Бүгінде әлеуметтік желілерде «еркектік қуатыңды арттырады, мықты боласың» деп небір қоспаларды жарнамалаушылар көп. Оны кейбір қыздардың анайы түрде жарнамалап отырғанын көргенде «бұл адамдар не боп барады» деген ойға қаласың. Сөздеріне құлақ түрсең, «Қазіргі ерлердің бел қуаты олардың әкелерінің кезіндегідей емес, төмен. Олардың бойында тестостерон гормондарының төмендеуі жалғасып келеді. Сондықтан осындай ғажайып қоспаларды ішіп тұру керек» дейді.
Тестостерон деген – андрогендер тобына жататын стероидті гормон. Еркек ағзасында ол көбірек болады және аса маңызды роль атқарады. Ол жыныс бездерінің, мүшелерінің дамуына қызмет етеді. Оны жасөспірім ұлдардың дауысы жуандауынан, сүйегі қатайып, бұлшық еті өсуі, күші артуынан және басқа да өзгерістерден аңғаруға болады. Мұндайда ұл баланың көңіл-күйі көтеріңкі болады, өзіне сенімі артады. Есейе келе қарсы жыныс өкіліне қызығуы да осы тестостерон әсерінен болады. Бала есейе келе оның жұмыртқа бездері ұрық түзе бастайды.
30 жастан асқан соң еркекте тестостерон жылына 1 пайыз шамасында төмендей береді. Бұл – табиғи, қалыпты құбылыс. «Тестостеронның азаюы еркектің әлсізденуінен, ашуланшақ болып, қарсы жыныс өкіліне қызығуы төмендеуінен аңғарылады. Қазіргі еркектер көп қимылдамайды, көп отырады, көп жатады. Ағзасындағы тестостерон аз. Көбінің ұйқысы толыққанды емес, содан түрлі стрестік жайлар туындайды. Өз кезегінде ол гормондық жүйе жұмысына кері әсер етеді. Күндіз-түні телефоннан ажырамау да өз әсерін береді. Үйде де, түзде де, көлікте де пластик заттар молынан қолданылады. Тамаққа көшеден ілінгенін жей салу, түк те пайдасы жоқ сусындар ішу әдетке айналған. Осының бәрі еркектің бел қуатын төмендетуде». Бұл жарнама жасаушылардың сөзі. Осыған сеніп, кей еркек өз денсаулығы туралы уайымдай бастайды, ал жарнама жасаушылар небір қоспаларды мақтауын жалғастыра түседі. Соны алып ішіп жүргендер де бар. Ал бұл – қауіпті, өйткені адам өзіне оның шынымен де қажеті бар ма, жоқ па, қалай әсер етіп жатыр – ол жағын білмейді. Сөйтіп жүріп өзінің ағзасындағы гормондық фонның қалыптан ауытқуына өзі себепкер болуы әбден мүмкін. Сондықтан мұндай жарнамаларға аса қатты сенбеген дұрыс дер едік.
Жыныстық қуаты дұрыс қалыптасуы үшін ер адам бала жастан саламатты өмір салтын ұстануы керек. Ұйқы мен тамақ режимін сақтау, дұрыс тамақтану, тұрақты дене жаттығуларын жасап тұру маңызды. Тым артық салмақ жиюдан сақтану керек. Сондай табиғи жағдайда ағзада тестостерон ешқандай жасанды қоспасыз-ақ өз қалыпты деңгейінде түзіледі. Егер еркектік саулыққа қандай да бір күмән туындаса, уролог, андролог, эндокринолог сияқты мамандар бар, соларға көрініп, ем алған, кеңесіне құлақ асқан абзал.
Әкелер осыны әркез жадында ұстаса екен дейміз. Әрбір әке баланың тәрбиесіне ғана емес, денсаулығына да жауапты. Әсіресе ұлына қажет болатын осындай танымдық жайларды айтып отырғаны дұрыс болмақ. Өсіп келе жатқан бозбала өзінің болашақта әке болатынын, ол үшін еркектік қуатының дұрыс қалыптасуы керегін, ненің пайдалы, ненің зиянды екенін біліп жүргені абзал. Тауарын өткізу жолында ештеңеден тайынбайтындардың жарнамаларына көп сене беруге болмайды.
Ғ. КЕРІМБАЙ.
