Әлеумет

ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫН МЕКТЕПТЕН ҰҒЫНДЫРУ КЕРЕК

Кешегі аптада көпшілік бас қосқан бір жиында болған едік. Өзгенің қиындығын өсектеу тілге жеңіл емес пе, бір кісіден «бауырларының бәрі ажырасқан, өзі сүмірейіп әйелінің айтқанынан шықпай жаны қалып жүр» деп бір құрдасы жайлы айтқан жайсыздау әңгіме естідік. «Бала кезден бірге өстік, білем ғой. Әкелері ішімдікке құмар еді, тойып алып, әйеліне күн бермейтін. Сондай отбасында өскен бала қайбір оңсын, сегіз ұл-қызының бесеуі ажырасқан. Сол немерелеріне де «жұғысты» болып, үшеуі ажырасып кетті. Құрдасымның әйелі шайпау мінезді, батыр, ашуланғанда екі аяғын бір етікке тығады. Бұл да ажырасып кетуден қорқатын шығар, әйтеуір соның дегенінен шықпайды», — деп әңгіме көрігін онан сайын қыздыра түсті…

Әрине, бұл шер тарқатып, өсектейтін жеңіл дүние емес, бұл – қоғам болып алдын алуымыз тиіс қасірет. Әлгі әңгіме ұзаққа созылмағанымен, санамда ауыр ойлар сапырылысып кетті. Өзімді өте жайсыз сезіндім. Қазір қай ортада болмасын ажырасқандар табылады. Санамалай жөнелсеңіз, тіпті, біреу емес, бірнешеу болып шығады. Әрине, ажырасқандар көңіл-күйін сырт көзге сездіргісі келмегенімен, ішкі дүниесі уайымсыз деп айта алмасақ керек. Көңілі қоңылтақсып, өкінетін де шығар. Солардың көбінің ажырасуында анау айтқандай аса бір ауыр себеп те жоқ. Кикілжің, келіспеушілік, кек сақтау, кешіре алмаушылық, соңы – ажырасу. Ал, ажырасу деректерінің көптігіне көңіл үйреніп кетті ме, аса мән бермейтін болдық. Себептерін талқыға салғымыз келмейді, өйткені «өзгенің өміріне араласпайтын» «заманауи» көзқарас қалыптасқан.

Ажырасу неге жиілеп жатыр? Жетіспеушілік, түсініспеушілік, шаршау, жалығу, менсінбеу себеп пе? Еркектер ез боп, әйелдер «дамып» кетті ме? Мүмкін әйелдерге ақыл-кеңес бергіш психолог, коучтердің, әлеуметтік желілерде «өзін сүйе білуді», «өз шекарасын қорғай білуді», «тең құқықтылықты» насихаттайтын, құлағына құятын «білгіштердің» кері-тартпа кеңестерінің әсері тиіп жатқан болар? Олар «отбасы» деген ұғымның киесін неге ойламайды? Балалардың жайын неге уайымдамайды?

Осындай сұрақтар бүгінде көп адамды мазалайтын шығар деп ойлаймын. Сондай ойлы азаматтар тарапынан «ажырасушыларға салық салу керек», «баланы әкеге қалдыру керек», «әйелдерге де алимент төлеткізу керек», «неке келісім-шартын ендіру керек» деген сияқты түрлі ұсыныстар айтылып жүргені де мәлім. Өз басым осыған «мектепте отбасы құндылықтарын ұғындыратын, ерлі-зайыптыларды ажырасудан қорғауға үйрететін арнайы пән енгізу керек» деген ұсыныс қосар едім. Мектепте бұған қатысты жан-жақты зерттеліп-зерделеніп жазылған міндетті оқулық болса, бала оны оқуға мәжбүр, мұғалімдер де қаласын-қаламасын түсіндіретін болады. Ата-анасымен осы тақырып төңірегінде ақыл-кеңес алар еді. Осылай жиі айтыла берсе, отбасы құндылықтарының қадірі баланың, жалпы жұрттың санасына берік сіңер еді деп ойлаймын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *