Оңтүстікте халық өсімі жоғары. Сондықтан мектеп тапшылығы өзектілігін жойған емес. Мемлекет басшысынан бастап облыс, аудан, қала әкімдерінің пәрменімен өңірде жыл сайын қаншама жаңа мектептер бой көтеруде. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табары сөзсіз.
Әрине, шалғайдағы ауылдардың өзінде заманауи типтегі зәулім білім ошақтары пайдалануға беріліп жатқанын көргенде көңілді қуаныш сезімі кернейді. Аллаға шүкіршілік айтасың. Дегенмен, мектеп салуда біз біле бермейтін біраз мәселе бар көрінеді. Журналист болғасын елді көп аралаймыз, түрлі сала өкілдерімен жиі сұхбат құрамыз. Сондағы байқағаным, әлеуметтік сала, оның ішінде мектеп ғимараттарын салуға жұмсалған қаражат көлемі әр жерде әртүрлі болып жатады. Тіпті, бір типтегі, бір жобадағы мектептерді салуға жұмсалған қаражатта айырмашылық көп. Неге? Бұл сауалға басқа емес, құрылысқа тапсырыс беруші орган мен оның жобасын жасаған, құрылысты жүргізген компания басшылары жауап беруі тиіс.
Сөзіміз құрғақ болмас үшін нақты дәлелдермен дәйектейік. Мәселен, 2022 жылдың соңында Шардара ауданының орталығы Шардара қаласында А.Иманов атындағы мектеп пайдалануға берілді. Ал келесі жылдың, яғни 2023 жылдың желтоқсанында Қазығұрт ауданына қарасты Майлыошақ ауылындағы А.Байтұрсынов атындағы мектеп ұжымы жаңадан салынған ғимаратқа көшті. Бұйыртса, осы жылдың желтоқсан айында Келес ауданы Жиделі елдімекеніндегі Т.Рысқұлов атындағы білім ошағы оқушыларды жаңа ғимаратта оқытуы тиіс. Дәлірегі, құрылыс төлқұжатында осылай жазылған. Ал оның нақты қашан бітерін уақыт көрсетер. Бұл үш мектептің жағдайын неге айрықша айтып отырмыз? Енді соған тоқталайық. Аталған үш мектеп те 300 орындық, жобасы да бірдей. Бірақ, олардың құрылысына қаралған қаражаттың көлемі әртүрлі. Айталық, 2022 жылы 1 қыркүйекте алғашқы оқушыларды қабылдаған Шардара қаласындағы А.Иманов атындағы мектептің құрылысы 848 миллион теңгеге толықтай біткен. Зәулім ғимаратты аралап көріп, бұл бағаны қымбат деп айта алмадық. Ал, Майлыошақтағы мектеп құрылысына 1 847 743 000 (бір милилард сегіз жүз қырық жеті миллион жеті жүз қырық үш мың), Жиделідегі дәл осындай мектепке 1 850 061 528 (бір миллиард сегіз жүз елу миллион алпыс бір мың бес жүз жиырма сегіз) қаржы қаралған. Айырмашылық 1 миллиард теңгеден астам. Бәлкім, құрылыс материалдары жыл сайын қымбаттап жатыр деген уәж айтылар. Оны да ойлап, базардағы құрылыс материалдарының бағасына талдау жасадық. Жан-жақты сұрастырып, көзбен көргендегі білгеніміз – соңғы 2-3 жылда құрылыс материалдарының құны көтерілмеген екен, керісінше көп заттардың бағасы түскен. Жұмысшылардың да жалақысы айтарлықтай өсе қоймағаны белгілі. Олай болса неге судың екі тамшысындай ұқсас, көлемі де біркелкі екі мектептің бірі 848 миллион, екіншісі 1 млрд 850 миллион теңгеге салынады? Әрине геологиялық орналасуы, өзге де азын-аулақ себептерге байланысты жұмсалатын қаражатта айырмашылық болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз, алайда сол айырмашылық бағаны екі еседен де жоғары көтеруге негіз болмайтын шығар?
Маман болмағандықтан бұл сұраққа нақты жауап таба алмағанымыз рас. Сол себепті Түркістан облысының құрылыс басқармасын басқарып отырған Тоқтар Үсіпәлиевке барғанбыз. Хатшы мен орынбасары біздің келіп тұрғанымызды айтып еді, Тоқтар Оразұлы кабинетінен шығып, кетуге ыңғайланды. Алдын тосып, келген мәселемізге қатысты мәлімет сұрадық. Асығыс екенін айтқан басқарма басшысы барлық сұраққа өзінің орынбасары Жалғас Барсабаев жауап беретінін айтты. Ал Жарас Сыздықұлы не айтты? Ол әр мектеп құрылысы құнының әртүрлі болуына өздерінің қатысы жоқ екенін, бағаны республикаға ортақ нормативтік базадан алатындарын айтты. Әрине, ортақ база бары рас, бірақ базадағы бағаны кім белгілейді, оны қайдан алады? Бұл сауалымыз жауапсыз қалды. Бәлкім ара қашықтық, яғни құрылыс материалдарын тасымалдау құны әсер еткен болар? Олай болса Шымкенттен шалғайда жатқан Шардарадағы мектептің құны Қазығұрт пен Келеске қарағанда жоғары болуы керек емес пе? Жағдай керісінше, Қазығұрт пен Келестегі құрылыс қымбатқа түскен. Жұмысшылардың жалақысының айтарлықтай арта қоймағанын Ж.Барсабаевтың өзі де мойындап отыр.
Түсінгеніміз, бағадағы бұл айырмашылық жоба жасаушылардың белгілеуіне қатысты секілді. Сонда жасалған жоба мен оған жұмсалатын қаражаттың көлемін ешкім бақыламай ма? Құрылыс жұмыстарына тікелей қатысы бар Құрылыс басқармасы мен бақылаушы құзырлы органдардың назарынан неге тыс қалады? Бұл мәселені облыс басшысының өзі жіті назарға алып, жоғарыға сұрау салуы қажет деп ойлаймыз. Тағы бір айтарымыз, мұндай маңызды сауалға басқарма басшысының орынбасары емес, тізгінді тікелей қолына алған бірінші басшы жауап беруі тиіс. Күдікті ойлардың жетегінде жүрген жұртшылыққа анық-қанығын ашып, түсіндіріп айтқан жөн. Олай болмаған жағдайда мұны жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықтың айқын көрінісі деп ұққан көпшілікті осы ойынан ешкім арылта алмасы анық.
Қалай болғанда да мектеп салу майшелпекке айналмауы тиіс.
Балқы БАЗАР.