеп, кешкі би болады. Қазақ салт-дәстүрімен танысып, Наурызды бізбен бірге тойлағысы келетін Кёльн тұрғындары, қалаға таяу маңайдағы Қазақстаннан қоныс аударып келген немістер, өзіміздің елден келген студенттер және басқа да жұртшылық қатысады. Жалпы, қазақтар Наурызды қалай тойлайды екен деп қызығушылық танытқан адамдардың бәрі келеді», — дейді Маржан бауырымыз.
Тұсау кесіп, келіннің бетін ашқан…
Бізге АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында тұратын Райхан Бекшентаевамен де (суретте) тілдесудің сәті түсті. Түбі торғайлық Райханның онда тұрып жатқанына 9 жыл болыпты. Азық-түлік дүкенінде жұмыс істейді екен.

«Қаладағы қазақтар Наурыз мерекесін жыл сайын атап өтеді. 300 – 500 адамға дейін ұйымдасып, мейрамхана жалдайды. Қажетті қаржыны ортадан жинайды. Демеушілік көрсететін кәсіпкер азаматтар да бар. Әркім шама-шарқынша атсалысуға тырысады.
Тойға жылқы сойылған кездер болған. 2021 жылғы Наурызға қонақ боп қатысқанымда дәмін татқанмын. Онда дастархан табиғат аясында жайылды, далаға қазан асып, ет пісірілді. Бірақ кейінірек жылқы союға тыйым салынды. Ол жайында мал дәрігерлері чатта ескертті. Өйткені, ол жақта жылқы түлігіне туғаннан түрлі екпелер салынады екен, етінің зияны тиюі мүмкін екен. Содан бері тойға қой сойылып жүр. Наурыз көже дайындалады, ет асылады, бауырсақ, палау пісіріледі. Іс-шараларға ұлттық киіммен қатысамыз. Киімді алғашында елден алдыртатын едік, қазір мұнда өз тігіншілеріміз бар. Мейрамда ұлттық ойындар да көрсетіледі.
Наурыз тойында ұлттық салт-дәстүрлеріміз бойынша шаралар атқаратын кезіміз болады. Мысалы, 2024 жылы асырап алынған балаларды ата-аналарымен шақырып, қонақ еттік. Мереке кезінде оларға тұсаукесер рәсімі көрсетілді.
Наурыз тойын Манхэттен-скверде, Бруклинде өткізген кездеріміз болды. Манхэттен-стриттегі мерекеде жұртшылыққа бауырсақ, құрт үлестіргенбіз. Ұлттық киіммен, әшекейлер тағынып жүрдік. Жұртшылық таңдана, сүйсіне қарап, бізбен суретке түсті, бұл не нәрсе деп қызығып сұрады. Қонақжайлығымызды, киім, әшекейлерімізді мақтады. Ертеңгі күні болатын мерекеге де Көк Туымызды көтеріп, ұлттық киімде шығамыз.
2024 жылы Наурыз мейрамын Бруклиндегі (Нью-Йорк) «Баку Палас» мейрамханасында қырғыз ағайындармен бірге тойладық. Мейірбек деген қырғыз жігіт, келіншегі Жанат – қазақ қызы, Медина есімді қызының тұсаукесерін жасадық. Құдаларға қойдың басын тартып, құдалық сияқты қызық болып өтті. Сол жылы Ғайни деген студент жігіт жапон қызына үйленген екен, Наурыз тойында келіннің беташарын өткіздік. Онда да құда күту болып, қызықты өтті.
Мейрамға Қазақстаннан да келіп қатысатындар бар. 2022 жылы Мейрамбек Беспаевтың қатысқаны есімде. Былтыр Марат Омаров ағамыз қонақ болды, ән орындап, көңілімізді көтерді. Жалпы, елден белгілі әншілер, атақты әртістер келіп, қатысып тұратын кездер бар.
Наурыз тойы әр жылда әрқалай өтеді. Мысалы, 2023 жылы Нью-Джерси қаласында ұйымдастырылған болатын. Бәрі де қажетті қаражаттың дер кезінде жиналуына, ұйымдастырушылардың әрекетіне байланысты ғой. Бағдат Әріпов деген жасы үлкен ағамыз бар, өте белсенді, көбіне сол кісі ұйымдастырады. Бағдат ағаны жұртшылық сыйлайды, тыңдайды, сөзін жерге тастамайды. Наурыз тойын өткізуге жиналатын ақша әр адамнан 50-100 доллар төңірегінде болады. Нью-Йорк қымбат қала. Нәсіпкүл деген өте белсенді, шығармашыл бір апайымыз да бар. Бұрын университетте мұғалім болған. Қазір зейнеткер, немере бағар жаста.
Наурыз мерекесі кейінгі жылдары қасиетті Рамазан айына тура келіп жүргендіктен кейінге шегеріп өткізіп жүр едік, биыл дер уақытында болады деп жатырмыз», — дейді Райхан Ерікқызы.
АҚШ-тың 10 миллиондай адам тұратын ең ірі қалаларының бірі — Нью-Йорктегі қандастарымыз Наурыз мерекесін қызықты етіп өткізуге қызу дайындық үстінде екен. Той 22 наурыз күні қаланың Бруклин әкімшілік округіндегі үлкен бір мейрамханада өткізілмек. Он шақты сағатты қамтитын бағдарламасында ұлттық салт-дәстүрлер, түрлі ойындар, заманауи музыка, би кеші және тағы басқа да қызықты іс-шаралар бар екен.
Біз әңгімеге тартқан шетелдерде тұратын қандастарымыз осылай дейді. Әлемге ойша саяхаттап қайтқандай болдық. Қазақ – қай жерде де қазақ, ақжарқын ашық көңілі, қонақжай, мейірбандығы қалмайды, ынтымақ-бірлігін де паш етіп жатыр. Тіл-көз тимесін дейміз.
Наурыз мейрамы құтты болсын, ардақты ағайын! Мемлекетіміз жақсы жағына, жарқын да жасампаз жағына қарай дами берсін, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Д. ОРАЗ.
