Uncategorized

Бір аптада Шымкентте 143 қылмыс тіркелді

Қала әкімдігінің ресми өкілі сондай-ақ өткен бір апта ішінде Шымкентте тіркелген қылмыстар жөнінде мәлімет берді.

Бір апта  ішінде тіркеу орындарына жалпы саны 143  қылмыс тіркелген. Оның 17-сі сотқа жолданған. Қылмыстардың ішінде жиі тіркелетіні – алаяқтық қылмыстар. Басым көпшілігі интернет-алаяқтық, барлығы – 23 іс. Негізгі тәсілдері – интернет желісінде  тауар жарнамалау, инвестиция арқылы ақшаны көбейтуді жарнамалау, байланыс операторларының, банк қызметкерлерінің және мемлекеттік қызметкерлердің  атын жамылып қоңырау шалу, несие рәсімдеу. Мысалы,  А. есімді әйел өзінің танысына мемлекет тарапынан жәрдемақы әперемін деп сеніміне кіріп, 2 миллион теңге қаражатын алаяқтық жолмен иемденген. Осыған ұқсас фактілер күн сайын жүйелі түрде тіркелуде.  Сондықтан қала тұрғындары жеңіл жолмен жәрдемақы немесе несие  әперем деп алдайтын алаяқтардың алдауына түсіп қалудан сақ болулары керек.

Сондай-ақ мектепке жұмысқа тұруға жәрдемдесемін дейтіндерге де алданбау керек. Білім ошақтарына жұмысқа тұру электронды түрде құжат тапсыру арқылы конкурс бойынша жүзеге асады. Тиісті құжаттардың барлығы назарға алынып, сол бойынша балл жинақталады. Мәселені конкурстық комиссия осылардың бәрін есептеп-саралай отырып шешеді.

Мемлекет тарапынан пәтер алу үшін де тек құзырлы мекемелерге жүгінген жөн. Оның да кезегі электронды түрде жүзеге асады. Заң бұзылса, кінәлі адам қылмыстық жазаға тартылады.  Сондықтан мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтін адамдар ондай заңсыздықтарға бармайды. Жұртшылық осыны да есте ұстағаны дұрыс.

Өткен бір аптада қаламызда ұрлық бойынша 27 қылмыс,  есірткінің заңсыз айналымы бойынша – 15,  тонау бойынша – 4,  жол-көлік оқиғаларына қатысты 11 қылмыс орын алған.

Интернет желілерінде есірткі түрлерінің қолжетімді болуы да қауіп тудырып отыр. Ол кей жастардың есірткі заттарын кеңінен қолдануы мен заңсыз жұмыс істеуіне себеп болуда.  Бұған қатысты ұсталған адамдардың 3-еуінің жас шамасы 18 – 30 жас аралығында, олар курьерлік қызмет көрсету кезінде қолға түскен.

Бүгінде мемлекет тарапынан жастарға оқуға, білім алып, спортпен шұғылдануға, өнермен айналысуға, бизнес бастауға, мемлекеттік органдарға қызметке  орналасуға, жұмысқа тұруға барынша жағдайлар жасалып отыр.  Жастар осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, адал еңбек етіп, адал табыс табуға, әділетті Қазақстанды құратындар қатарында болуға ұмтылулары керек.

Жол-көлік оқиғаларының орын алуына негізінен жүргізушілердің рульде отырып телефонға жиі алаңдауы себеп болып отыр. Басқа көліктермен соқтығысу, жаяу жүргіншіні қағып кету оқиғалары осындай себеппен орын алған. Жаяу жүргіншілердің рұқсат етілмеген жерлерден жолды кесіп өтуі  немесе кәмелетке толмағандардың скутерлермен жол ережесін бұзуы сияқты қылмыстар да орын алып отыр.

…Аталған брифингте осы және басқа да жайлар жөнінде айтылды. С.Құранбек бұдан кейін журналистердің қойған түрлі сұрақтарына жауап берді.

Д. ОРАЗ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *